Менің қатарларым мектепте «Қазақстан тарихы» пәнін оқыған жоқ десе де болады, 7-8 және 9-10-сыныптарға арналған жұқа ғана оқулық болды. Мұғалімдеріміз «өздерің оқып аларсыңдар» деп, тек параграфты көрсететін. Оның есесіне «СССР тарихы» терең оқытылатын, сондықтан болар 4-сыныпта өткен орыс Иван Сусаниннің ерлігі есімде жатталып қалыпты. Романовтар әулеті таққа отырған кезде басталған польяк-орыс соғысы кезінде вотчина старостасы Иван Сусанинді польяк-литовтар ұстап алып, патша Михаил Романов әскері жасырынып жатқан жерін көрсетесің деп қорытып өздерімен бірге алып жүреді. Можайск орманының түкпірінде жалғыз жолмен баратын ұйық-батпақты жерге апарып қайтатын жолды қанша азаптаса да көрсетпей өліп кеткенмен, басқыншылар да түгелдей шыға алмай ұйыққа батып қырылып қалады. Сусанинге 1851 жылы орыс патшасы ескерткіш орнатады, 1918 жылы өздерінің тарихынан мақұрым большевиктер ескерткішті қиратып тастайды, 1967 жылы қайтадан жаңа ескерткіш орнатты.
1979 жылы соғыс тарихын зерттеуші Н.Борисов «Олар Сусанин ерлігін қайталағандар» деген кітап жазды. Москвадан шыққан бұл кітапта азамат және совет-герман соғысы кезінде Сусаниннің ерлігін қайталаған 52 адам фотосымен берілген болатын. 52 адамның барлығы соғыс болған Ресей, Украин, Беларусь, бір адам Латвиядан шыққан еді. Ал, қазақ Бектұрлиев Байшыған 53-ші болып, Кострамадағы Сусанин мұражайына тіркеліп, суретімен өзінің лайықты орнын алды, ерлігі туралы кітап та жазылды.
Қазақ батыры Байшығанның бұл ерлігін жариялаған жазушы-чекист Серік Шәкібаевтың (1926-1999) еңбегі еді. С.Шәкібаев 1945 жылдан бастап МГБ, кейін КГБ-де қызмет істеп, полковник шенімен доғарысқа шықты. 60-жылдардың басынан бастап детективтік жанрда әңгіме мен повестер жаза бастады. 1968 жылы жазған «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты кітабында Байшыған батырдың ерлігін жазады.
1944 жылы мамыр айының соңында «Абвер» барлау мектебінде дайындықтан өткен 14 диверсант Гурьев облысына парашютпен түсіріледі. Обер-лейтенант Әлихан Ағаев бастаған бұл топтың мақсаты Совет армиясын жанармаймен қамтамасыз етіп отырған Гурьев-Орск мұнай құбырын істен шығару еді. Диверсантар ми даладан стратегиялық нысанды таба алмайтыны белгілі болғандықтан, оларға өз адамын кездестіру үшін, өз малын іздеп жүрген жылқышы ретінде бір адамды жіберуді көздеді. Баскесерлердің ортасына кім бара қойсын? Сәл сезік туғызса, табан астында өлтіріп тастайтыны белгілі емес пе? Дегенмен, бұл жауапты тапсырма сол кездегі Киров атындағы колхоздың жылқы ферма меңгерушісі Байшыған Бектұрлиевке жүктелді. Бастапқыда диверсанттардың айтқанына бірден көне қоймаған болып еді, топ басшысы Әлихан Ағаев Байшығанның басына тапаншаны тақап «осы жерде атып тастаймын» дегесін «амалсыз» көнеді. Обер-лейтенант Ағаев тобын №3 «нефтокачкаға» алып барады, ол жақта Гурьев облыстық НКГБ қызметкерлері күтіп жатқан болатын, Байшығанды аман алып қалу үшін бірден оқ жаудырады, осыны пайдаланып ол да жасырынып үлгіреді. Міне, Сусанин ерлігін қайталап, 53-ші болып тіркелген қазақ батыры Байшығанның ерлігі осылай тарихта қалды.
Б.Бектұрлиев 1970 жылы 84 жасында қайтыс болды, ұрпақтары қазіргі Атырау облысы, Жылыой ауданындағы бұрынғы «Коммунизм таңы» совхозында (қазіргі атауын білмедім) тұрып жатқан болуы керек.
Бақытжан Абдул-Түменбаев,
тарихшы, журналист-дайджест
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!