Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері қаралды

17.06.2022, 9:25 222

HALYQLINE.KZ

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған комиссия отырысы өтті. Басқосуға құқық қорғау органдарының басшылары, селекторлық режимде аудан әкімдері қатысты.

Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасының сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқықбұзушылықтың профилактикалық шаралары туралы басқарма басшысы Руслан Рүстемов баяндама жасады.

Оның айтуынша, өткен жылдың ІІ жартыжылдығында мәдениет саласында 2 қызметкер және спорт саласында 5 қызметкер тарапынан сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқықбұзушылық орын алған. Салада мұндай келеңсіздіктерге жол бермес үшін түрлі профилактикалық шаралар ұйымдастырылып келеді.Сонымен бірге, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған жұмыстарды өз деңгейінде жүргізу мақсатында басқарманың жұмыс жоспары қайта қаралып, пысықталған.

Аймақ басшысы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдаудың сапасы мен алдын алу тиімділігіне аса назар аудару қажет екенін баса айтты. Сондай-ақ, жасөспірімдер арасында тегін үйірмелер мәселесіне қатысты мүдделі салалық құрылымдарды жұмылдыра отырып, бағдарламаның тиімді іске асуына бағытталған ұсыныстар енгізуді жүктеді.

Отырыста қаралған тағы бір мәселе – кіші және орта кәсіпкерлікті дамытуға бөлінген қаражаттың тиімді пайдаланылуы. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Муса Қалдарбеков 2021 жылы жеке кәсіпкерлікті қолдау мақсатында республикалық және облыстық бюджеттен 6 млрд 400 млн теңге бөлінгенін тілге тиек етті. Мұнан бөлек, мемлекеттік гранттар беру аясында облыстың жаңашыл болып танылған 68 жобасы қолдау тапқанын жеткізді.

Жалпы бөлінген қаражат аясында өңірдің 2 342 кәсіпкерлік субъектісі 33 млрд 437 млн теңгеге жеңілдетілген несие түрінде қаржылай қолдау тапты. Нәтижесінде жаңадан 817 кәсіпкерлік субъектісі ашылып, шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандардың саны 1110 адаммен толықты, сондай-ақ қосымша 21,3 млрд. теңгеге өнім өндірілді.

Аймақ басшысы кәсіпкерлік саласындағы бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Себебі қазір теңгенің де тиімді бағытталуы аса маңызды екенін алға тартты.

– Барлық аудан және қала әкімдері мен басқарма басшылары мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапалы, заңмен белгіленген мерзімінде орындалуын қамтамасыз етіп, қызметкерлердің кәсіпкерлік субъектілері мен жеке тұлғалармен қызметтен тыс уақытта ретсіз араласуын болдырмасын, – деді Н.Нәлібаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: