Форумға барып, «Қа-зақ-стан! Қа-зақ-стан!» деп даусы қарлыққанша айқайлағанның бәрі патриот па?
Менің ойымша, жоқ.
Патриот болу үшін кеудеңді тоқпақтап, «Мен өз елімнің патриотымын!» деп айқайлаудың қажеті жоқ. Үндемей-ақ, дауыс шығармай-ақ патриот болуға болады. Ол үшін сөзің мен ісің сәйкес келу керек. Ісіңмен дәлелдеуің керек.
Мейлі, ол тау қопарып тастамаса да, кішкентай ғана іспен патриот бола алады.
Менің түсінігімде, патриот дегеніміз:
1. Қоқысты есіктің алдына тастап кетпей, ерінбей барып қоқыс жәшігіне тастайтын адам – нағыз патриот!
2. Көшеде кетіп бара жатып, немесе машинаның есігін ашып, былш еткізіп түкірмейтін адам – нағыз патриот!
3. Аулаларға, парктерге қойылған орындықтарды сындырмай, өзінің жеке мүлкі сияқты қарайтын адам – нағыз патриот!
4. Бюджеттен ақша жымқырмай, ұрламай, халықтың игілігіне жұмсайтын адам – нағыз патриот!
5. Ауру балалардың еміне бөлінген ақшаны жемей, керісінше шырылдап солардың жағдайын ойлайтын адам – нағыз патриот!
6. Жолға деп бөлінген ақшаны жымқырмай, «Халқым түзу, әдемі жолмен жүрсінші. Жолда апат болмасыншы. Адам қайтыс болмасыншы» деп ойлай алатын адам – нағыз патриот!
7. Алдына жаны шырқырап науқас келгенде, ақшаны ойламай, «Осы адам жақсы болып кетсінші, көмектесейінші» деп қолынан келген көмегін аямайтын дәрігер – нағыз патриот!
8. Өзінің ана тілі бола тұра, қожайынының тілінде шүлдірлемей, өз ана тілінің болашағын ойлайтын адам – нағыз патриот!
Сонда бізде елін, жерін, халқын ерекше сүйетін нағыз патриоттар аз ба, көп пе, білмеймін.
Бүгінгі Республика күні құтты болсын! Ең бастысы, соғыс болмасын! Қазақтың қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заманы келсін!
Данияр ЕСЕН.
Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.
Көрнекі сурет
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!