Кеше Қазалы ауданындағы іргелі елді мекеннің бірі – Бекарыстан би ауылында Ұлы Жеңістің 77 жылдығы мен Көбек бабаны еске алуға арналған шара өтті.
Бұл күні ауылдың орталық алаңына жиналған адамның қарасы қалың болды.
Орталық саябақтағы іс-шара театрландырылған көрініспен басталып, ауыл өнерпаздары өнегелі өмір жолымен ел есінде қалған бабаның бейнесін қайта жаңғыртты.
Іс-шараның ашылу салтанатында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құттықтау сөз сөйлеп, ізгі лебізін білдірді. Сондай-ақ, мұндай маңызды іс-шараны ұйымдастыру ынтымағы жарасқан, жалындап тұрған жастары бар ауылдардың қолынан келетінін атап өтті.
Мұнан соң Көбек бабаның ұрпақтары ауылға келген ағайын мен қонақтарға арнап Бекарыстан би ауылындағы «Тілеулес» мейрамханасында ас беріп, баба рухына арнап құран бағыштады.
Ауыл күні аясында өткен шарада қазақтың ұлттық спорт түрлері қазақша күрес, аударыспақ, аламан бәйгеден жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қомақты қаржылай сыйлықтар табысталды.
Сондай-ақ, облыстық ақындар айтысы да ұйымдастырылып, ауыл халқы сөз зергерлерінің тапқырлығы мен орнымен айтылған әзіл-қалжыңға куә болды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!