Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Спорттық тәрбиені насихаттайтын ғалым

01.12.2022, 12:15 514

 HALYQLINE.KZ Өркениетті әлемде қалыпты өмір қажеттілігі үшін барлық мамандықтар маңызды. Ал сол мамандықтардың мәртебелісі – ұстаздық. Мұғалімнің бәрі ұстаз бола бермейді. «Ұстаз» ұғымының астарында білім мен ғылым, тәрбие мен тағылым, махаббат пен сүйіспеншілік жатқанын өз деңгейінде аңғара алмаймыз. Ұстаз болу кез келгеннің қолынан келе бермейтін қызмет, мыңнан бір адамның жүректілігінің арқасында жүзеге асатын жұмыс, бағындыру қиын биік белес. Шәкірт тәрбиелеу, оны шыңға шығару, қанаттандыру, жан-тәнімен түсіндіру, бүкіл болмысымен барын ұғындыру – ұстаздың ғана қолынан келетін қасиет. Адам жанының бағбаны болып отырған бүгінгі кейіпкеріміз – педагогика ғылымдарының кандидаты, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің «Дене тәрбиесі және спорт» кафедрасының меңгерушісі – Ахметов Нұрсапа Әбдікерімұлы.

Нұрсапа Әбдікерімұлы Алматы облысы Нарынқол ауданында 1959 жылы 7 қарашада дүниеге келген. Бала кезінен Алатаудың баурайында, көкке шаншылған Хантәңірдің шыңына қарап, биіктерге ұмтылып өскен. Мектепті тәмамдағаннан кейін көптен көңілі қалаған болашақ мамандығына оқуға түседі. Жақсы ұстаздарға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданындағы машақаттардан мойымай, бет алған болашақ бағытынан айнымаған. Қазақтың Дене тәрбиесі институтының 1987 жылғы үздік түлегі атанады. Осы ретте, кейіпкеріміз өз еңбек жолына алғашқы қадамын жасап, 1986 жылы пайдалануға берілген Ақтау қаласындағы №16 орта мектебіне дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып қабылданады. 1987-1998 жылдар аралығында қызмет атқарған №16 орта мектебінің оқушылары Нұрсапа ағайдың қадағалауымен, жаттықтыруымен облыстық оқушылар спартакиадасының бағдарламасы бойынша түрлі деңгейде бірнеше дүркін чемпион атанып жүрді. Аталмыш білім ордасы оқу-әдістемелік жұмыстардың дене шынықтыру пәні бойынша облыста тірек мектебі болып, облыс мұғалімдеріне жыл сайын конференциялар, семинарлар, тренингтер, курстар ұйымдастырып тұратындығымен ерекшеленетін.

Мән-мағынаға толы мамандықты меңгеріп, ұлағат пен ұжданды жанына серік еткен ұстаз әрдайым «ақыл, жүрек, қайратты бірдей ұстаған». Парасат пен пайымға жүгінуден жаңылмаған. Рухани тәрбие мен білім-ғылымды жас ұрпақтың бойында қалыптастыруға жауапкершілікпен қараған. 1998 жылы білім беру саласындағы ерен еңбегі үшін «ҚР Білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталады. Жалпы педагогикалық өтіліне 35 жыл болған Нұрсапа Әбдікерімұлының есімін ерекше атап өтер тұстарымыз жетерлік.

Ұстаз атағын қадір тұтып қастерлеу, арын таза ұстау – әр педагогтың парызы. Осы борышты өз деңгейінде атқарып, өз саласы мен қосымша қабілеттерін жетілдіріп, шәкірттері мен әріптестерінің көңілінен шыға білген Нұрсапа Әбдікерімұлы өмір жолында, қызметтік бағытында батыл өзгерістер жасайды. 1998-2001 жылдар аралығында Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің «Дене тәрбиесі» кафедрасында оқытушы; 2002-2012 жылдар аралығында «Дене тәрбиесі және спорт» кафедрасын басқарды. 2019-2020 жылдары «Ақтау-Сұңқар» студенттік спорт клубының директоры болды. 2021 жылдан бері аталмыш кафедра меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып келеді.

Нұрсапа Әбдікерімұлы профессор-оқытушы ретінде Маңғыстау облысында білікті мамандарды даярлауда өзінің сүбелі үлесін қосып келеді. Оның ұсынысы бойынша және өзінің тікелей басқаруымен университет қабырғасында 2002 жылы «Алғашқы әскери және дене дайындығы», 2006 жылы «Дене тәрбиесі және спорт» мамандықтары ашылды.

Қызметтен қол үзбей, ғылыммен айналыса жүріп, 2008 жылы Қазақ спорт және туризм Академиясы жанындағы Д14.41.03 диссертациялық кеңесінде «Психологиялық реттеу және дене тәрбиесінің құралдары мен әдістері арқылы зиянды әдеттерге студенттердің жағымсыз көзқарасын тәрбиелеу» атты диссертациялық жұмысын қорғап, педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болады.

«Саналы да ерікті еңбек қана адамды бақытқа кенелтеді» демекші, жастайынан ел ісіне араласып, ұрпақ тәрбиелеп, ұстаздықпен қоса жауапты қызметте жүріп, ел-халықтың ортасында адал еңбек етіп келе жатқан Н.Ахметовтің әріптестік көмек көрсетуден де бас тартқан кезі жоқ екен. ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес 2014-2016 жылдары Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің 5В010400 – «Бастапқы әскери дайындық», 5В010800 – «Дене шынықтыру және спорт» мамандықтары бойынша мемлекеттік аттестаттау комиссиясының төрағасы болып қызмет атқарады.

Кейіпкеріміз білімімен, тәжірибесімен, адал еңбегімен әрдайым өз ортасында дараланып тұрады. Нұрсапа мырза 2018 жылы Дюссельдорф (Германия) қаласындағы халықаралық тереңдетілген зерттеулер мен ғылыми ақпарат орталығында тағылымдамадан өтіп, халықаралық сертификатқа ие болған. «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірігіп отандық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына тәуелсіз бағалау жүргізген. Төрт жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан рейтингтің 2021 жылғы қорытындысы бойынша Yessenov University «Дене тәрбиесі және спорт» кафедрасының білім беру бағдарламасы үздік деп танылып, еліміздің 34 жоғарғы оқу орнының ішінде І орынды иеленді. Бұл да кейіпкеріміздің ерен еңбегінің нәтижесі деп білеміз.

Н.Ахметов білімі мен тәжірибесін жетілдіру мақсатында үздіксіз іздене жүріп, халықаралық, республикалық ғылыми-практикалық конференцияларға, конгрестерге белсенді қатысып келеді. Сонымен қатар педагогика ғылымдары және дене тәрбиесі саласында қарастырған өзекті мәселелері бойынша мерзімдік ғылыми басылымдарға 40-тан астам зерттеу мақаласы жарияланған. «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығы бойынша білім алатын студенттерге арналған 2 монография, 5 оқу құралы, 2 ағылшын тіліндегі оқу құралы, 5 оқу-әдістемелік нұсқаулық және «Олимпиадалық білім», «Үстел теннисі» атты электронды оқулықтарды жарыққа шыққан.

Білім ордасында жоғары кәсіби мамандарды даярлау барысында студенттерге сапалы білім берумен қатар олардың денсаулығы мықты, бәсекеге қабілетті болуы үшін Н.Ә. Ахметов университетің спорттық-материалдық базасының дамуына көп көңіл бөліп келгенін әріптестері жақсы біледі. Атап айтсақ, Ақтау қаласының 4-ш/а, 24-ш/а-дағы университеттің оқу ғимараттарында орналасқан спорт залдар күрделі жөндеуден өтіп, ашық алаңдағы гимнастикалық қалашық өзінің жеке жобасы бойынша жаңартылды. 2010 жылы 11-ш/а орналасқан оқу ғимаратының аумағына жаңа типтік спорт зал (343,8 м2) салынып пайдалануға берілді. Университетте 2012-2013 оқу жылында үздік технологиямен салынған заманауи спорттық-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Жалпы аумағы 4345,83 шаршы метр жерді алатын кешен бір мезгілде 150 адамды, ал ұзындығы 25 метр жүзу бассейні 50 адамды қабылдай алатын мүмкіндікке ие. Кейіпкеріміздің ұсынысымен 2020 жылы жалпы аумағы 0,5 га жерді алатын (3 футбол, 2 үлкен теннис, 1 баскетбол және 1 волейбол) ашық алаң пайдалануға берілді. Жоғарғы деңгейде жасақталған спорттық-материалдық базасы барша студенттердің шымыр, ширақ болуына және бұқаралық спорт түрлерінің кең таралуына өзіндік үлесін қосуда. Аталған жылдары кафедра түлектерінің арасынан Әлем, Азия, Еуропа чемпиондары көп шықты. Олимпиада ойындарының екі мәрте күміс жүлдегері, ХДСШ Әділбек Ниязымбетов – осы кафедраның түлегі екенін айтсақ та жеткілікті.

Қазақ елінің талай шәкіртін жас маман етіп ұшырған аталмыш оқу орнына ұстаз болып қабылданған күннен бастап кейіпкеріміз бойындағы энергиясын, өнерін, біліктілігін үнемі ұштай түсуге жұмсады. Кафедра меңгерушісі ретінде талантты шәкірттерін бапкерлерімен бірге, мүмкіндігінше көбірек қолдап, жаттығулары оқу-сабақтарына кедергі келтірмейтіндей етіп үйлестіріп, әрдайым ортақ жұмыстарына ақыл-кеңестерін аямай, үнемі көмек қолын созып отырды. Нәтижесінде 2018 жылы еліміздің 20 үздік ЖОО командасы қатысқан футзалдан Ұлттық студенттер лигасында Есенов университеті студенттері, яғни кейіпкеріміздің шәкірттері ІІ орынды иеленді. «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығы студенттерінен тұратын «Каспий» әйелдер командасы 2020 жылы баскетболдан Қазақстан чемпионатында ІІ орын иеленді.

Ерен еңбегі еленіп, Нұрсапа Әбдікерімұлына ҚР Мәдениет және спорт министрінің бұйрығымен «Дене шынықтыру мен спортқа қосқан үлесі үшін» құрметті атағы берілген (2011). Университеттегі профессор-оқытушылар құрамы және студенттер арасындағы дене тәрбиесі және спортты дамытуға қосқан сүбелі үлесі үшін облыстық және республикалық байқаулардан өтіп, 2011 жылы VII қысқы Азия ойындарының алаугері ретінде таңдалып алынған. Азия олимпиадалық кеңесінің президенті Шейх Ахмад Аль-Фахад Аль-Сабах және Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетінің президенті Темірхан Досмұхамбетовтің қолы қойылған сертификаттың иегері атанды. 2012 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі «Дене тәрбиесі ұлттық ғылыми-практикалық орталығының» алтын төсбелгісімен марапатталып, 2017 жылдың қорытындысы бойынша осы министрлік жариялаған «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» республикалық байқауының грант иегері атанып, кеудесіне арнайы төсбелгісі тағылған. Сондай-ақ 2018 жылы «ҚР Құрметті білім қызметкері» төсбелгісінің иегері атанды.

Нұрсапа Ахметовтің өзі саламатты өмір салтын қатты ұстанады. Дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырлатын университет профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерге арналған спартакиадаға белсене қатысып, үстел теннисінен жүлдегер атанып жүр.Ұжымына сыйлы азамат, айналасына қамқорлықпен жан шуағын шашып жүретін жайсаң жан білімі мен еңбегінің арқасында кейінгі жастарға үлгі бола бермек.

Мен өзім спорт тақырыбында тұрақты жазатын журналист әрі әдіскер-нұсқаушы болғандықтан, мұндай мықты менеджер мамандарды ел ішінде насихаттау үшін үнемі іздеп жүремін. Дене шынықтыру мен спорт саласын ғылыми тұрғыдан зерттеп, тәрбие тұрғысынан насихаттап, жастарды өз тәжірибесімен қызықтыра тартып жүрген тау тұлғаны жалпы оқырмандарымыз да танығаны жөн деп білемін.

Айбек МҰХАНОВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: