Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Темірдей жаралған жандар

05.08.2022, 22:55 958

Тамыз айының бірінші жексенбісі- Теміржолшылар күні. Ал, әлемдегі екінші ірі көлік жүйесі – темір жол желісі. Осы салада қызмет ететін жандардың басым көпшілігі ер азаматтар. Теміржол саласында темірдей қатты болып, жұмыстың бар ауыртпашылығына шыдай білген нәзік жандылар да аз емес. Солардың бірі де бірегейі Арал ауданы, Қамыстыбас елді мекенінде талай жыл теміржол саласында адал қызметін атқарып келе жатқан Күлшара Асанбаева.

Ол 1963 жылы қаңтар айының 7-ші жұлдызында Атырау облысында дүниеге келген.  1970 жылы бірінші сыныпқа қадам басып, 1980 жылы 10-сыныпты бітірген.  Сол жылы  Атырау теміржол техникумына түсіп, 1983 жылы тамамдаған. Жолдасы Дауылбай Алмағамбетов ШЧ-40 мекемесінде механик болып, 40 жыл абыройлы қызмет атқарып,   2021 жылы 6 қыркүйекте дүниеден өтті.  Күлшара Талапбайқызы еңбек және тыл ардагері Нұржау атамызбен көп балалы ана Фатима  әжеміздің  шаңырағына келін болған  және  өзінің жұмысын  абыройлы атқарды.  Атасы Нұржау ұзақ жыл ШЧ-40 мекемесінде монтер болып қызмет атқарып,  зейнетке шығып, 28 наурыз  2022 жылы тоқсаннан асқан шағында дүниеден өтті.  Жолдасы екеуі екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді.  Қыздары  Индира, Эльвира  отбасылы.  Шаңырақтағы  ұлы Рашид  2009-жылдан  ШЧ-40  мекемесінде монтер, кейіннен механик болып қызмет атқаруда.  Қолдағы  келіні Шаттық  оқушылар үйінде   көркемшығармашылық  бөлімінің  педагог  ұйымдастырушысы. Күлшара  апамыз 1985 жылдан бастап Қамбаш стансасында станса  кезекшісі болып, 37 жылға жуық қызмет атқарып  келе жатыр.  Басшылық  тарапынан бірнеше мәрте алғыс хатпен, мақтау қағаздарымен, бағалы  сыйлықтармен марапатталған. Ауыл, аудан әкімі тарапынан  алғыс хатпен марапатталған. Ұлын ұяға, қызын  қияға қондырған бақытты ана.  Бұл отбасын  бірыңғай теміржолшылар отбасы деп атауға да  болады. Келе жатқан тамыз айының 1-ші  демалысында болатын теміржолшылар күніне  орай Күлшара апамызды мерекесімен құттықтай отырып, абырой биігінен көрініп, аман-есен зейнет жасына жетуіне  тілектестігімізді білдіреміз.       

Зере Махамбетәлиева

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: