Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кемі 7 бала босанып, оны тәрбиелеген аналардың жәрдемақысы 25 530 теңгеге көбейеді

01.06.2023, 18:16 297

HALYQLINE.KZ

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрлері Ербол Оспанов пен Назгүл Сағындықова ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау шаралары туралы айтты.

1 қаңтардан бастап Отбасының цифрлық картасы (ОЦК) немесе барлық отбасылардың дербес деректер қоры іске қосылған. Smart Data Ukimet талдау жүйесі отбасының әл-ауқатын 5 санат бойынша анықтайды. Бағалаудың негізгі критерийлері – жиынтық табыс, әлеуметтік өмір сүру жағдайлары, денсаулық, жұмыспен қамту, білім беру мен әлеуметтік көмекке қажеттілік. Аталған талдау жүйесі бойынша қазір елімізде 20 мыңнан астам азаматқа мемлекеттік қолдау шаралары тағайындалған.

Биыл еліміз бойынша 3,5 млн отбасына 1,8 трлн теңге төлем төлеу қарастырылған.

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бала туғанда төленетін біржолғы жәрдемақы мөлшері үш балаға дейін 131 мың болса, төртінші баладан әрі қарай 217 мың теңге төленеді.

Жұмыс істемейтін ата-аналар бір жарым жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша бюджеттен ай сайынғы жәрдемақы бірінші, екінші, үшінші және одан кейінгі балаларға – 19 872 теңгеден 30 705 теңгеге дейін мөлшерінің ұлғаюымен баланың туу кезегіне байланысты төленеді.

Бюджеттен 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған  немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар көпбалалы отбасыларға жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері балалар саны бойынша сараланған, яғни 4 баласы бар отбасына 55 304 теңге, ал 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға әр балаға 13 800 теңгеге артып отырады. Биыл  осындай жәрдемақы 544 мың отбасына төленуде.

«Күміс алқа», «Алтын алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға табысына қарамастан өмір бойы төленетін мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады. Бүгінде бұл жәрдемақыны 232 мың ана алады, оны республикалық бюджетте төлеуге биыл 61 млрд теңге қарастырылған.

Әлеуметтік кодексте «наградатталған аналар» деген жаңа ұғым енгізіліп, жәрдемақы мөлшерін саралау көзделген. Бүгінде 6, 7 және одан да көп баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеген аналар бірдей мөлшерде жәрдемақы алады. Осы жылдың 1 шілдесінен бастап 7 және одан да көп баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеген аналарға арналған жәрдемақы мөлшері 7,4 АЕК-ке дейін (25 530 – ред.) ұлғайтылады», – деді Ербол Оспанов.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: