Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алты айда Қазақстан шекарасында 1200-ге жуық заң бұзу дерегі анықталды

17.08.2023, 9:33 133

 HALYQLINE.KZ

2023 жылдың жарты жылында Қазақстан шекарасында 1200-ге жуық заң бұзу дерегі анықталды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Шекара күзеті департаменті бастығының бірінші орынбасары Серік Ахметқалиев айтты.

– Шекарашылар мемлекеттік шекарада 1 183 құқық бұзу дерегін анықтап, заңсыз іс-қимылдардың жолын кесті. Атап айтқанда, Қылмыстық кодекстің 392-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өткені үшін 68 адам жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 510-бабына сәйкес, шекара режимін және жекелеген жерлерде болу тәртібін бұзған 703 адам жазаланды, – деді С.Ахметқалиев Орталық коммуникациялар қызметінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің биылғы бірінші жартыжылдықтағы қызметінің қорытындысына арналған брифингіде.

Оның айтуынша, Қазақстан Республикасы аумақтық суларының және ішкі суларының режимдерін бұзғаны үшін 68 адам ұсталды. Мұнымен қоса, аталған Кодекстің 514-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара режимін бұзғаны үшін 344 адам жауапкершілікке тартылды.

– Каспий теңізінде балық ресурстарын заңсыз аулауға қарсы іс-қимыл нәтижесінде 240 шақырымнан астам браконьерлік балық аулау құралдары тәркіленді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есе өсті. Осы орайда табиғи мекендеу ортасына 592 бекіре тұқымдас балық және 5 256 ұсақ балық жіберілді. 1,5 млрд теңгеден астам сомаға экономикалық залал келтіруге жол берілмеді, – деді Шекара күзеті департаменті бастығының бірінші орынбасары.

Серік Ахметқалиевтің сөзіне қарағанда, қазір Мемлекеттік шекараны қорғауға 1200-ден астам ерікті жұмылдырылған. Олардың көмегімен жыл басында 60 құқық бұзу әрекеті тоқтатылған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: