Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Түрмедегі тіршілік

27.07.2023, 11:00 347

ТҮЗЕУ  МЕКЕМЕСІ  ТҮЗУ  ЖОЛҒА  ТҮСІРЕ  МЕ?

Ел болған соң оның ала-құласы, сан түрлі тағдыр иесі болатыны белгілі. Бұл күндері сондай тауқымет тартқандардың біршамасы түрмелерде жатыр. Өмір ағымы бір адамды абайсызда жаза бастырса, екіншісін саналы түрде әрекетке барғызады. Жазасын өтеушілерді өмірге қайта бейімдеу, отбасымен қауыштыру ісі Ішкі істер министрлігіне қарасты Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің  (ҚАЖ) құзырына берілген.  Осы ретте біз Қызылорда қаласындағы ҚАЖ департаментіне бас сұғып, онда­ғы атқарылып жатқан жұмыс пен жазасын өтеушілердің жай-кү­йін  білуді  жөн  санадық.

Қазіргі уақытта Қызылорда об­лысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №60, №68 және №37 мемлекеттік мекемесінде 1000-ға жуық сотталушы жазасын өтеуде. Олардың 19-ы – жеңіл қылмыспен, 89-ы – орташа ауыр қылмыспен, 403-і – ауыр  қылмыспен, 455-і  аса ауыр қылмыспен айыпталған. Жазасын өтеушілер қылмысының  түріне қарай  жоғарыда аталған  3 мекемеге жіберілген. Олар мемлекет есебінен тегін тамақпен, киім-кешекпен қамтамасыз етіледі. Қажет болған жағдайда ем-дом шаралары жаса­лады.

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД басшысы, әділет полковнигі Шаймерден Есенкелдиевтің басшылық қызметке келгеніне 3 жыл болған. Айтуынша, департаменттің алдына қойған басты міндеті мен  мақсаты – сотталғандарды еңбекпен тәрбиелеп, олардың  түзу жолға түсуі­не  ықпал  ету.

– Департаментте  облыс  бойын­ша 300-ден аса қызметкеріміз бар. Бұл күндері облыстағы түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқандардың 500-ден астамы жұмыспен қамтылған. Мысалы, №60 мекеменің өндірістік аймағында 12 кәсіпкер өз кәсібін ашып, сотталғандарды жұмыспен қамтыса, қауіпсіздігі барынша төмен №37 мекемесіндегі жазасын өтеуші­лер қала аумағындағы  30 кәсіпкердің қарамағында  жұмыс істейді. Олар  әк өндіру, газоблок, құм блоктарын өндіру, колөнер, кірпіш өндірісі, пластикалық терезе шығару, жалюзи дайындау, автокөліктерді жөндеу, жұмсақ жиһаз даярлаумен айналысады. Сонымен қатар сотталғандар №60 мекеменің өндірістік аймағындағы тігін цехында, нан цехында, жылыжайда жұмыс істейді. Жазасын өтеушілерді еңбек арқылы тәрбиелеу олардың қоғамға деген көзқарасын өзгертіп, болашақ­қа үмітпен қарауына жетелейді, – дейді  Шаймерден  Тәжіқұлұлы.

Қала аумағындағы жеке кәсіпкерлердің  қарамағында жұмыс іс­тейтін сотталғандарға мекеме  қыз­меткерлері  тексеру  жүргізіп  отырады. Оларға жұмыс орнын өз бетінше тастап кетуге, тыйым салынған заттарды қолдануға болмайтыны және мекемеге кешікпей уақытында келуі туралы түсіндірме жүргізіледі. Еңбек­пен қамтылғандардың кейбірі жұмыс істеу арқылы еңбекақысынан мемлекет пен жеке тұлға алдындағы берешегін өтесе, енді  бірі  жалақысын  отбасына  жіберіп отырады. Түзеу  мекемеле­рінің қызметтік үй-жайлары бейнебақылау камераларымен толықтай қамтылған. Ондағы әрбір қызметкер бейнетіркегішпен қамтамасыз етілген. Сол себепті қазір қызметкерлер мен жазасын өтеушілерге  заң бұзу әрекетін жасауға еш мүмкіндік жоқ. Оның үстіне әр мекемеде сотталушының саусақ таңбасын қою арқылы арыз-шағым жолдайтын құрылғы  орнатылған.  Оның  жазуын өзінен  басқа  ешкім  көре  алмайды.

СӘЛЕМ-САУҚАТ  АЙЛАСЫ

Сотталушыларға мүмкіндігінше жағдай жасалғанына қарамастан, кейде жазасын өтеушілерге әкелген сәлем-сауқаттың ішінен рұқсат етілмеген заттар келеді екен. Тергеу изоля­торы (№68 мемлекеттік мекемесі) бақылаушылары тыйым салынған заттың ішкі аймаққа өтіп кетпеуінің алдын алады. Айталық, сәлем-сауқатты қабылдау бөлмесінің қызметкерлері күйеуі (262-266-бап) Б.-ға келген азаматша К.-ның азық-түлік тапсыруын тексеру барысында айран құтысының ішінен 1 дана теле­фон және 2 дана SIM-карта тәркілеген. Анықталған факт бойынша бөлім  қызметкерлері  дер  кезінде ҚР ӘҚБ-481-бабының 1-бөлігі бо­йынша  хаттама  толтырып, істі  сотқа жолдаған. 05.01.2023 жылы жергілікті уақытпен сағат 18:50 шамасында осы мекемеге сәлем-сауқат әкелген Ә. есімді азамат досына ыстық тағамның  ішіне  фольгаға  оралған   1  дана  флешканы  өткізбек  болған.

Ал 11 мамыр күні  ҚАЖ департаменті №68 мекемесінің №1 бақылау өткізу бөлімінде рентген аппараты арқылы сырттан келген азаматшаның сөмкесін тексеру барысында, кір сабын арасынан 1 дана «Nokia mini» маркалы телефоны мен 3 дана SIM-картасы табылған. Заңға қарсы іс-әрекетке бармақ болған азаматша 2004   жылы  туған. Ол ҚР ҚК-нің  99-бабы 2-бөлігімен айыпталып, мекеме  қамауында отырған, 2002 жылы туған Д. есімді азаматтың қарындасы болып шыққан. Анықталған факт бойынша ҚР ӘҚБ 481-бабының 1-бөлігімен  хаттама толтырылып, ісі сотқа  жолданған.

ТҮРМЕ  –  ТҮЗЕУШІ  МЕКЕМЕ

№37 мекемесіндегі сотталған адамдарды әлеуметтік-психология­лық жүргізу ұйымының басшысы, әділет мойоры Абдулла Уәй­дайев осындағы сотталушылардың 95 па­йы­зы  жұмыспен  қамтылып, қолы­нан келгенше І, ІІ, ІІІ топ мүге­дектерінің де жеңіл жұмыстарға тартылатынын  жеткізді.

– Қауіпсіздігі бойынша төмен мекеме болып саналғаннан кейін, мұнда бірінші рет сотталғандар және абайсызда қылмыс жасаған азаматтар мен азаматшалар орналасқан. Яғни, 5 жылға дейінгі сотты болған азаматтар осында жазасын өтейді. Мақсатымыз – сотты болғандарды барынша азаматтық қоғамға бейімдеу. Осы тұрғыда мекеме үкіметтік емес ұйымдармен, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп тәр­биелік іс-шаралар мен спорттық сайыс­тар  өткізіп  тұрады, – дейді Абдул­ла  Нағашыбекұлы.

Мұнда өз ісіне өкініп, түзелуге бет бұрған азаматтар көп. Олар мекеме ұйымдастырған түрлі іс-шараларға қатысып, өзін жақсы жағынан көрсетеді. Сондай азаматтардың кей жағдайда жазасын мерзімінен бұрын өтеп шығуына мүмкіндігі бар. Керісінше, жеңіл жазасын ауырлатып алатындар да кездеседі. Әділет майоры Ә.Рахмановтың айтуынша, жыл басынан бері 3 сотталған азамат мекеменің ішкі тәртібіне бағынбаған. Қала ішінде жұмыс істеп жүрген 3 сотталушы тексеру жұмысы кезінде  2 рет сотталған азаматтардың пайдалануы мен сақтауына тыйым салған заттарды өзімен бірге алып кірмекші болған. 3 сотталушының тәртіптік іс-құжаттары жинақталып, Қызылорда қалалық сотына ұсынылған. Нәтижесінде, 3 сотталушы азамат  сот қаулысымен қауіпсіздігі төмен мекемесінен  қауіпсіздігі  орташа мекемесіне жазасын одан әрі өтеу үшін  ауыстырылған.

№60 мекеме медбикесі Эльмира Рахметуллақызы осы салада 20 жыл бойы қызмет етіп келеді екен. Ол осы уақыт аралығында  түрлі  жағдайды бастан  өткерген.

– Сотталған адамның денсаулығы сыр бергенде агрессия  көрсетуі мүмкін. Мұндай жағдайда медбике өзін қорғап тұрып, пациентке қалай көмек көрсету керек екенін білу керек.  Нұсқаулық бойынша дәрі-дәрмек алатын сотталғандардың дәрісін уақытылы ішуін қадағалаймыз, – дейді  ол.

ҚАЖ департаментіне қарасты мекемеде орта немесе арнаулы білім алмаған сотталушылардың білім алуына мүмкіндік беретін колледж филиалдары бар. Мысалы, жуырда ғана №60 мекемесінің 140-тан астам жазасын өтеушісі арнаулы білімін дәлелдейтін құжат алды. Олар М.Сала­матов атындағы Қызыл­орда қыз­мет көрсету және сервис колледжі мен С.Ысқақов атындағы Құрылыс және бизнес колледжінің дипломын  алды.

– Мамандығы бойынша дип­лом алған азаматтар жаза мерзімі аяқталғанша осы мекемеде ақылы жұмысқа орналасып, жалақы алып, қылмыспен келтірген шығындарды өтеуге мүмкіндіктері бар. Бұл азаматтар жақсы оқығаны үшін ай сайын 28 мың теңге көлемінде шәкіртақы алып тұрды. Сотталғандардың жеке істері бойынша атқару парақтары болса, шәкіртақысынан белгіленген сома ұсталып отырды. Сотталғандардың туыстарына материалдық қолдау көрсетуге, жеке басына қатысты қажетті заттарды сатып алуға, шәкіртақысын пайдалануға мүмкіндік берілді, – деді сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімшесінің бастығы  Бағлан  Қалиев.

«Техник-механик» мамандығы бойынша  диплом алған жазасын өтеуші  А.  ай  сайын шәкіртақы  алып тұрғанын  растады.

– Бізді қоғамнан сотталған деп бөлмей, жеке тұлға ретінде қалып­тасуымызға жағдай жасап, білім алуымызға, мамандық иесі атануымызға мүмкіндік жасап отырған меке­ме әкімшілігіне алғысымды білдіремін. Осы мамандықты игердім, ай сайын шәкіртақы алып тұрдым. Бостандыққа шыққан соң да осы мамандығым бойынша кәсіп ашып, өзімді одан әрі дамытамын, – деді жазасын  өтеуші.

ТҮРМЕДЕ  ТАЛАЙ  ТАҒДЫР  БАР

Сотталушы Т. – №37 мекемеде бірінші  рет жазасын өтеп жатқан­дардың  бірі. 3 баласы, немересі бар 62 жастағы кісі сенімхаты болмағанына қарамастан, ұлының көлігін ішімдік ішіп айдаған. Оның үстіне ЖПП (жол патрульдік полициясы) өкілінен қашпақ болған. Осылай­ша ол Қылмыстық кодекстің 346-бабы­мен  өмір бойы көлік жүргізу құқы­ғынан айырылып, өзі 6 айға түрме жаза­сын  өтеуде.

– 30 жыл көлік айдаған тәжірибелі жүргізуші едім, 2 адамның өмірден өтуіне  себепші  болдым – деп күрсінді келесі  жазасын  өтеуші.

Көлік апатына ұшыраған С. балдақпен жүреді екен. Жүзінен шын өкініштің табы байқалады. Жазасын өтеуші 2022 жылы 8 мамырда 11 жыл бірге оқыған досының өтінішімен көлге балыққа барып келе жатады. Алдынан шыққан жол қиылысынан басты жолға қарай бұрылмақ болғанда қарсы беттен өзіне шамамен 200 метр қашықтықта «Toyota» көлігі келе жатыр екен. Астындағы «Mazda» көлігінің жай-күйіне сенген С. «Toyota» жетем дегенше бұрылып үлгерем деп ойлап, ойын іске асырып жатқанда әлгі «Toyota» сол жақ фарының тұсына соғады. Оқиға орнын­да досы мен соққан көліктен бір адам қайтыс болып, өзінің аяғы бірнеше  жерден  сынады.

– Абыройсыздық аяқ астынан екен. Досымның жары мен 4 баласы аңырап қалды. Сонда да кешірім бер­ді. Қылмыстық кодекстің 345-бабы, 1-бөлігі, 4-тармағымен 5 жылға сотталдым. Өмір бойы көлік жүргізу құқығымнан айрылдым. Әйеліммен қысқа мерзімді кездесуге шығаруға рұқсат береді, – дейді жазасын өтеу­ші.

№60 мекемесінің жазасын өтеу­шісі Т. аталған мекеменің кірпішін өз қолымен қалаған екен. Үш ұлынан кейін өмірге келген  қызының денсаулығы дұрыс болмай (туабітті сал ауруы – авт.), оны емдету үшін өте көп қаражат керек болған соң  қарасора гүлін сатпақшы боп, Алматыға апарған жерінен ұсталып қалған. Қазір үкім еткен бес жарым жылының  жартысынан  астамын  өтеген.

– Түрмеге жетіскен адам отыра ма? Пендешілікке салынып, осындай қадамға бардым. Мұнда есі бар адам түзеледі. Ессіз адамға бостандықта да, түрмеде де дауа жоқ. Менің бұл қапастағы досым да, сырласым да – Абай. Абайдың өлеңдері мен «Қара сөздерін» жата-жастанып оқимын. «Абай жолын» бірнеше рет қайталап оқып шықтым. Данышпан ақын кісіліктің көрсеткішін, адам болып өмір сүрудің қағидасын жазып-сызып беріп кетіпті ғой. Мендей жаза басқан жанға «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» деген Абай сөзінен артық ұғым бар ма?! – дейді сотталушы.

№60 мекемедегі жазасын өтеуші К. 1 ай бұрын осы мекемеде үйленіп, заңды куәлігі табысталған. «Жарымды бостандықтан бері танимын. Сөйлесіп, осында некемізді қидық»  дейді  жазасын  өтеуші  азамат.

Былтырғы жылы 31 жазасын өтеу­шінің некесі қиылған. Мұндай бастама сотталушыларға оң әсерін тигізеді  екен.

– Сотталған азаматтарымыз отбасы­лы болғаннан кейін, өмірге бала келген соң  көзқарасы өзгереді. Әрі қарай бостандыққа ертерек шықсам, осы жерде тәртіп бұзбай, бостандыққа мезгілінен шартты түрде шығу сияқты әрекеттерге барады, – дейді мекеме бастығы Мақсұт Өтетілеуов.

Жалпы, әр саланың өзіндік  қиындығы бар десек, сотталушылармен күнделікті бірге жұмыс атқару оңай шаруа емес екен. Қызылорда қаласындағы ҚАЖ департаментінен көріп-білген ақпарымыз осындай  ойға  жетеледі.

Жасұлан  НАУРЫЗӘЛІ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: