Крон ауруы алғаш рет 1932 жылы регионарлы энтерит деген атпен белгілі болып, осы ауру тек ащы ішектің соңғы бөлігінде кездеседі. Соңғы уақыттары бұл аурудың ішек-қарын жүйесінің кез келген бөлігінде кездесуі мүмкін екендігі анықталды. Крон ауруы созылмалы сырқаттар қатарына жатып, ішек-қарын жүйесінде тән емес гранулематозды қабынудың дамуымен сипатталады. Бұл ауру кейде өңеште де кездеседі.
Медицина ғылымында алғаш рет жіліктеп жазған америкалық гастроэнтеролог Баррил Бернард Кронның атымен «Крон ауруы» аталған бұл дерт сирек кездесетін, яғни орфанды аурулардың қатарына жатады. Бүгінде елімізде «Крон ауруының» шырмауына ілінген балалар мен жасөспірімдер саны 100-ге жуықтаған. Дүниежүзілік гастроэнтерологтар ассоциациясы әлемнің 30-дан астам елінің емделушілер ассоциациясының ұсынысымен 19 мамырды ішек қабыну ауруларымен (ІҚА) күрес күні деп бекіткен. ІҚА бүгінде қатерлі дертке айналып отыр және гастроэнтерологиялық тәжірибеде ең маңызды проблемалардың бірі. Еуропа елдерінде күн сайын шамамен үш миллион адамға аталған аурудың диагнозы қойылады екен. Ал Қазақстанда 2018 жылы Крон ауруы бар 555 және жара колиті бар 2218 науқас тіркелген. 2019 жылға арналған эпидемиологиялық зерттеуге сүйенсек, Крон ауруының таралуы 100 мың тұрғынға шаққанда 35,8 жағдайға, ойық жаралы колит 100 мың тұрғынға шаққанда 91,5 жағдайға жеткен. Сала мамандарының айтуынша, бұл статистика толық болмауы да мүмкін, өйткені көптеген науқастар өздерінің бұл аурумен ауыратынын білмейді.
Бүгінгі таңда Қазақстанда ішектің қабыну ауруларын ерте сатысында анықтауға мүмкіндік беретін диагностикалық процедуралардың кең спектрі бар. Ішек құрылысының асқынған ауруын емдеуге арналған препараттармен қамтамасыз ету жақсарып және негізгі терапиялық препараттар мен жергілікті стероидтардың тізімі үнемі кеңейіп келеді.
– Әлемнің әр аймағында ішектің қабынуы ауруына шалдығу көрсеткіші әртүрлі. Жыл өткен сайын бұл сырқатқа аз шалдығатын Жапония, Оңтүстік Корея, Ресей елдерінде де өсім байқалады. Науқастардың көпшілігі амбулаториялық кезеңде қарала бермейді. Сондықтан ішек қабынуы ауруында медициналық көмекке уақытылы жүгінбеудің салдары туралы науқастардың жеткілікті түрде хабардар болмауы мәселесін шешу қажет. Бұл өз кезегінде ақпараттық іс-шараларды тұрақты өткізуге, қолжетімді көмектің көлемі туралы ақпараттандыруды, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жақсартуға көмектеседі, – дейді С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ гастроэнтерология кафедрасының доценті, Ішекті зерттеу жөніндегі Қазақ ғылыми қоғамының президенті Жамила Қайбуллаева.
Крон ауруы көптеген белгілері бойынша жаралы колиттен айырмашылығы бар.
Біріншіден, бұл ауру негізінен мықын ішекте, аппендиксте және тікішекте, ал кейде ол ішек-қарын жүйесінің кез келген жерінде дамыса, жаралы колит тек тоқішек үшін тән болып, көбінесе тікішектен басталады.
Екіншіден, осы ауруларға тән жара Крон ауруында саңылаудай тар, бірақ терең болып, әртүрлі бағытта жайғасып, «тас төсеген көше» көрінісін түзсе, жаралы колитте олар әртүрлі пішінді немесе домалақ, сопақша болады.
Үшіншіден, жаралы колитте тоқішек диффузды өзгерсе, Крон ауруында қабыну ошақты болып, екі ошақ арасында өзгермеген ішек ұлпасы жатады.
Төртіншіден, Крон ауруы үшін гранулематоз құбылысының дамуы тән. Олар эпителиоидты және Пирогов-Лангханс типіндегі алып клеткалардан түзілген.
Бесіншіден, Крон ауруында лимфоидты элементтердің гиперплазиясы көрінсе, жаралы колит үшін лимфа түйіндерінің, ішек лимфоид ұлпасының семуі тән.
Крон ауруының шығу себептері белгісіз, бірақ зерттеушілер оның этиологиясын жаралы колитпен қосып қарайды. Бұл аурудың 35 пайызы отбасындағы әлеуметтік жағдайға байланысты дамиды.
Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!