HALYQLINE.KZ Қазіргі таңда Басықара ауылына кіреберіс жолдағы көпірдің құрылысы аяқталуға жақын. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев пен аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап көпір басына арнайы барып, құрылыс жұмыстарын көрді. Мердігер мекеме «Жылу ХХІ» ЖШС директоры Көпжан Бижанов аудан басшысын атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, көпір құрылысы жақын арада аяқталатынын жеткізді. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев мердігер мекеме басшысына көпір құрылысына қатысты бірқатар кемшіліктер бар екенін, оны тез арада қалпына келтіру қажеттігін айтты. Сондай-ақ, жаңадан салынып жатқан көпір құрылысы стандартқа сәйкес сапалы болу қажеттігін тапсырды.
Сондай-ақ, Сырдария өзеніндегі су деңгейінің жыл сайын төмендеуі ауданда егін егумен айналысатын шаруашылықтарға қиындық туғызуда. Осыған орай тиісті сала мамандары мен шаруашылық басшылары тығырықтан шығудың түрлі жолдарын қарастыруда.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев пен аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап тиісті сала басшыларымен бірге «Оң жаға» арнасынан бастау алатын «5х-1» каналына алдағы уақытта қосымша электр насостарын орнату жөніндегі ұсыныстарды талқылады.
Аталған канал арқылы «Жалаңтөс батыр» ЖШС-ның 800 гектар егістікке суландырылады. Алайда, соңғы жылдары Сырдария өзенінде қалыптасып отырған су тапшылығынан егістікті суармалы сумен қамтамасыз етуде үлкен қиындық туындап келеді.
Сала мамандарының ұсыныс-пікірлерін тыңдаған аудан әкімі Мұхтар Оразбаев осы маңға 3 электр насосын орнату үшін тиісті сала басшыларына қажетті құжаттарды дайындауды тапсырды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!