Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жанымен суретке берілген Жаңабай

17.08.2023, 9:40 177

Адам өзінің сүйікті ісімен қаржылық қажеттілікке байланысты ғана айналыспайды, оны жүрек қалауымен орындайды. Сол арқылы көңілі тыныштық тауып, жан  рахатына  бөленеді.

Бұл әсіресе, шығармашыл адамдарға тән белгі. Ішкі істер саласында да осындай шығармашылыққа жаны құштар жандар жиі кездеседі. Солардың бірі – Қызылорда облысы Полиция департменті Жедел-криминалистика басқармасының аға криминалисі, полиция майоры Жаңабай Сапарбаев. Оның бала кезден бергі арманы – суретші болу. Осы арман жолымен жүріп, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында бейнелеу өнері және сызу, кейіннен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде сәулетші мамандықтары бойынша жоғары білім алған. Өмірін шығармашылық әлеміне арнаған оны сүйікті ісі осы ішкі істер саласына әкелген.

2010 жылы құқық қорғау қызметіне суретші және фоторобот құрастырушы ретінде жұмысқа орналасқан. Криминалистика саласына жәбірленушілердің айтуы бойынша сурет салатын маман іздеген соң 2012 жылдан бастап осы криминалистика саласында қызмет атқарып келеді. Темірдей тәртіпті талап ететін салаға ауысқанымен, ол сүйікті ісінен бір сәтке де алыстаған емес. Осы салада еңбек етіп жүргесін ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы академиясын құқықтану мамандығы бойынша тамамдаған.

Жаңабай Мырзахметұлы он бір жылдық жұмыс тәжірибесінде түрлі  істермен бетпе-бет келген. Оған көбіне тонау, қарақшылық, педофилдерге қатысты ауыр қылмыстық істерге байланысты күдіктілердің суретін салғызады. Жаңабай салған суреттер бойынша жедел уәкілдер іздеу жүргізіп, жауапты істерді нәтижемен аяқтаған. Кез келген уақытта күдіктіге қатысты суретті айна-қатесіз салып беретін оның таланты жәбірленушілерге талай пайдасын тигізген. Суретші-сақшының айтуынша, жәбірленушілерге қатысты күдіктіні сипаттайтын белгілер көбіне ортақ болады екен. Мәселен, қарақшылық қылмысын жасайтын адамдар көбіне басын күләпарасымен жауып (капюшон), бетперде тағып, қолына қолғап киеді. Сондай-ақ көбіне адамдар қылмыскерлерді сипаттағанда денесіндегі, бетіндегі меңіне, қалына мән береді, ал жалпы түрін түгелдей есінде сақтай алмайды екен. Ал ер адамдарға қатысты сақалы мен мұрты сипатталады. Ер адамдар неше күн бұрын қырынғанын, көбіне дәл тауып айтады. Жаңабай 2012-2014 жылдары қарақшылық жағдайлары жиі кездескенін айтты.

Біздің кейіпкеріміздің негізгі сурет салу бағыты – пейзаж. Суретшілер теңіздерді, толқындарды бейнелейтін, болмаса портрет салатын немесе абстракциялы суреттерді бейнелейтін болып, түрлі бағытты қамтиды. Жаңабай көп нәрсені еске сақтауға шорқақ болса да, өзіне ұнаған табиғат көрінісін дәл сол қалпында салады екен. Оның сурет салуға деген қызығушылығы өзінің туған ауылынан, бала кезінен басталған. Немере ағасы теледидардан көрген актерлардың суретін қабырғаға көмірмен салып, сондай-ақ бүркіттің қалай аңды тырнағына іліп алғанын да суреті арқылы адамның көз алдына әкелетін болған. Ағасының суреттеріне деген қызығушылық оның өнерінің бастау бұлағы болды десек, қателеспейміз. Жаңабай да қолына қағаз бен қарындаш түссе, тек сурет салумен айналысқан. Мектеп кезінде қабырға газеттеріне арналған тақырыпшалар мен суреттерді салып, редколлегия мүшесі ретінде белсенділік танытқан. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң мектепке бейнелеу өнері мен сызу пәндерінен сабақ берген. Алайда оны оқушылар арасында сурет өнеріне деген қызығушылықтың жоқтығы  қынжылтқан. Бір қарындаштың екі жағын ұштап, тегін оқуға түскен. Мектепте оқып жүріп, қарындашты қалай ұштау керектігін, қандай бояу түрлерін қолдануды білмеген соң оқушыларға осындай қарапайым ержелерді үйреткен. Өзі жоғары оқу орнында жүріп, жоғары қабілетіне байланысты барлық мамандыққа қатысты сынақтан босатылған. Тіпті таңдаулы суреттері сатылымға да түскен.

Қызмет барысында түрлі оқиғаларға куә болатын Жаңабай педофилдерге қатысты оқиғалар осыдан он жыл бұрын да өзекті болғанын айтады. Жас қыздарға көпқабатты үйдің жертөлесінде де қол тигізгісі келгендер де болған. Бұл дерек бойынша да күдіктіні іздестіру бағытында түрлі суреттер салған. Алайда Жаңабай Мырзахметұлы осы сәтте жәбірленуші жақындарының бір дүниені ескермейтінін айтады.

– Маған адамның түрін, бет-келбетін сипаттап айтады, мен соған сай 3-4 үлгідегі сурет секілді кеудесіне дейін суретін саламын. Мәселен, жәбірленуші жас қыздар ауыр азапты басынан өткізеді. Ал оны қайта-қайта еске түсіру оның жанына батады. Мысалы, маған күдіктіні сипаттаған кезде оның жанында инспектор, психолог, педагог отырады. Өзі көрген қорлығын ұмыта алмай, қорыққан жасөспірімдерге «айт, айт» деп қыспаққа алып, оны одан әрі үрейге қарай итермелейді. Сол себепті тек күдіктіні сипаттайтын кезде ғана сұрап, қалған уақытта жас қыздардың көп мазасын алмау керек деп санаймын. Не дегенмен, ауыр оқиға оның жанына салмақ салды, – дейді аға криминалист Жаңабай  Сапарбаев.

Жаңабайдың сурет салу қабілеті қызмет барысында да қадағаланып тұрады. Осыдан бір ай бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Найза-антитеррор-2023» жедел-тактикалық оқу-жаттығуын өткізген уақытта ішкі істер органы қызметкерлерінің қарым-қабілеттерін байқаған. Жоспарға сәйкес, белгісіз азамат белгіленген жерге сөмке тастап, соны сақшылар іздестірген. Осы уақытта куәлерді тартып, Жаңабай солардың айтуымен сөмке тастаған күдіктінің суретін салған. Міне, осындай жаттығулар мамандардың күнделікті дағдысын қалыпты ұстауына оң әсерін тигізеді.

Суретші-сақшы Жаңабай отбасылы, бес баласы бар. Екінші қызы дәл өзі сияқты сурет десе ішкен асын жерге қоятын көрінеді. Жаңабайдың сурет салуға деген шексіз махаббаты, оның өмірінің жалғасына да берілгені оның осы өнерге бар жанымен берілгенін айғақтайды.

Гауһарай  АМАНҒАЛИҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: