Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тыйым мен түйін

22.01.2020, 12:06 615

Қоғамдық көлікте алдына 5-6 жастағы кішкене қызын өңгеріп алған бір келіншек отырды. Қыз тынышсызданып, қарама-қарсы отырған әйелдің аяғынан итеріп, аяқкиімінің батпағымен киімін былғап тастады. Әрі-беріден соң шыдамай кеткен әлгі әйел:

– Кешіріңіз, қызыңыздың аяғын тартып отырасыз ба, менің киімімді бүлдіріп отыр,- дегені сол еді. Қызының алдын орап, келіншек шатынап шыға келді:

– Не болды сонша? Ол деген әлі бала емес пе? Мен балама тыйым салмаймын және салған емеспін!- деп жекіре жауап берді.

Оқиғаны сыртынан бақылаған көпшілік ләм-мим деген жоқ. Қоғамдық көлік ішіндегі бір жігіт ағасы аялдамадан түсіп бара жатып, шайнап отырған сағызын әлгіндегі жан-жағына запыранын шашып отырған әйелдің иығына жабыстырып түсіп бара жатты.  Онсыз да кімге тиісерін білмей отырған долы келіншек:

– Оу, мұның не? Сенікі жай ма?- деп еді. Жігіт:

– Маған да бала күнімде ешкім тыйым салмаған!- деді де аялдамадан түскен күйі қала берді.

«Баланы – жастан» деген. Бүгін үлкенді сыйлауды үйретпеген бала ертең кісі бетінен алып, айналасына абыройсыз адам болып шыға келеді. Қарапайым мысалда қаншама мағына жатыр. Алдына түсіп, айтқанын істей берсең, бала да қылықтарының барлығын дұрыс екен деп түйіндейді. Болашақта да дұрыс жолдың торабына түстім деген сенім пайда болады. Сондықтан ұлдың да, қыздың да тәрбиесіне келгенде ағаттыққа жол бермеу маңызды. Еркелетеміз деп есіртіп алып, жылдар өткен соң жүгенсіз кетуіне өзіміз жол ашып беретін боламыз. Тәрбиеде тыйым да қажет екендігін ескерген жөн.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: