Астана қаласында өткен «Атамекен» ҰКП-ның Х съезіне Қызылорда облысынан қатысқан делегат, Өңірлік кеңес мүшесі Жаңабай Бекішев Ұлттық палата алдына қойылған міндетін жақсы орындап келеді деп пікір білдірді.
Оның пікірінше, ұйым кәсіпкерлерді қорғауы үшін, сондай-ақ кәсіпкер мен биліктің арасында тиімді байланыс орнатуы үшін керек.
«Қоғамда «Атамекен» керек пе деген сұрақ көтеріліп жүр. Кәсіпкерлердің «Атамекеннен» басқа баратын жері жоқ. Кәсіпкерлердің мемлекеттік органмен кездесетін мәселесі осы Палата мамандарының араласуымен шешіліп жатыр. Мен кәсіпкермін. Менің де бірнеше проблемам Палатаға келгеннен кейін шешілді. Бұл ұйымсыз кәсіпкерлерге өте қиын болады», – дейді «Квант» ҚМЗ» ЖШС директоры Жаңабай Бекішев.
Кәсіпкер «Атамекеннің» жұмысын жандандырып, қосымша құқықтар беріп, құзыретін күшейту қажет деп санайды.
Айта кету керек, бүгін Астанада «Атамекен» ҰКП-ның Х съезі өтті. Съезге Қызылорда облысынан Өңірлік кеңестің 7 мүшесі делегат болып қатысты. Олар Өңірлік кеңес төрағасы Ерлан Раимов, кеңес мүшелері Жаңабай Бекішев, Нұрлан Іздібаев, Раушан Базарбай, Болат Нұрхожаев, Бейбітәлі Тілеулиев, Дина Махатова, сондай-ақ Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов.
Съезд офлайн өтті. Қатысушылар 9 мәселені талқылады. Палатаның атқарылған жұмысының есебі, трансформациядан кейінгі Ұлттық палатаның жаңа тәсілдері қаралып, Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында өңірлік кәсіпкерлер палатасы құру туралы шешім қабылданды.
Съезд аясында делегаттар Ұлттық палата ұсынған трансформацияның жаңа тәсілдерін қолдады. Дауыс беруге барлығы 307 делегат қатысты, оның 6-ауы қалыс қалды, 17-сі қарсы, қалған 284 делегат қолдап дауыс берді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!