HALYQLINE.KZ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Осыған орай, Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен «Қазақстан балалары – жазды қуанышқа толтырайық!» атты жазғы демалыс кезінде балаларды сауықтыру мен тынығу лагерьлері мен білім нысандарына тапсырма берілген болатын. Осы бағытта республиканың барлық аймақтарында арнайы іс-шаралар мен жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Әсіресе, Қызылорда облысында жазғы тынығу лагерьлері мен жазғы мектептер қызметі қайта жандануда. Олай дейтініміз, дүйсенбі күні облыстық білім басқармасы мен өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен Арал ауданындағы «Қамбаш» лагеріне көшпелі брифингке бардық. Пандемияның әсерінен шаруа көзі тоқырауда қалған «Қамбаш» лагері биыл өз жұмысын жандандырмақшы. Аталған тынығу лагерінің бүгінгі тыныс-тіршілігі мен дайындығы барысын барлап келдік. Оған Қызылорда облыстық білім басқармасының тәрбие және өзін-өзі тану жұмыстары бөлімінің бас маманы Жадыра Шариева мен «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығының директоры Рахан Қалиев қатысты. Брифинг барысында Жадыра Амантайқызы облыстағы тынығу лагерьлеріне байланысты атқарылып жатқан жұмыс бойынша мәліметімен бөлісті.
– Облыс бойынша 1-10-сынып аралығында 100 мыңнан астам оқушы жазғы тынығу лагерьлерінде демалады. Сондай-ақ, 9 балалар тынығу лагері 1 маусымнан бастап өз жұмысын бастайды. Қызылорда облысында биылғы жылы 7 мемлекеттік және 2 жеке жазғы тынығу лагері балалар үшін жұмыс істейтін болады. Аталған лагерьлерде балалар 7 ауысым бойынша тынығады. Тынығу кезінде балалардың қауіпсіздігін сақтау және түрлі төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша тиісті шаралар қабылданып, арнайы медициналық көмекпен қамтамасыз етілетін болады. Айта кетейік, аймақта 270 мектеп жанында тамақпен және тамақсыз күндізгі тынығу лагерьлері жүргізіледі, – деді ол.
Сонымен бірге, облыста 1 маусым күні «Жазды қуанышқа толтырайық!» тақырыбында барлық сыртқы және қосымша білім беру орталықтары мен жеке мектеп алаңдарында кең көлемде ашылу салтанаттары өткізіледі. Айта кету керек, жазғы тынығу орталықтарына ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар мен мүгедектігі бар балалар үшін бірінші кезекте жолдама әзірленетін болады. Биыл ерекше көңіл облыс бойынша мүмкіншілігі жоқ 31 мың балаға арналып отыр. Сол сияқты «Қамбаш» сауықтыру орталығыда балалардың демалысы мен саяхаттауына айрықша назар салуда. Қамбаш көлінің маңында орналасқан лагерь сырбойылықтардың ең сүйікті демалыс орны деуге болады. Себебі тынық көлдің жағасында таза ауамен демін алатын нағыз мекен – осы «Қамбаш» тынығу орталығы. Биыл бұл тынығу лагерінде тек облыс бойынша ғана емес республика көлемінде балалар тынығатын болады. Негізгі мақсатына сәйкес, «Қамбаш» тынығу орталығы қосымша білім беру мен Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындау және ғылыми бағытта балаларға бағдар беру болып табылады. 7 ауысым барысында 1000-нан астам бала жазғы демалыспен қамтылады. Сондай-ақ, лагерьдің ауысым ұзақтығы 10 күнге арналған. Бұл уақыт ішінде оқушылар қасиетті жерлерге жүйелі таным жасайтын болады. Атап айтатын болсақ, Арал, Қазалы, Байқоңыр қалаларындағы мұражайларға, оның ішінде «Қорқыт ата» кешені мен «Байқоңыр» ғарыш айлағына саяхаттайды. Сонымен қатар, орталықта бекітілген ас мәзірі бойынша балаларға уақытылы 5 мезгіл дәруменді тамақ беріледі. Көшпелі баспасөз турында «Қамбаш» орталығымен танысу барысында жазғы лагерьге келушілердің зерігетін сәті болмауын қадағалап, жан-жақты іс-шаралар қарастырылғанына көзіміз жетті.
– Лагерь бағдарламасында балалардың қызығушылығы мен психологиялық жас ерекшеліктерін есепке ала отырып топтарға бөліп, тәрбиешілер мен үйірме жетекшілері оқушылармен белсенді жұмыс атқарады. Сондай-ақ, аталмыш орталық балаларды демалыспен қамтумен қатар «Робототехника», «Намыс» әскери-патриоттық клубы, «Happy Englsh», «Золотой ключ» тілдік үйірмелері, «Спортпен достас», «Бассейінде жүзу» үйірмесі, «Алтын сөз», «Дизайн», «Жас пікір сайысшылар клубы», «Шұғыла» би үйірмелерін жүргізетін болады. Әрбір тынығушы өздерінің қалаған үйірмелеріне барып, өз уақыттарын тиімді, әрі қызықты өткізуіне жағдай жасалынған, – деді Рахан Байтілесұлы.
Орталық балалардың денсаулығы мен қауіпсіздік қызметіне, барлық үйірмелерге арналған жұмыстарды істеуге жаңа заманға сай техникалармен жабдықталған. Мұнда сауықтыру іс-шарасын ұйымдастыру мақсатында тіс емдеу мен психолог кабинеті және тіс дәрігері мен дәрігер-педиатр жұмыс істейді. 2020 жылдан кейін жұмысын пәрменді бастаған тынығу лагерінде балалардың жатын бөлмелерінде де өзгерістер байқалады. Сонымен қатар, 2016 жылдан бастап «Қамбаш» көлі жағасында отбасылық лагерь ұйымдастырылады. Жазғы балалар лагерінен кейін облыстағы әр шаңырақ келіп тыныға алады.
– Осы уақытқа дейін «Қамбаш» лагерінде 70-80-нен астам отбасы келіп демалған болатын. Көл жағасында бір апталық бұл лагерь бағдарламасы мектепке дейінгі және мектеп жасындағы 4-13 жастағы балалары бар отбасылар үшін жасалды. Отбасылық лагерь – бүкіл отбасы болып керемет бірлескен шығармашылық тәжірибе жинақтауға, өмірді балалар көзімен көріп үйренуге, шаңырақ ішінде үйлесім және бақытты қарым-қатынас орнатуға жақсы мүмкіндік, – дейді Рахан Қалиев.
Иә, Қамбаштың жағалауы жыл өткен сайын жаңданып, жағажайдан қараған көріністің әсері тым бөлек. Барған адам тұзды көлге бір шомылмай шықпайды. Өйткені мөлдір әрі емдік қасиеті бар суының адамға берер пайдасы көп. Көл мен лагерь аралығына биылдан бастап егін егіліп, өрісі кеңге жайылуда. Дегенмен лагерь орталығында талдың тапшы екені көңілге қаяу түсіреді.
Біздің баспасөз турымыз бұнымен аяқталған жоқ. «Қамбаш» лагеріне жақын орналасқан Арал ауданына қарасты Қамыстыбас ауылдық округіндегі өз күшімен аймағына еңбегін сіңіріп жатқан жеке кәсіпкерлердің қарекетімен таныстық. Бірі ауылдың көркеюіне ат салысып жанармай бекетін және көлік жуу мен автомобильдерге көмек көрсету орталығын ашса, екіншісі «қалтқы тас» өңдеумен айналысады. 2 мыңнан астам тұрғыны бар ауылдың өркендеуі сол өңірдің кәсіпкерлерінің нәтижелі жұмыс істеуінде екенін аңғардық. Үй құрылысына аса қажет жабдықтардың бірі үй тұрғызатын кірпіш екені белгілі. Осындай кірпіш шығаратын кішігірім кәсіптің иесі Жанболат Үмбетов:
– Бұл кірпіштерді қалау үшін шикізатты шетелден алдырамыз. Бұл жабдықтан соғылған үйлер немесе от жағатын пештер қыста өз жылулығын сақтайды. Өз кәсібіммен ауыл тұрғындарының жылулығын қамтамасыз ету мақсатында бастапқы жоспарым болды. Қазіргі таңда жүзеге асырып отырғаныма қуанамын. Ауылдан ғана емес көптеген қала, облыстардан тапсырыстар түсіп жатады. Күніне 500 кірпішке дейін өндіреміз. Тек осы кіші өндіріс ортамды кеңейтуге мемлекеттен қолдау керек, – дейді.
Былтырдан басталған кәсіпті дамытуды қолға алу керек деп ойлаймыз. Өйткені өндірілетін қалтқы тас суға салса батпайды және отқа да жанбайды екен. Ауыл тұрғындарының қысқы уақытта басты мәселесі – үйдің жылулығы. Сондай-ақ, бұл өнім бір ауылдың ғана емес біршама елді мекендегі түйткілдің түйінін тарқатады деуге саяды. Халық игілігіне жасалынып жатқан өндіріс орталығында небәрі 4 адам қызмет етеді. Сонымен бірге, қалтқы тас өнімінің құрал-жабдықтары кәсіп иесінің өз қолынан құрастырылған.
– Ауылымызды жеке кәсіпкерлеріміз мемлекеттің қолдауынсыз көгертіп жатыр. Кәсіпкерлердің өз ауылына деген жанашырлығы жоғары. Әлі де бірқатар өндірістердің құрылыстары қолға алынады. Осындай кәсіпкерлерімізге мемлекет тарапынан демеу аса құнды болатын еді, – деді Қамыстыбас ауылының әкімі Алдаберген Исаев.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!