«Самұрық-Қазына» ұлттық әуқат қоры АҚ жыл сайын «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына таза табысының кемінде 7%-ін аударып отыратын болады. Қаражатты бөлу тәртібін реттейтін ережелер үкіметтің қаулысымен бекітілді.
Қаулыға сәйкес «Қазақстан халқына» қоры аударылған қаражатты белгіленген мақсатқа бағыттауға тиіс. Бұл күндері қор алты бағыт бойынша 25-тен астам қайырымдылық бағдарламасын жүзеге асырады.
Алғашқысы – денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт салаларында қайырымдылық көмек көрсету;
Азаматтардың рухани, танымдық және өзге де гуманистік қажеттіліктерін қалыптастыру және қанағаттандыру үшін қоғамдық денсаулық, білім, ғылым, мәдениет, өнер, ағарту салаларындағы қайырымдылық жобаларын іске асыру;
Республикада қайырымдылық мәдениетін дамыту, қоғамның, бизнестің және мемлекеттің қайырымдылыққа сенімін нығайту, қайырымдылықтың барлық субъектілерінің ымырасы;
Төтенше жағдайлар кезінде және төтенше жағдай режимін енгізу кезінде Қазақстан Республикасының зардап шеккен халқына көмек көрсету;
Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігін қорғау кезінде құқық қорғау органдары, арнаулы органдар қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің, ауыр жараланғандардың және қаза тапқан деп танылғандардың отбасыларын қолдау;
Қордың басқару органдарының шешімдеріне сәйкес өзге де қайырымдылық көмек.
Еске сала кетейік, жыл сайын «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ таза табысының кем дегенде 7%-ін «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына аудару туралы бастаманы Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауында айтқан болатын.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!