Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Елдегі орташа жалақы 340 636 теңге – Стратегиялық жоспарлау агенттігі

17.05.2023, 18:16 345

HALYQLINE.KZ Кәсіпорындардың 2023 жылғы 1 тоқсандағы есептерінің қорытындысы бойынша, елдегі орташа айлық жалақы 340 636 теңгені құрады. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиевтің түсіндіруінше, орташа айлық жалақы туралы ақпарат кәсіпорындар мен ұйымдардың тоқсандық және жылдық есебінің негізінде есептеледі.

Агенттік төрағасының айтуынша, Қазақстанда ең жоғары жалақы Атырау облысында. Онда 2023 жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша қызметкерлер 618 420 теңге жалақы алған. Бұл елдегі орташа көрсеткіштен 81,5 пайызға артық. Одан кейінгі орында маңғыстаулықтар тұр. Олардың орташа жалақысы республикалық деңгейден 1,5 есе жоғары. Яғни, 509 818 теңге.

«Бұл осы салалардағы қызметкерлердің жалақысы көбіне жоғары жалақы төленетін сала балып табылатын кен өндіру өнеркәсібі есебінен қалыптастырылатынына байланысты. 2023 жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша тау-кен өнеркәсібі қызметкерлерінің еңбекақысы орташа 766 555 теңгені құрады, бұл республикалық деңгейден 2,2 есе артық», – деп жазылған хатта.

Сонымен қатар, орташа айлық жалақы республикалық деңгейден әлдеқайда төмен өңірлер бар. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында 2023 жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша жалақы орташа республикалық деңгейден 29,2 пайызға, Жетісу облысында 27,7 пайызға төмен болды.

Еске салайық, мәжіліс депутаты  Елнұр Бейсембаев стратегиялық жоспралау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиевке сауал жолдап, елдегі орташа жалақы статистикасын сынға алған.

– Ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстандағы орташа жалақы 339 мың теңгені құраса, халықтың жан басына шаққандағы табысы – 166 мың теңгені құрап отыр. Шынын айту керек, бұл цифрларға қарапайым халық сенбейді. Ең төменгі жалақы 70 мың теңгені құрайтын қоғамда, орта жалақы одан 5 есеге көп болуы мүмкін емес.

– Ұлттық статистика бюросы 10 жұмыртқа – 490 теңге, айранның литрі – 390 теңге, пияз – 182 теңге, ал қияр мен қызанақ бағасын 1000 теңгенің көлемінде дейді. Бірақ, кеше бүкіл аймақ бойынша «AMANAT» партиясының мониторингтік топтары азық-түлік бағаларын қадағалады. Нәтижесінде, пияздың бағасы 350 теңге, қияр мен қызанақ – 1600 теңге, ал жұмыртқаның бағасы 600 теңге. Яғни 1,5-2 есеге дейін, 70-100 процентке бағаның шарықтағаны байқалады. Рас, қазір дүкенге баруға қорқасың, баға күн санап өсуде. Мысалы, үш адамнан тұратын отбасы бір апталық тамағына ең кемі 40-50 мың теңгенің арасында ақша жұмсайды – деген еді Елнұр Бейсембаев.

informburo.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: