Бұрынғыдай майшелпек екінің біріне бұйыра бермейтін болды. Бұл жаңалық білім саласына, оның ішінде педагогтерді жұмысқа қабылдауға байланысты болып тұр. Жақында ғана ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов фейсбук әлеуметтік желісінде осыған қатысты жазба жариялады. Оның айтуынша, ҚР Білім және ғылым министрлігінің педагогтерді жұмысқа қабылдау қағидаларына қатысты жаңа бұйрығы ҚР Әділет министрлігінде тіркелді. Енді педагогтерді жұмысқа қабылдау жаңа форматта конкурс және нақты критерийлер бойынша жүзеге асырылатын болады.
Директорлардың осыған дейін мұғалімді жұмысқа қабылдай беретін құзыреті бар еді. Бейресми мәліметтерге сүйенсек, директорлар қабылданатын қызметкерден, яғни мұғалімнен кемінде миллион теңге пара алады. Қарапайым еден жуушы болып кіру үшін қалтаңда 200-300 мың теңгең болу керек. «Ел құлағы – елу». Бейресми дегенімізбен, түбінде бір шындықтың сығалап тұратыны рас. Мұндай жағдайларға келтіретін ресми деректер де бар. Осыдан тура бір жыл бұрын Таразда мұғалімдерден «сағатыңды көбейтіп беремін» деп ақша дәметкен директордың ісі жария болған еді. 24 сағат үшін 30 мың, ал одан көп алғың келсе, 50 мың теңгені санап беруің керек. Тараздағы №43 мектептің директоры мұғалімдерге осындай талап қойған. Тіпті талабына көнбегендерді қысым көрсетіп, жұмыстан шығарған. Мұндайды да естігенбіз. Құлқынның қамы қысып, адамгершіліктен ақша үшін аттап жүргендердің бұл – бір парасы ғана. Қазақстанның түкпір-түкпірінде осындай оқиғалар болып жатса да, жеп жүрген нанынан айырылмау үшін директорларына амалсыз бағынып жүргендер қаншама?! «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деп, бұқараға беймәлім қалып жатқан жағдайлар көп-ақ.
Парақор директорлар жайлы жұрт арасында желдей ескен әңгімелер еліміздің бас ұстазы А.Аймағамбетовтың да құлағына жеткені белгілі болды.
– Енді, шындықты бәріміз білеміз. Өмірде қандай жағдайлар болып жатқанын да көріп жүрміз. Сондықтан ондай мәселелердің, бұндай тәуекелдердің бар екенін мойындаумыз қажет. Біз оны білеміз. Білгеннен кейін арнайы нормаға бастамашы болып, оны заңнамаға енгіздік, – дейді ол.
Министрдің айтуынша, бұрын мектеп директоры мұғалімді жұмысқа қабылдағанда жеке өзі шешім қабылдайтын. Ал адам өзі шешім қабылдағанда сыбайлас жемқорлық қаупі бар. Бұдан бөлек, нақты бір талаптар болмады. Енді мұғалімді жұмысқа алу мәселесін директор жеке өзі шеше алмайды. Бәрін конкурспен өткізеді. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты болдырмау мақсатында жақында ғана бас ұстаз педагогтердің қызметке қабылдану қағидаларымен бөлісті. Бұған дейін нақты ереже болған жоқ, яғни мектеп директоры кімді және қандай көрсеткіштер бойынша жұмысқа қабылдау керектігі туралы өзі шешетін. Бұдан былай білім беру ұйымдары барлық бос немесе уақытша бос лауазымдарға конкурс өткізетін болады. Бұл шағын жинақты мектептерге қатысты емес.
Байқауға біліктілік сипаттамаларына сәйкес келетін мұғалімдер қатысады.
– Жұмысқа орналасу кезінде үміткер конкурсқа қатысу туралы өтініш береді. Өтініш беруші өзінің бағалау парағын қоса ұсынады. Онда барлық жетістігі, нәтижелері, еңбек өтілі, әкімшілік немесе әдістемелік қызмет тәжірибесі, курстық дайындық және басқа да ақпарат көрсетіледі. Әрбір бағыт бойынша кандидат белгіленген критерийлер арқылы бағалау шкаласына сәйкес өз балдарын дербес қояды. Конкурстық комиссия өтініш берушінің өзі қойған балдардың, оларды растайтын құжаттардың сәйкестігін тексеріп, қорытынды ұпай шығарады. Нәтижесінде бос орынға ең көп балл жинаған үміткер қабылданады. Субъективизм деңгейі барынша төмендейді. Сонымен бірге бұрынғы жұмыс орнынан ұсыныс хаттар да сұратылады. Үміткер оң ұсыныс үшін 3 балл жинаса, ал теріс ұсыныс үшін 5 балл жоғалтады. Ұйымдар үміткердің қандай да бір бұзушылықтарға, оның ішінде педагогикалық этика бойынша бұзушылықтарға жол берді ме, жоқ па, сол туралы ақпаратты ескере алады. Мұндай фактілер анықталса, педагог кез келген кезеңде конкурстан шеттетіледі, – деді А.Аймағамбетов.
Ережеде үміткердің біліктілік санатының міндетті түрде болуы қарастырылған. Енді жоғары оқу орындары мен колледж түлектеріне жұмысқа қабылдану үшін дипломның болуы жеткіліксіз екенін атап өткен жөн. Олар Ұлттық біліктілік тестілеуден өтіп, одан әрі мектепте «педагог» бірінші санатын алуға міндетті. Педагог қызметін негізгі жұмысымен қоса атқаратын мұғалімдерді бір пән бойынша 8 сағаттан аспайтын жүктемемен конкурссыз жұмысқа қабылдауға рұқсат етілетінін айта кеткен жөн. Сондай-ақ осы білім беру ұйымының мұғалімдері арасында жүктемесі 8 сағаттан аз бос орындарды үлестіруге болады. Бұл ретте бір пән бойынша бос 9 немесе одан да көп сағатты жасанды түрде бөлшектеуге жол берілмейді. Қабылданған ереже педагогтермен, сарапшылармен, мектеп директорлары және әдіскерлермен, білім басқармаларының басшыларымен және басқа да білім беру ұйымдарының өкілдерімен талқыланды. Аталған шаралар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға және педагог лауазымына үміткерлерді сапалы іріктеуге бағытталған.
Білім саласындағы былықтардың азаяр тұсы осы болса, мұның да нақты нәтижесін уақыт көрсетеді. Бірақ алып үйренген қол қандай жағдайда да амалын табуы бек мүмкін. Заңды формальды деп қарайтын уақытта тұрғанымыз тағы бар. Кім біледі, бұл да дұрыс шешім шығар?!
Ә.ТАУАР
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!