Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Елдігіміз бүтін, бірлігіміз бекем болсын

26.09.2022, 17:40 420

HALYQLINE.KZ

Соңғы күндері елде көп талқыланған тақырыптың бірі – Ресейден келген көш. Дерек көздерінде, Шығыс Еуропада соғыс оты басталғалы елге 1,7 миллион ресейлік қоныс аударғаны туралы ақпарат бар. Ресей басшысы Путин жартылай мобилизация жариялағалы көштің екпіні тіпті күшейді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тан келген бойда қауіпсіздік кеңесін өткізді. Жабық өткен кеңесте елдің қауіпсіздігі, оның ішінде, солтүстіктегі ұлы көшті бақылау жөні айтылғаны анық.

Сарапшылар Google-да «Ресейден қайда көшуге болады?» деген сауал өте көп ізделгенін саралады. Ресейліктер өмір сүруге ыңғайлы елдерді іздестіріп жатқаны, оның ішінде, Қазақстанды таңдайтыны анық.

Солтүстіктегі көршімен шектесетін 7,5 мың шақырымдық шекарамызда 30-дан астам өткізу пункт бар. Қазір облыстардағы шекаралық пунктерде ұзын-сонар кезек қалыптасты. Мұны әлеуметтік желіден көріп, біліп отырмыз. ҰҚК Шекара қызметі мұны ресми мәлімдеп, төрт автомобильдік өткізу пунктінде кептеліс байқалатынын растады.

Ресей Президенті мобилизациядан қашқандарды 10 жылға дейін соттауды тапсырғанымен, көштің қысқарар түрі жоқ. Тіпті 21-25 қыркүйек аралығында Ресей шекарасынан 250 мыңнан астам ер-азамат шекарадан өтті деген ақпарат бар. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, елдің шекарасына кіріп-шыққан көліктер саны 20 пайызға көбейді. Әсіресе, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Батыс Қазақстан облысындағы пунктерде 500-600 көліктің кезекте тұрғаны белгілі болды.

30 жылда 1,5 миллион қандасты қабылдадық деп мақтанып жүргенде, айналдырған 8 айда бұл көрсеткіштен асырып жібердік. Ішкі істер министрлігі Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Аслан Аталықовтың сөзінше, жыл басынан бері елге 4 миллион 399 мың шетелдік келсе, соның 1,7 миллионы Ресейден, 1,5 миллионы Өзбекстаннан, 547 мыңы Қырғызстаннан, 200 мыңы Тәжікстаннан келді.

Әрине, ресейліктерді біз шақырып жатқан жоқпыз, олар соғыстан қашуда. Осындай қарқынмен жалғаса берсе, жыл аяғына дейін 3-3,5 миллионнан асайын деп тұр-ау шамасы! Бұлай деуіміздің себебі – ресейліктер Қазақстанда визасыз 30 күн жүре алады. Одан артық қалғысы келсе, миграциялық қызметке тіркеліп, тағы 60 күнге создыруға мүмкіндігі бар. Яғни бір жылға жуық уақыт емін-еркін жүруге толық құқылы. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер осындай міндеттемені орындауы тиіс. Ресейліктер тағы амалын тауып, тіпті азаматтық алса не болады? 30 жылда қазақтың үлес салмағы 69,6 пайызға жетті деп қуанып жүргенде, өзге ұлт өкілдері көбейіп, ұлттық мәселелерді шешу тағы да шегеріле бермей ме? Өйткені ресейліктер орысы басым өңірлерді қоныс ететіні айтпаса да түсінікті ғой!

Журналист Камшат Тасболатова: «Халыққа қызмет көрсету орталығында, «Хан шатырда» ресейліктер өріп жүр. ХҚК-де алдымда бір ресейлік тұрды, ЖСН алуға рұқсат берілмеген сияқты. Себебін анықтауға кетті. Жалпы, ресейліктерге ЖСН беруді мемлекет тыйды деп үміттенеміз. Георгиев лентасын көліктеріне іліп алып, жол ережелерін бұзып та жүргендері бар. «Сергек» отандық нөмірлерді байқай қалады ғой, ал ресейлік көліктерді ше? Байқауымызша, сауда орталықтарындағы қызмет көрсету саласында жергілікті орыстар, яғни, өз азаматтарымыз емес, ресейліктер төбе көрсете бастаған сияқты. Баяғы 90-жылдардағы демографиялық, экономикалық, әлеуметтік жағдайға ешкім оралғысы келмейді…», – деп секемденеді.

Елге ел қосылса құт дейді ғой, бұл жолғасы жұт болмаса болғаны! Себебі нарық бағамы құбылып, пәтердің бағасы өскені жайлы ақпарат шыға бастады.

Белгілі айтыскер ақын Әсем Ережеқызы facebook-тегі аккаунтында: «Шетте оқып жатқандықтан «Астанадағы пәтерімді бос тұрмасын» деп жалға беріп қойғанмын ғой! Осы айдың аяғы алты айдан бері тұрған қыздар жатақханаға шығып, пәтерді krisha.kz бердім. Бүгіндікке екі ресейлік сұрапты. Біріншісіне үзілді-кесілді «бермеймін» дедім. Екіншісі мәскеулік жігіт «IT саласының маманымын, табысым өте жақсы, арақ ішпеймін, темекі шекпеймін. Алты айлық пәтерақыны бірден төлейін» депті. Сіңлім бұл хабарды қуана жеткізді. Пәтерің жақсы өтетін болды деп тұр ғой, қайтсін енді?! Қазақ жастары солардың кесірінен далада қалып жатқанын естіп-көріп отырмыз. «Бермеймін» дедім. Артынша екі қазақ қызы «тұрып жатқан пәтерімізді пәтер иелері 300 мың теңгеге көтеріп жіберді. Төлей алмай шығып кеттік» деп звондаған екен. Бағасын біраз түсіріп сол екі қызға бер, азын-аулақ ипотекасын жапса болды дедім. Орыстар ренжімес, неге ренжімеу керегін өзі де білетін шығар», – деген жазба қалдырды.

Әрең күн көріп отырған халыққа нарықтың шарықтауы жұдырық болып тимей ме? Сыртта қанша қандасымыз жәутеңдеп жүргенде, бұл әрекетімізді қалай ақтап аламыз?

Түркістан қаласы облыс орталығы болғанға дейін елдің негізгі сауда орталығының бірі-тұғын. Онда Қазақстанның барлық облысынан келгендерді оңай табушы едік. Әсіресе, Ақтөбе, Қызылорда, Қарағанды, Ұлытау және т.б. облыстың тұрғындарын жиі кездестіруге болатын, әрі осы өңірлерге арнайы автобустар мен жүк көліктері жиі қатынайтын. Берекесі артқан, студенттерге де жайлы қала болған-ды. Қалай облыс орталығы болды, солай жалдамалы пәтер ақысы екі-үш есеге дейін қымбаттап кетті. Жер учаскелері космостық бағада өсті.

Екі жыл бұрын Астана қаласындағы құрылыс компаниясында жұмыс істейтін інім Түркістанға жұмысын ауыстырды. Содан пәтер іздеп, қаланың әр жерінен көреді.

– Сенесіз бе, бір-екі жыл бұрын ғана айына 50-55 мың теңгеге жалдайтын пәтерлер 300-350 мың теңге сұрады. Амал жоқ, жалдадық! Пәтердің иесінен қымбатшылықтың себебін сұрадық. Ешнәрсе түсіндіре алмады, – деген еді інім.

Астана қаласындағы жағдай да соған ұқсас. Қазір адамдар бір-біріне демеу болудың орнына, бір-бірін қанауға дайын тұратын несі осы?!

Нарықта сұранысқа сай бағаның қымбаттауы заңдылық. Қазір шекарада қаржы айналымы қалыптасты. Бұл сөзімізді «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Смағұл қуаттап: «Көкшетаудың вокзалында тұрмыз. Астанаға туыстарымызды шығарып салуға келгенбіз. Таксилер бағаны удай қымбаттатып жіберіпті. inDriver-ден көлік іздедік. Таппадық. Желіде ешкім жоқ. Таксистерден бағаны неге шарықтатып жібердіңдер десек, Көкшетаудың бар таксиі Петропавлда Ресейден келіп жатқандарға күтіп алып, мол ақшаға айтқан жеріне апарады екен. Мұнда такси қат болғасын бағасын көтеруге тура келіпті».

Бір күн бұрын telegram-да «Қазақстан» деп аталатын чатқа қосылдық. Желідегі ең белсенді чат дерсіз, бір тәулікте қатысушылар саны 9600-ден асып, ондағылар бір-бірімен 22 мыңнан аса хат алмасты. Ортақ тақырып – Қазақстанда жайлы қоныс және жұмыс табу. Ішіндегі ақылдылары «кент және ауылдық жерлерге барған дұрыс, қалалық жерлерде баға шарықтап кетті» деп кеңес беруде.

Бұл туралы «Түркітілдес журналистер қорының» жетекішісі Нәзия Жоямергенқызы: «Ресейден «ұлы көш» келуде. Telegram-да осындай арнайы чат ашылды. Құмырсқаның илеуіндей құжынап жатыр: ақпарат беріп, шекараның түбінен тікелей репортаж жасап, Қазақстанның қай қаласында қолайлы жағдай екенін айтып. Өз басым қатты қауіптеніп отырмын. «Қазақстанға үдере көшудің соңы Украинадағыдай ойранға әкеп соқпай ма?» деп. Бөтен елге келгеннен кейін жайларына жүрмейді, бықсытып, сасық империялық амбицияларын ала жүреді», – дейді.

Ресейліктердің Қазақстанға көптеп қоныс аударуы нарықтан бөлек банк саласына да әсер етуде екен. Өйткені шекарадан бері өткендердің басым бөлігі валютасын теңгеге осы жақта ауыстырады. «Бұл біздің банктерге тиімсіз болғалы тұр», – дейді экономистер.

Қайбір жылы Ресей ескі-құсқы көліктерімен жарылқаған еді. Енді ресейліктердің өзін жарылқауымыз керек болып тұр. Бұған біздің экономикалық потенцияалымыз жете ме екен? Әсіресе ең төмеңгі жалақы – 60 мың теңгемен күнелтетіндердің жағдайы қалай болады екен?

P.S. Не болса да, сыртқы миграцияны тоқтату үшін шекараны жауып тастай алмаймыз. Қазақстан халқы Ассамблеясы деген құрылым өзінің тиімділігін дәлелдейтін кез келді. Осы уақытқа дейін Парламент Мәжілісіне дейін квота арқылы өтуіне жағдай жасап, кең мүмкіндік бірілді. Енді олар сырттан келген өзге ұлт өкілдері біздің елдің заңына бағынуды жан-жақты насихаттап, елдің береке-бірлігін арттыруға үлес қосуы тиіс.

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ,

журналист.

Астана  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: