Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тәуелсіздіктің 30 жылдық белесі

15.12.2021, 12:10 725

HALYQLINE.KZ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2021 жылғы 6 желтоқсанда жарық көрген «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында еліміздің Тәуелсіздік жолындағы 30 жылдық белесіне шолу жасап өтті.

Ата-бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздік тізгіні қолға тигелі тарих үшін қас қағым сәтте талай асулардан сүрінбей өтіп келеміз. Шеті шексіз алып мұхиттай, түпсіз тұңғиық өмір деген соқтықпалы соқпақ жолмен аман-есен келе жатырмыз.

Қазақ халқының қанына сіңіп, санасында қалыптасқан адалдық, дарқан көңілділік мінезімен тағдыры талайлы болған сан ұлт өкілдері бір шаңырақ астында татулықта өмір сүріп, әлемге ауызбіршіліктің орасан күш екенін дәлелдеп отыр.

Осы тұрғыда, Елбасы өзінің мақаласында: «Тамырын да, тарихын да, күш-қуатын да Ұлы даладан алатын, көптеген этнос өкілдері татулық пен келісімде, береке-бірлікте бірге өмір сүріп жатқан дәл осындай елдің ұлы мен қызы болу – әр қазақстандықтың маңдайына жазылған шексіз бақыт», – деп атап өткен.

Тәуелсіздік жолында талай ғасыр бойы ата-бабаларымыз жан аямай күрескені баршаға аян. Қайсар халқымыз Азаматтықтың ақ жолында аштықты да, жоқшылықты да, қуғын-сүргінді де көрді. Ел болу жолында рухы сынбады. Соның арқасында, тілін де, ділін де, дінін де, мәдениеті мен салт-дәстүрін де сақтай білді.

Аталмыш мақалада Елбасы: «Кейде ойлаймын: қазақ деген не деген төзімді халық?! Көнбеске көніп, шыдамасқа шыдаған. Болашағы бұлдыр болған күннің өзінде сағын сындырмай, келешектен үмітін үзбеген. Қиындық атаулыға қасқая тұрып, үздіксіз алға жылжыған» – деп атап көрсетті.

Расында да, ХХ ғасырдағы қазақ халқының басынан өткен ауыртпалықты кез келген ұлт көтере алмауы мүмкін. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, азамат соғысы, ашаршылықтың алапат екі толқыны, қуғын-сүргін мен репрессиялар, Ұлы Отан соғысы, «Желтоқсан» оқиғасы – бәрі-бәрі Тәуелсіздігімізді алып, ұлт ретінде дамуымызға кедергі болды.

Алайда, жолымызда кездескен барлық қиындықтарға қарамастан, ата-баба аңсаған азаттықтың самал желі есіп, 1991 жылдың 16 желтоқсанында Тәуелсіз ел атандық. Осы бір алмағайып тарихи кезеңде ұлт қамын ойлаған отаншыл азаматтарымыз атқа қонып, еліміздің дамуына өз үлестерін қосты.

Қазақ елі өзін бейбіт ел ретінде жариялап, жан-жақтағы көрші елдермен татулық қарым-қатынаста шекараны шегендеп алды. Қазақстанды әлем мемлекеттері мойындады. Ата Заңымыз – Конституциямызды қабылдадық. Жаңа астанамызды Сарыарқаның төріне, ерке Есілдің бойына салуды іске асырдық. Еліміздің бұрын-соңды болмаған құрылыстар салынды. Теміржол, тас жолдар төселді. Соның нәтижесінде, еліміз Еуропа елдеріне, Парсы шығанағына, Үнді, Атлант және Тынық мұхитқа тікелей шығу мүмкіндігіне қол жеткізді. Қандастарымыз елге әкелінді. Демографиялық ахуал жақсарды. Іргеміз бекіді.

Бұл орайда, сот жүйесінің қызметі де заман талабына сай қарқынды түрде дамып, қалыптасты. Салада жүргізілген реформалар сот жүйесінің қызметін реттеп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына елеулі ықпал етті. Қазіргі таңда дауласқан азаматтарды татуластыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Татуластыру тетіктері тараптардың дауларды бітімгершілікпен шешуіне және халық арасындағы дауласу деңгейін төмендетуге септігін тигізуде.

Карантиндік шектеулер кезеңінде де сот жүйесі өз қызметін тоқтатпай, сот отырыстарын онлайн форматта жүргізіп, бұл тәжірибе қазіргі күнге дейін жүзеге асырылып отыр. Мұның өзі заманауи технологиялардың сот саласына тиімді енгізіліп, іске асып отырғанының көрінісі.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздіктің 30 жылында әлем мойындаған, бірлігі мен берекесі жарасқан, дамыған елдердің қатарынан көрінді. Бүгінгі күні жетістіктеріміздің барлығы үлкен мақтанышпен, ерекше толқыныспен айтылады.

Қорыта айтқанда, Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында еліміздің Тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу жолындағы күрестері мен жеткен жетістіктері толықтай кезең-кезеңімен қамтылған. Баршамыздың ортақ мақсатымыз Тәуелсіздігіміздің нығаюы жолында еңбек ету болып табылады. Әр адам өз саласында адал еңбек ете отырып, Қазақстанның дамуына өз үлесін қоса алады. Алдымызда үлкен мақсаттар мен межелер тұр. Соған жету жолында бірлігімізді нығайта беруіміз керек.

Осы орайда, Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен барша қазақстандықтарды құттықтай отырып, ел бірлігі мәңгілік болсын дегім келеді.

Т.Жүсіпов,

Байқоңыр қалалық сотының төрағасы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: