Түстен кейін шаһар басшының жергілікті қала тұрғындарымен кездесуі Батырхан Шөкенов саябағында жалғасын тапты. Оған қала әкімімен қатар, мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықожаев, қалалық мәслихат депутаты Ерлан Мұсаев қатысты.
– Қазір ешкімнің бос уақыты жоқ екенін жақсы түсінемін. Отбасы тіршілігі мен жұмыс бабы деп зыр жүгіріп жүрсіздер. Ал кездесуге алтын уақытын қиып, айтатын уәждері болғасын келеді. Айтқан мәселе тыңдалған жерде қалса, жиынның қадірі қанша? Бұл кездесудің басты мақсаты – сіздермен ашық әңгімелесіп, ойларыңызды білу, – деді қала әкімі өз кезегінде.
Сұрақ-жауап форматында өткен жиында тұрғындар ауызсу сапасы мен аяқсу жетіспеушілігін баса атап өтті. Сонымен қатар, қаңғыбас иттердің көбейіп кеткендігі, қоғамдық көліктің уақытылы жүрмеуі секілді күрмеулі мәселелер көпшілік сұранысын тудырды. Тоғыз қабатты тұрғын үй тұрғындары жеделсаты орнатылса деген ұсыныс білдірді. Жеделсатыға байланысты қала әкімі тұрғындардың келісімі қажет екенін айтып, мемлекеттік тапсырыс негізінде іске астатынын жеткізді. Қаңғыбас иттерге байланысты арнайы заң қаралатынын айтты.
Бұл кездесуде де қоғамдық көлік мәселесі айтылды. Шыны керек, қоғамдық көлік мәселесі жайында біраз жазуға болады. Бірақ облыс әкімі мен қала әкімі қыркүйек-қазан айларында тұрақталады деп сендіреді. Қоғамдық көліктің жүру кестесін қайта бекітіп, жол жүру жиілігін жақындатады екен. Лайым солай болғай. «150 дана автобус қайда?» деп жиі сұрайтындар көп. Асылбек Шәменовтің айтуынша, шетелден келетіндіктен құжаттарына байланысты сәл кешіктірілуде.
Кездесу соңында шаһар басшысы екі күн бойы ықшам аудандар тұрғындарының көтерген мәселелеріне қатысты тиісті мекемелерге тапсырма беріп, барлығын өз бақылауына алатынын, сондай-ақ ел игілігі үшін істеген һәм алда істейтін жұмыстарға тұрғындар тарапынан да жанашырлық болуы қажеттігін атап өтті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!