Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дені сау адам – табиғаттың жемісі

31.05.2022, 13:45 1587

HALYQLINE.KZ Өмір – адам баласына берілген ең үлкен сыйлық. Оны қалай өткізетіндігі оның ақыл ойы мен түп санасына байланысты. Менің ойымша, адам өз өмірінің көркем әрі жарқын өткендігін қаласа деннің саулығы мен жанның саулығын қатар ала білуі керек. Алдымен салауатты өмір салтын сақтап, дұрыс тамақтанып, маңыздысы спортпен шұғылданса уақыты еш кетпейді және ешқашан өкініш болмайды. Спорт – денсаулық кепілі, дені саудың – жаны сау. Өмірін спортқа арнаған адам – бәрін жеңген адам. Ерік-жігері мен күш-қуатын қайрап, өзгелерден оза білген адам. Спорттың пайдалы екендігін бәріміз білеміз, өзімізден кейінгілерге де сөзбен айтып, іспен дәлелдей алмай қалып жатамыз. Расында, спортты жақсы көреміз, бірақ неге шұғылданбаймыз? Бұл, әрине, бойымызды жалқаулық пен еріншектік бойлап, қолымыздан түскен затты алуға ерінерліктей халге жеткендігімізден. Тек біреудің күштеуімен ғана әрекет жасамасақ, өздігімізбен қозғалмаймыз. Спортпен шұғылдануға шабытты ояту үшін оның қаншалықты пайдасы бар екендігін біліп алғанымыз жөн болар.

Спорт – белгілі ережелер немесе дәстүрлерге сай көбінесе жарыс күйінде өтетін әрекет. Денінің саулығын және ұзақ өмірді ойлаған адам ғұмырын спортқа арнап, жаман әрекеттерге баспайды. Спорттың тек денсаулыққа ғана әсері болмайды. Жақсы мінездер мен адами қасиеттер қалыптастыра алады. Соның бірі – шыдамдылық. Бұл – спорттың ең қажет ететін бөлігі. Адам ауыр нәрселерге шыдап, төзімділік танытса оған спорттың қиындығы да білінбейді. Ал шыдамсыздары «қырықына шыдап қырық бірінен тоқтап қалатындар». Спорттың әлемде тараған өте көп түрлері бар екендігін өзіміз де білеміз. Алайда қазақ халқы арасында тараған спорттық ойын түрлері ерекше. Асық ату, қыз қуу, көкпар тарту – нағыз қазаққа жарасатын, қайраттылықты арттыратын ойындар. Әр ойынның берер тәрбиесі мен мақсаты бар. Бірі дәлдікке, екіншісі жылдамдыққа, ал бірі ақылдылыққа үйретеді. Қазаққа қазақты мақтау артық емес. Қай кезде де өз ұлтымызды дәріптеп, өзгелерге насихаттай алсақ ұлтшылдығымызды жоймаймыз. Бұл спорт түрлері әлі де жалғасын табуда. Ал барлық әлем арасында тараған спорт түрлерінің ішінде бәрімізге белгілілері – футбол, баскетбол, волейбол, теннис секілді ойын түрлері. Күнделікті сабақ кезінде пән мұғалімдері бізді спортпен айналысуға, деніміздің сау болуына, салауатты өмір салтын сақтауға шақырады. Әрине, қарапайым күндері біз спортты еске алып, жаттығулар жасамаймыз. Алайда дене шынықтыру пәнінен соң қызығушылығың қайта оянып, құлшынысың артады. Спортқа бастау жаттығулардан алады. Бірінші жаттығулар жасап, бойды қыздырсақ кез кезген спортпен айналысу оңайға түседі. Сонымен қатар адам баласының денсаулығы үшін таңғы және кешкі жүгірістер пайдалы. Өкінішке орай, көп адам  кейде жарақат алса, кейде мотивациясын жоғалтып, жүгіруді тастап кетеді. Оның орнына теледидар мен компьютер алдында отыру қызық болып көрінеді. Алайда спорттың ең жеңіл түрі осы жүгіріс болып табылады. Көп нәрсені қажет етпейді. Тек өз өзіңе мотивация бере алсаң, сенімділігің мен қайраткерлігің болса жеткілікті. Аз уақыт қана жүгіріс те өміріңді басқаша қалыпқа түсіреді. Жиналған күйзелістерің мен артық салмағыңды оңай жолмен кетіре аласың.

Елімізде көк байрақты көкке көтеріп, абыройды асқақтатып жүрген мықты спортшыларымыз бар. Күні түні уақытын өз таңдауына арнап, өздерін шыңдап, қайраттылық таныта білу көп адамның қолынан келе бермейтін ерлік.

Спорт – денсаулықтың мықты болуының себепшісі, салауатты өмір салтын сақтаудың бастамасы. Әр адамның денінің сау болуы, өмірінің жақсы өтуі өз қолында. Өзінің әрекеттері мен дұрыс істерінің арқасында жетістікке жетуші. Деннің сау болуына тек спорт қана емес дұрыс тамақтанудың да әсері мол. Пайдалы тағамдар мен пайдасыз тағамдарды ажырата білу біз үшін маңызды. Организмді құртып алмай өміріміздің соңына дейін аялай білсек денсаулықты қадірлегендігіміз. Ал дұрыс тамақтанбай, не болса соны жеп жүре берер болсақ бір күні салауатты өмір салтынан айырыламыз. Дұрыс тамақтануды қалыптастыруды балалық шақтан бастау қажет деп білемін. Себебі бала кезден  белгілі ережелерге бағынып, шектеу қоя білуді үйренсек пайдасы келешегімізге жақсы. Өзімізден кейінгі ұрпақты да соған тәрбиелеу керек. Денсаулығы мықты баланы тәрбиелеп өсірсек болашаққа нық сеніммен, үмітпен күмәнсіз қарай аламыз. Себебі жастар, келешек ұрпақ, болашақты басқарушы.

Адамның өмір салты өздігінен қалыптаспайды, ал салауатты өмір салты өмір сүру барысында мақсатты түрде жүзеге асады. Дұрыс тамақтану да, спортпен күнделікті шұғылданып отыру да адам баласының өз денсаулығына жасаған көмегі. Өзімізді және өз денсаулығымызды ойласақ спортпен шұғылданайық, дұрыс тамақтанайық.

Ақбота КЕҢЕСБЕК,

Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда педогикалық жоғары колледжінің студенті,

Жетекшісі – Дархан СЕЙІТЖАНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: