Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қарттарын қадірлеген ел ардақты

05.10.2022, 11:22 692

Елді ел қылатын, сәттілігі мен табысын арттырып, бірлікке бастау Құдайдан кейін қариялардың батасының арқасы деседі. Сондықтан күллі жұртшылық болып, қазан айының алғашқы күнін қарттар күні деп, ұлт үшін жан беріскен қарттар мен ардагерлерлі төл мерекесімен құттықтап келеміз. Бұл айтулы күн тек отбасы ішінде ғана емес, ел ішінде де жоғары деңгейде аталып өтіп, арнайы іс-шаралар өткізіліп, қарттарға құрмет көрсетіледі. Мерекенің мезіретін сезіндіру үшін қала әкімінің орынбасары Ақзира Қасымова, қалалық мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықожаев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев және БАҚ өкілдері ғасыр жасаған Ұлы Отан соғысы ардагері мен тыл ардагерерін құттықтап үйіне барды.  

Алғашқы болып Әбдірахман Бәйтіков қарияның қара шаңырағына қадам бастық.  Үйіне кірген бойда,  «қарты бар үйдің қазынасы бар» дегендей, үлкеннен бата алып өскен ұл-қыздар қарсы алып, төрге шығарды. Ақсақалдың жанына жуығаннан-ақ, қан майдан соғысты еске алып, сын сағаттағы санаулы ғұмыр үшін арпалысын баяндап берді. Бірінші кезекте отан үшін жан пидалық тұрса керек, өлім үшін де дайын болып барғанын айтты. Әбдірахман қария  1924 жылы Қызылорда қаласында дүние дидарын көріп, 1942 жылы Ашхабад қаласында командирлер дайындайтын курсқа оқуға түскен екен. Ол  аяқталмастан майданға аттанып, қанды шайқаста төбе көрсеткен-ді. Ал 1943 жылы Курск доғасында ауыр жарақат алып, 2-топ мүгедегі болып, 1944 жылы 20 жасында елге оралған. Бүгінгі күні 10 бала, 29 немере, 6 шөбере сүйіп, бір әулеттің үлкен абыз ақсақалына айналып отыр. Ақзира Қасымова қала әкімінің арнайы құттықтау гүлі мен сыйлық себетін және ақшалай сыйақысын табыстады.

 Төлеген Жүнісов ақсақал да – зұлмат жылдардың зардабын тартқан заңғар жан. Жастық шағы қан майданда өткен қария қазірде 2 қыз, 1 ұл, 4 немере сүйіп отыр. Ол 1923 жылы Қызылорда облысы, сол кездегі Тереңөзек ауданы, Жаңарық ауылында дүниеге келген. 1942 жылы қызыләскер қатарына қабылданып, кіші командирлер дайындайтын курста оқып (сержант), Украинада 688-ші шіатқыштар полкінде ұрыста болған екен. Соғыс ардагеріне қашанда жоғары құрмет пен зор ықылас таныту – біздің борышымыз. Төлеген қарияны да мерейлі мерекесімен құттықтап, құшағын гүлге толтырып, сыйлықты табыстады.

Соғыста тек ер-азаматтар емес, соған қоса бұрымдылар да жауға қарсы ұрыста бой көрсетіп, ерлермен тең дәрежеде қызмет еткен. Түпкі ойы елінің болашағы, азаттық еді. Және соғыс жасына жетпегендер сарбаздарға көмек ретінде тыл жұмысымен айналысқан. Масақ теріп, маңдайдан аққан терінің арқасында бүгінгілерге құрметті, еліне ардақты. Міне, келесі қадам басқан үйдің үлкені Гүлқатша Байболатова – тыл ардагері. 1922 жылы дүниеге келген ардагер ана қазірде 100-ден асып, бүтін елдің анасына айналған. Ақ жаулықты анаға ұзақ ғұмыр тілеп, ұл-қыздарының қызықшылығын көруді жазсын деген тілек білдіріп, батасын алып, арнайы сый-сияпат жасады.

«Батаменен ел көгерер» деген тәмсілдің тұңғиығында терең ойлы пәлсапа жатыр. Қарттың берген батасыз мың нәрседен қайырып болғандықтан, әрбір ақсақалдан бата алдық. Бастысы, үлкендер аман болсын.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: