Осындай тақырыппен Қарағандыдағы №86 мектепте кездесу өтті. Үш айтулы дата: Балалар жылы, Тәуелсіздік күні және Алаш автономиясының құрылғанына 105 жыл толуына орай Әлихан Бөкейхан, Ақбайдың Жақыбы, Әлімхан Ермеков, Ахмет Байтұрсынұлы ұстанымдары мен шығармашылығын жас ұрпаққа насихаттау мақсатында өткен жиынға абайтанушы ғалым, ақпараттық технологиялар маманы Сұлтан Ыбырай, журналист-публицист, «Astana aqshamy» газетінің шеф-редакторы Төлен Тілеубай қатысты.
Әлихан Бөкейхан, Ақбайдың Жақыбы және Әлімхан Ермеков сияқты Алаштың ардақтылары туып-өскен өлкенің перзенті Сұлтан Ыбырай Алаш көсемі Ә.Бөкейханның ұрпақтарына, қолжазба дүниелеріне қатысты тың деректермен, орамды ойларымен бөлісті. Мектеп оқушылары Алаш, Ұлт мұраты, Тәуелсіздік талабына қатысты алуан түрлі сұрақтарын қойып, Алаш көсемі мен қайраткерлерінің тұлғасын жан-жақты танып-білді.
Төлен Тілеубай оқушылар мен мұғалімдерге Алаш аманаты мен Тәуелсіздік мұраты, Отансүйгіштік пен Ұлтшылдық турасындағы ой-пікірін ортаға салды. Кездесу соңынан өзінің ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жарық көрген «Тәуелсіздік – тұмарым» және биыл баспадан шыққан «Цифрлық жолайрық: Қазақстан газеттерінің бүгіні мен ертеңі» атты кітаптарын мектепке сыйға тартты.
Мектеп директоры Гүлдана Асамиданова қонақтарға ілтипат білдіріп, оқушыларға Алаш тұлғалары туралы әсерлі әңгіме өрбіткені үшін алғыс айтты. Кездесуді ұйымдастырған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Бағира Сағындықова мен Айгүл Бейсенбина әсерлі, мағыналы жүздесудің мұғалімдер мен балалардың көңілінен шыққанын жеткізді.
Халық-хабар
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!