Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Зобалаңды жанымен сезінген жазушы

21.06.2023, 14:43 265

Өткенді еске түсіріп, болашаққа қадам жасайтынымыз бар. Әсіресе ата-бабамыздың елге сіңген еңбегін айтып, ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыруды жөн санаймыз. Алаштың ардақты азаматы Ахмет Байтұрсынұлы «Сөздің ең ұлысы – тарих» деп айтқаны бекерден-бекер емес. Жалпы, белгілі бір дәуірдің кезеңін айтқанда өткенді ақтарып, көз жүгіртетініміз рас. Оның себебі, өткен күн – бүгінгінің бастауы һәм негізі. Міне, осы мақсатта журналистика саласында еңбегі ұшан-теңіз қазақтың көрнекті жазушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері Рахметолла Райымқұлов туралы тереңірек тоқталып өтейік.

Ол өмірдің өкініші мен шүкіршілігі турасында көп толғанған үлкен философиялық өренің, белгілі бір пікірді тұжырымдап айтар, жаратылысына жалтақтық пен жасқаншақтық жат өр мінезді, өжет ойдың иесі. Бұлай теңеуімнің өзіндік бір себебі бар. Мәселен, оның «Оқ түскен билет» атты әңгімесінде сол заманның дүрлігіс пен дүрбеленің сипаттауына қарап, сондай-ақ зобалаңды жанымен сезінген жазушы ретінде білемін.

Еңбек жолын ұстаздықтан бастаған тұлға. Одан кейін аупарткомның ұйғаруымен аудандық «Алға» атты газеттің редакторы болып тағайындалады. Осы қызметте жүріп, білімін де жетілдіреді. Айтпақшы, Рахметолла Райымқұлов жайында көбі 1913 жылы, мамырдың 11 күні, қазіргі Өзбекстанға қарасты Ташкент облысы, Бостандық ауданы, Қараманас ауылында дүниеге келгенін біледі. Бұған қоса, 1929 жылы Ташкент қаласындағы Қазақтың педагогикалық техникумына түскенін де білетіндер аз емес деп ойлаймын. Сондықтан сөзімнің әлқиссасын жазушының шығармашылығынан бастағанда дұрыс санадым. Әрі қарай да сөзімді осы жолда сабақтайын.

Жазушы мамандығына жүрдім-бардым қарамаған. Екінші дүниежүзілік соғыс басталған кезеңде яғни 1939 жылы «Сталин жолы» журналына жауапты хатшы болады. 1941 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне қызметке ауысады. Осы екі қызметте де абыройлы еңбек етеді. Сол жылы (1941 жылы) майданға кетіп, 1946 жылдың қаңтарына дейін әскер қатарында болды. Міне, осы ісі арқылы оның Отанға деген құрметін аңғаруға болады. Ел басына түскен қиын кезеңде халықпен бірге болды. Соғыстан кейін де халықтың көзі, құлағы һәм тілі болып, газетте еңбек етті. Мамандыққа деген адалдықтың көрінісі осы. Ал, майданға барып, елдің қақпасын берік қылуға барғаны бүгінгі ұрпаққа үлгі болуы қажет-ақ. Қазір әскерден жалтаратындар көбейгені өкінішті.

Рахметолла Райымқұлов қатарластары мен інілеріне, тіпті аға буын өкілдеріне де үлгі боларлық жан болды. Бұлай деуіміздің себебі, оның шығармалары қолдан-қолға ауысып, жұқа кітаптарының тоз-тозы шыққанша оқылды. Мәселен, жазушының «Түйелі адам» деген повесі қоғамда әсіресе студенттер арасында танымалдылыққа ие болды. Жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков те осы повесть бойынша «Мақшардағы махаббат» пьесасын жазған. Ол бұны жазуының себебін жүректі тебірентіп, былай түсіндірді.

«Талдықорған театрының ұсынысы болды. Рахаңның шығармасы жайлы пьеса жазып әкеліпті. Қарап тұрсам, драматургияның иісі де жоқ. Бәрін айта берген. Рахаңның бірнеше шығармасын қосып жіберген. Кәмпескеден бастап, колхоздастыру, коммунистік партиясының рөлі, «Ленин партиясы қазақ халқын құтқарады» деген сөз де жүр ішінде. Комсомол жүр, соғыс басталған, кейіпкердің үстінен іс қозғалды ма, быт-шыт. Бәрін айта берген. Бәрін айтқан соң, компазицияның сәні, мазмұнның мәні кетеді. Содан кейін отырып, он жеті пунктен қалай жазу керегін жасап бергенмін. «Бәрін айтпаңдар, біреуін ғана алыңдар. «Түйелі адам» деген повесі бар. Содан сахналық шығарма шығаруға болады» дедім. Содан кейін олар жата кеп жабысты. «Сізден басқа ешкім жаза алмайды. Өзіңіз жазып беріңіз» деді. Рахаң үшін жазып берейін деп ойладым» деген екен бір сұхбатында. Міне, Рахметолла Райымқұловқа деген құрметтің бір көрінісі. Бірақ қазіргі буын осындай тұлғаларын біле ме? Тең жартысы білсе шүкіршілік ететін халге жеттік. Оның «Уәде» әңгімесі, «Жасыл белес» пен «Балдақты адам» атты повестері де мораль бар туындылар. Яғни қай дәуір болса да, өшпейтін мән-мағынаға ие. Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді деген рас екен. Рахметолла Райымқұловтың мына жалғаннан кеткеніне биыл 45 жыл толады. Десе де, оның шығармаларын қажет еткен адамзаттың жадында мәңгі сақталып келе жатқаны ақиқат.

Қазақ прозасына елеулі үлес қосқан жазушының жеке өміріне қатысты бірер ақпаратпен бөлісейін. Әрбір ер азамат үшін әке деген сөзді есту бақыт. Жазушының да арманының бірі – әке атану болды. Ол осы арманына 55 жасында қол жеткізді. Тағдырдың берген сынағына шыдап, елу бес жасында қолына перзентін ұстады. Жазушының сол сәттегі сезімін ешбір сөзбен жеткізе алмаспын. Оның құрдастары: «Осынша жасқа келіп… Сондағың қыз ба?» деп қалжыңдаған көрінеді. Сол кезде Рахметолла Райымқұлов бүй депті. «Ойбай-ау, өзімнің әлі күнге дейін балам болмаса, ол ұл боп туса, тіл тиіп өліп қалады ғой! Маған өлмейтін қыз керек», депті. Жазушы қара шаңыраққа ие болып қалар, ұлды күтпеді деп айту қиын. Қайткенменде, «ұрпағым қалса екен» деп ойлаған шығар. Хош. Суға кеткен тал қармайды дегендей, көзінің қарашығы да, қолына ілінер талшығы да қыз болғанына шүкірлік етті. Ал, ол қыздың есімі қойылуының өзі бір әңгіме. Азан шақырып, ат қоярда жазушы, драматург Зейін Шашкин: «Сәбидің аты Айжан болсын» деген екен. Сол кезде Рахметолла Райымқұлов кешірім сұрап: «Менің кітабымда бір тамаша кейіпкер бар еді. Шіркін, тым болмаса осындай ғана қызым болса деп армандаушы ем. Оның аты – Ақтоты еді», депті. Міне, жазушының әу бастан ойлағанына ешкімде қарсы келгісі келмеген. Солай қанша жыл күткен қызына Ақтоты есімі беріліпті. Бүгінде ол қызы әке жолын жалғап, елге адал қызмет етуде. 2019-2022 жылдары ҚР спорт және мәдениет министрі қызметінде болды. Жазушының «өлмейтін қыз керек» дегені елге дәм-тұзы таусылғанша қызмет ететін ұрпағым керек дегені болса керек…

Нұрилаәсем ТҰРМАХАНОВА

Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: