Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қиырда қалған қыран қазақ

09.05.2023, 10:00 492

HALYQLINE.KZ

«Қазақстанға келер болсақ, әскери мекемелердің ресми мәліметтеріне сәйкес, елімізде соғыс жылдарында 12 атқыштар, 4 кавалериялық дивизия, 7 атқыштар бригадасы және 50-ге тарта полк пен батальон жасақталған. Ал майданға 1 млн 400 мың адамға дейін аттанған. 600 мыңға жуық отандасымыз соғыстан оралмады (олардың 125 мыңнан астамы – хабар-ошарсыз кеткендер).

Ресейдің әскери деректеріне көз жүгіртсек, Ұлы Отан соғысында 126 мыңға жауық қазақ жауынгері қаза тапқан. Бұл Қызыл армияның жалпы әскери шығынының 2 пайызын құрайды екен» (inform.kz сайтынан).

Көпшілікке есімі жақсы таныс бір інімнен естіген оқиға көңілімді селт еткізді. Көз алдыма сонау Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жан алысып, жан беріскен сұрапыл шайқас, алаулап жанған танкі өзге де әскери техникалар, қанға боялған адам денелері елестеп, гүрс-гүрс жарылған снаряд, үздіксіз атылған оқ дауысы құлағыма келгендей болды. Тебірене толқыдым. Сәл уақыт өте жоғарыда айтылған ініміз маған қосымша құжаттарды берді. Міне, қолымда «Almaty aqshamy» газеті мен Қазалы ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің анықтамасы тұр. Аталмыш газеттің 2019 жылы 9 мамырдағы №58 (5721) санында жарияланған мақалада Қазалы ауданының тумасы Шайзада Әйтенұлының Ұлы Отан соғыс жылдарында ерлік көрсетіп, Украина жерінде қаза тапқаны жазылыпты.

Сондай-ақ, Қазалы ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімі берген 05.28.19 жылғы №91 анықтамасында: «Әйтенов Шайзада – қызыләскер, Жаңақазалы станциясында 1922 жылы туған, білімі ортадан төмен, жұмысшы, Қазалы АӘК арқылы 1942 жылы майданға аттанып, 96 АД, 234 Арт П құрамында зеңбірек оқтаушысы ретінде соғысқа қатысқан, 1944 жылғы 25 наурызда қаза тауып, Николаев облысы, Октябрь ауданы, Пересадовка селосында жерленген. (Николаев облысы, Жовтнев АӘК-тің №1112 қатынасы, Қазалы АӘК-тің мәліметі, ІҚАІЖБҒЗИ 39-21).

Негіз: Алматы қаласы 1997 жылғы

«Боздақтар» кітабы 41-бет,

Алфавиттік кітабы №1» – делінген.

Мұрты жаңа тебіндеген Шайзада көптеген өзге де құрдастарындай майдан даласына өз еркімен аттанады. Соңында көзінің қарашығындай перзентін қимай еңіре жылаған анасы, бауыры Мырзағұл, апасы Шаштықара қол бұлғап қала берді. Шайзада мен қаруластары нағыз қанды-қасаптың ортасына түседі. Бойында бабаларынан жеткен өршіл рухы, арына кір шалдырмайтын дегдарлық қасиеті бар жас солдат өмір мен өлім белдескен сәтте намысына дақ түсірмеді. Арасында Шайзада да бар Кеңес әскерлерінің бекінген жері өте маңызды нысан есептелетін. Сол маңдағы Ингул өзенінен жау әскерін өткізбеу басты мақсат болатын. «Almaty aqshamy» газетіндегі мақалада көрсетілгендей, «Ингул өзені арқылы өтетін қару-жарақ, азық әкелетін теміржол азат етілді» деген сөздер әр шайқастың қаншалықты қымбатқа түскенін аңғартады. Осындай сұрапыл соғыстың бірінде 96 АД, 234 Арт П құрамындағы зеңбірек оқтаушысы Шайзада Әйтенұлы ерлікпен қаза тапты.

Тағы да басылым бетіне көз жүгіртсек. «1974 жылы 9 мамыр күні осы Пересадовка ауылының қызыл ізкесушілері Шайзада Әйтенұлының анасы Иіске сонау Украинадан арнайы хат жібертеді. Бұл кездері ол кісі өмірде болмағандықтан, сол хатты алған күйі Шайзаданың бауыры Мырзағұл Әйтенұлы мен апасы Шаштықара көрсетілген мекенжайға, бауырының бейітінің басына барып, құран бағыштайды».

Арада қаншама жылдар өтсе де соғыс салған жүректегі жаралар әлі толық жазылған жоқ. Сәуірдің жылы желі маған қиырда қалған қыран қазақ Шайзада Әйтенұлының еліне, туған жеріне деген сағыныш сәлемін жеткізгендей әсерге бөлендім.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: