Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тоқаев: Мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасы мүлде жаңа үлгіге көшуге тиіс

13.09.2023, 8:10 300

HALYQLINE.KZ

«Ақорда» резиденциясында Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесу өткізді.

Президент өз сөзінде Қазақстан халқына Жолдауында елімізді дамытуға арналған тың тәсілдер ұсынғанына назар аударды.

– Біз экономиканың өсімін кемінде 6-7 пайызға жеткізуіміз керек. Ол үшін бизнестің жеке бастамаларына барынша қолдау көрсету қажет. Осы бағытта біраз шаруа атқарылды. Дегенмен кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де болса бәсең, өз әлеуетіне сай емес деуге болады.  Бір сөзбен айтқанда, бізге шын мәнінде сапалы серпіліс қажет. Ең алдымен, мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасы мүлде жаңа үлгіге көшуге тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы мемлекет пен бизнесті жаңа «қоғамдық шарт» жасауға шақырды.

– Бұл шарттың мәнін былай  сипаттауға болады: Мемлекет бизнестің дамуы үшін барынша қолайлы жағдай жасайды және жеке меншіктің толық қорғалуын қамтамасыз етеді. Өз кезегінде кәсіпкерлер өздеріне жүктелген міндетті, атап айтқанда салық төлеу, экономикаға инвестиция құю,  жұмыс орындарын ашу, қызметкерлеріне қолайлы еңбек орта қалыптастыру секілді міндеттерді адал орындайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, мемлекет пен бизнес арасындағы қатынас өзара сенімге негізделуі қажет.

– Мемлекеттік аппарат әрбір бизнесменге заң бұзушы ретінде қарамауы керек. Мұндай ұстаным, түптеп келгенде, басқарудың репрессивті сипатына алып келеді. Мемлекет кәсіпкерлерге көмектесуге міндетті. Мұны ерекше атап өткім келеді: кәсіпкерлерге көмектесу керек. Ал кәсіпкерлер шағымданушы немесе қолдауға мұқтаж рөлінде көрінбей, мемлекеттік аппараттың теңқұқылы серіктесіне айналуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент жуық арада шешуді қажет ететін басым міндеттерге тоқталып, ең алдымен, заң үстемдігін және жеке меншіктің қорғалуын қамтамасыз ету  қажет екенін атап өтті.

– Қылмысқа, оның ішінде экономикалық сипаттағы қылмысқа қарсы күрес тек қана заң аясында  жүргізілуі керек. Мұндай  асырасілтеушілік мемлекеттің мүддесіне ғана қайшы келмейді, сонымен қатар Қазақстанның абырой-беделіне нұқсан келтіріп, менің бастамаларыма халықтың сенімін азайтады. Біз қадағалаудың теңгерімді механизмін  қалыптастыруымыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы заңгерлер және кәсіпкерлер қоғамдастығымен өз алдына бөлек кассациялық инстанция құру мәселесі жөнінде кеңес өткізу қажеттігі пісіп жетілгеніне назар аударды.

– Судьялар корпусы бұл қадам азаматтардың құқықтарын сапалы қорғауға мүмкіндік береді деп санайды. Президент Әкімшілігі аталған мәселені қолға алады. Кассациялық сотты құру жөнінде ортақ пікірге келсек, сот жүйесінің бюджетін арттыруға жол бермейміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, сот шешімдерінің 60 пайыздан астамы азаматтар мен бизнестің пайдасына шешіледі.  Бұған қоса мемлекеттік аппараттың бизнесті сотқа жүгінуге мәжбүр ететін кемшіліктерді түзету жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмейді. Осыған байланысты Үкіметке Жоғарғы Сотпен және Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, мемлекеттік органдар қызметіндегі теріс әрекеттерге мұқият талдау жасап,  оларды жою үшін пәрменді шаралар қабылдауға тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев активтерді қайтару кезінде мемлекет пен бизнестің мүдделері арасындағы теңгерімді сақтауды келесі басымдық ретінде атап өтті.

– Таяуда активтерді қайтару жөнінде заң қабылданды. Бұл заң активтерді қайтару шараларын бір мақсатқа жұмылдыруға бағытталған. Яғни, бұл –  шын мәнінде, қоғамдық келісім актісі. Түптеп келгенде, бұл шара экономикамызды сауықтырып, әлеуметтік жікке бөлінушілік пен адамдар арасындағы алшақтықтың алдын алуға тиіс. Адал  бизнеске, шетелдік және отандық инвесторларға бұдан қауіптенудің еш реті жоқ, – деді Президент.

Мемлекет басшысы еліміздің әлеуетті кәсіпкерлерін металлургия, химия, машина жасау және басқа да салаларда ірі жобаларды жүзеге асыруға атсалысуға шақырды.

– Сіздерде қаржы да, тәжірибе де жеткілікті, әлемдік нарықтарға шығатын байланыстар да  бар. Сондықтан осындай жобаларды жүзеге асыру мәселесін қарастыруға шамаларыңыз жетеді. Елдің дамуына қаржы құюға дайын екендеріңізді көрсетіңіздер. Адал әрі өз еліне пайдамды тигізсем деген ниеттегі бизнес әрдайым құрметке лайық және олар мемлекеттің қорғауында болады. Ашығын айтайын, жоғары да айтылған  өндірістерге инвестиция салу активтердің түп төркінінің заңдылығын дәлелдеуге талпыныс ретінде қарастырылады. Егер сіз ие болған капитал тек меншік иесіне ғана емес, сондай-ақ ұлттық экономиканың игілігіне және Қазақстанның өркендеуіне қызмет етсе, онда бұл – ақшаның қайдан келгені жөніндегі сұрақты күн тәртібінен алып тастауға жақсы себеп. Алайда мұндай мәмілеге келу мүмкіндігі барған сайын азайып келеді.  Оны да түсіну керек, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы ынталандыратын әділ салық саясатын жүргізу қажет екенін тағы бір маңызды міндет ретінде атап өтті.

– Салық органдары кәсіпкерлерді жаппай сотқа тартып жатыр. Атап айтқанда, келісімдерді жарамсыз деп тану жөнінде талап-арыз көп беріледі. Соттардың жүктемесі едәуір артты. Оларға салықтың дұрыс төленуін тексеру міндеті де жүктелді. Бұған жол беруге болмайды. Жағдайды түзеу үшін шаралар қажет. Жалпы, бізде салық қызметі мейлінше тиімді жұмыс істейді. Үкімет жаңа Салық кодексінде салықтан жалтаруға қарсы іс-қимылдың тиімді механизмін қарастыруы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент салық түсімдерінде елеулі сәйкессіздік бар екеніне тоқталып, салық саясатын жетілдіру қажеттігін айтты.

– Еліміздегі салықтың 80 пайызын 260-қа жуық компания төлейді. Бұл теңгерімсіздікті басқа салық төлеушілердің салықтық түсімін арттыру арқылы түзеу керек. Сарапшылардың бағалауына сәйкес елімізде жұмыспен қамтылған жалпы халықтың төрт миллионы табысынан салық төлемейді. Жеңілдетілген салық режимі енгізілгеніне қарамастан, микро және шағын бизнес субъектілері ақша айналымын жасырады және азайтып көрсетеді. Бизнес субъектілерінің 70 пайызға жуығы жеңілдетілген декларацияда бес миллионнан аз табыс көрсетіп, осы режим аясында түсімдердің  6 пайызын  ғана төлейді. Сондықтан салық процедураларын жеңілдетіп, халықпен және бизнеспен тиімді қарым-қатынас жасау арқылы белсенді салық төлеушілерді көбейту жаңа салық саясатының негізгі мақсаттарының бірі болуға тиіс. Салық төлеуден жалтарудан, тексеруші органдармен тіл табысып, тәуекелге барудан гөрі салық төлеу тиімді әрі оңай болуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы нақты индустрияландыруды қамтамасыз етуді келесі маңызды міндет ретінде айқындады.

– Күрделі және орнықты экономикаға өнімді орташа және жоғары деңгейде өңдеу сегменттерін белсенді игеретін өңдеу өнеркәсібі негіз болатыны белгілі. Сонымен қатар бұл бағытта кедергілердің көптігі кәсіпорындар  «ғұмырының» ұзаққа созылмауынан байқалады. Елімізде екі жылдың ішінде ашылған компаниялардың төрттен бірі ғана нарықта қалады. Салыстырар болсақ,  бұл көрсеткіш басқа елдерде 70-80 пайызға тең. Көп жағдайда бұл Қазақстандағы бизнес-ахуалдың  әлі де жетілмегенін көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекеттің пікірінше, мұнай сервисі саласы отандық экономиканы әртараптандырудың және өсімді қамтамасыз етудің негізгі тетігі болуы керек.

– Бүгінде Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарындағы жобаларды жобалаумен басқа мемлекеттер айналысып жатыр.  Бұл Теңіз кен орнын  келешек кеңейту жобасына да қатысты. Жобалық шешімдерде импорттық материалдар мен құрылғылар есепке алынатыны түсінікті. Бұл отандық өндірушілердің мұнай-газ саласындағы жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін шектейді. Ірі жобалардағы (Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ) тауарлардың жергілікті үлесі 5 пайызға да жетпейді. Үкімет жергілікті инженерлер мен компанияларды міндетті түрде тарта отырып, жобалық дизайн-офистерді Қазақстанға көшіруге ықпал етуге тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Орта кәсіпкерліктің дамуын жеделдету – келесі маңызды міндет. Презиенттің айтуынша, Қазақстанда шағын және ірі бизнес үшін өте жақсы жағдай жасалған. Сонымен қатар шағын бизнес кәсіпкерліктің аса маңызды саналатын орта буынына көшу үшін ынталандыру жұмыстары жетіспейді.

– Орта кәсіпкер, біздің бақылауымыз бойынша, әлдеқайда ширақ, мобильді және құбылмалы нарықтық жағдайларға тез бейімделеді. Иә, соңғы 7 жылда ЖІӨ-дегі шағын және орта кәсіпкерлік үлесінің өскені байқалады. Бірақ бұл динамиканың негізгі қозғаушы күші – шағын кәсіпкерлік субъектілері. Олардың саны 46 пайызға көбейді. Осы орайда орта кәсіпкерлік тек 0,5 пайызға өсіп, экономикадағы үлесін 5 пайыздан 6,2 пайызға дейін арттырды. Бұл ретте ЭЫДҰ елдерінде оның үлесі орта есеппен 18 пайызға тең, ал жекелеген мемлекеттерде одан да жоғары, яғни 26 пайызға дейін. Дәл осы орта бизнесті, әсіресе өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпкерлікті қолдау үшін елімізде әлі күнге дейін ешқандай ерекше жағдай жасалмаған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Жолдауда кәсіпкерлік субъектілерін ынталандыруға бағытталған бірқатар тапсырма бергенін еске салды. Атап айтқанда, мемлекеттік қаржылық қолдаудың ерекше шараларын ұсыну, сондай-ақ стандартты салық режимінде жұмыс істейтін бизнес үшін мемлекеттік тендерлерге жеңілдікпен қол жеткізу мәселелерін пысықтау керек.

Бұдан бөлек, Президент Үкіметке  қолдау шараларына қатысты тетіктерді сапалы түрде жаңғыртуды тапсырды.

Мемлекет басшысы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызметіне қатысты мәселелерге арнайы тоқталып, Палата бизнес пен мемлекет арасындағы тиімді диалогтың негізгі өзегі болуға тиіс екенін атап өтті.

– Палатаны одан әрі трансформациялау, оны корпоративтік басқару сапасын айтарлықтай арттыру қажет. Палата кәсіпкерлердің ортақ пікірін толық жеткізіп, әлеуметтік-экономикалық реформаларды ілгерілететін ұйым болуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар жиында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Бас прокурор Берік Асылов, «Атамекен» ҰКП президиумының төрағасы Райымбек Баталов, Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов, «Риддер тау-кен шахта жабдығы зауыты» ЖШС құрылтайшысы Андрей Печенин, «Қайып-Ата» ЖШС бас директоры Сырым Ертаев, «Kazdream» IT холдингінің негізін қалаушы әрі басшысы Дәурен Төлебаев, «Orient Finance Groupe» ЖШС акционері Руслан Шаекин, «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС директоры Фарид Әбітаев, «Конкурент-Б» ЖШС темір жолдарды жобалау және салу жөніндегі компанияның директоры Бақытбек Қадыров, Абай облысының кәсіпкері Елена Асылбекова сөз сөйледі.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: