Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Экс-әкімді елі қолдады

28.07.2022, 10:50 759

Басшылық қызметте жүріп «жығылғандарды» қоғам артынан қуып жүріп қамшылауға әуес. Мұндайда «құлан құдыққа құласа…» деп басталатын мақал-мәтел жиі айтылады. Иә, беделі кеткенде беттен алу, артынан айғайлап сөз айту кім-кімге де болмасын оңай сияқты. Басына іс түскенде қалың бұқараның қолдауын сезіну де бір бақыт шығар. Әңгіме Қызылорда облысының экс-әкімі Қуанышбек Ысқақов хақында. Оған «Арыс қаласына бөлінген қайырымдылық қорының 80 миллион теңгесін жымқырды» деген айып тағылғаны баршаға аян. Бірақ, тап осы істе көпшілік Ысқақовты қолдады. Тіпті, мемлекеттік қызметкерлер де әлеуметтік желіде ойын ашық жазып, «Қуанышбек әкімнің қолы таза» десті. Жайшылықта мәселе көтерген жазбаға лүпіл баспайтындардың өзі бұл істе батырлық  танытқанын байқадық.

Осыдан 20 күн бұрын адвокат Ләззат Ахатова фейсбуктегі парақшасында Қызылорда облысының экс-әкімі Қуанышбек Ысқақовтың жазасы 15 күн ішінде жеңілдейтінін жазған еді. Көп кешікпей қуанышты жаңалық тарады.

Еске салайық, 2020 жылдың желтоқсанында ол алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, өмір бойына мемлекеттік қыз­метпен айналысу құқығынан шеттетіліп, 7 жылға бас бостандығынан  айырылған  болатын.

– Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен бірінші үкім өзгеріссіз қалдырылды. Жоғарғы соттың қылмыстық істер  жөніндегі сот алқасының қаулысымен жаза тағайындау бөлігіндегі үкім өзгертіліп, бас бостандығынан айыру мерзімі алты жылға дейін қысқартылды. Ысқақов соттан жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен, яғни айыппұл не­месе бас бостандығын шектеу түріндегі жазамен ауыстыруды сұрады, – деп хабарлады Қызыл­орда қаласының №2 сотының баспасөз  қызметі.

Бұған дейін ЗК-169/5 колониясының өкілі сотталушыға берілген мінездемені қолдап, экс-әкімнің жазасын өтеу кезінде «белгіленген ішкі тәртіп пен режим талаптарын бұзбағанын» атап  өтті.

– Оған қатысты екі жеңіл­дету шарасы қолданылды, жазасы жоқ, жеңіл жағдайда жазасын өтеп жатыр, дәрежесі екінші оң, қылмыспен келтірілген мүліктік залал, мемлекеттік баж, мемлекет кірісіне процессуалдық шығындар және жәбірленушілердің өтем­ақы қорына өтемақы толығымен өтелді. Жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қасақана бұзу дерегі жоқ. Жәбірленушінің өкілі жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазамен ауыстыру туралы өтінішке қарсы еместігін көрсетті.

Осының негізінде сотталған Ысқақовтың жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру туралы өтініші қанағаттандырылды. Жазаның өтелмеген бөлігі неғұрлым жеңіл жаза – 3 жыл 11 ай 12 күн мерзімге бас бостандығын шектеумен ауыс­тырылды. Қосымша жаза түрін өтеуден  босатылмайды, – делінген  хабарламада.

Жалпы, көпшілік азаматты жазықсыз жазаланды деп санайды. Түсі игіден түңілмейтін қазақ экс-әкім туралы теріс пікір білдірмеді, қиындықпен бетпе-бет келген жанды қолдады. Ең бас­тысы, ол 80-нен асқан анасының алақанынан ұстап, отбасына оралды. «Аққа Құдай жақ» деген осы шығар. Қуанышбек Ысқақов ісі елі сүйген ердің еңсесі биік бола­тынын тағы бір дәлелдегендей.

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: