Бүгін «Атамекен» Ұлттық кəсіпкерлер палатасы «Бастау Бизнес» жобасының 5 жылдағы жұмысын қорытындылады. Нұр-Сұлтан қаласында жоба түлектерінің өнімдерінен көрме ұйымдастырылды жəне онлайн-форум өтті. Оның аясында кəсіпкерлер мен олардың бизнес-тренерлері шеберлік сабағын өткізді. Осы уақыт ішінде 185 мыңға жуық қазақстандық кəсіпкерлік негіздерін оқыды. Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады.
Елбасы «Бастау Бизнес» бағдарламасына жоғары баға берді. Нұрсұлтан Назарбаев бейнеүндеу жолдап, жобаны Қазақстан бойынша жалғастыру қажеттігін атап өтті.
«Оқу аяқталғаннан кейін бизнес-тренерлер жыл бойы кəсіпкерлердің жобаларына жетекшілік етеді. Ісін жаңа бастаған кəсіпкердің проблемасын шешуге көмектеседі. Бұл, əсіресе, бизнеске жаһандық пандемияға байланысты қатты қысым түскен кезде өте қажет. Еліміздің гүлденуі азаматтардың əл-ауқатына тікелей байланысты, сондықтан мен жоғары бағалайтын «Бастау Бизнес» бағдарламасының барлық қатысушысына сəттілік тілеймін. Ел бойынша бұл бағдарламаны жалғастыру керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Шара барысында Қызылорда облысынан жобаның 2020 жылғы түлегі Лаура Рамазанова сөз сөйледі.
Лаураның негізгі мамандығы – аудармашы. Балалармен жұмыс істеуді ұнататын ол төрт жыл нәрестелер массажисті және фитнес-тренер болып жұмыс істейді.
«Қызығушылығымды кәсіпке айналдыру үшін 2020 жылы «Бастау Бизнес» жобасына келдім. Жобаны сәтті аяқтап, 555 мың теңге гранттық қаржыға жаңа туған сәбилерге арналған массаж орталығын аштым. Кәсібімді ашу пандемиямен қатар келіп, көптеген қиындықтарға кездестім. Уайымнан ұйықтамаған кездерім де болды. Бірақ жобада алған білімім мен бизнес-тренердің қолдауының арқасында кәсібімді дұрыс жолға бағыттай алдым. Қазір көрсететін қызметіме сұраныс жоғары. Несие алып, қосымша үш жасқа дейінгі балаларға арналған акватерапия, бассейн, төрт жастан асқан балаларға гимнастика, ересектерге арналған массаж және хиджама кабинеттерін іске қостым. Хоббиімді кәсіпке айналдыруға мүмкіндік берген «Бастау Бизнес» жобасына алғысым шексіз. Жоба ғұмырлы болсын», – деді форумда Лаура Рамазанова.
Кәсіпкер бүгінде 6 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ендігі жоспары – педиатор кабинетін, жүкті әйелдерге арналған курстар ашу.
Айта кетейік, Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, өңірде бес жылда 11670 азамат «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқып, 6723 жоба мемлекет тарапынан қаржыландырылған.
Бастаулықтарды несиемен қамту мақсатында облыс әкімдігі мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесе «Аtameken Qyzylorda» микроқаржы ұйымын құрды. Биыл аталған микроқаржы ұйымы арқылы 291 жобаны қаржыландыру жоспарлануда.
Қазір микроқаржы ұйымына облыс бойынша 102 азамат несиеге өтінім беріп, құжаттары қаралып жатыр. Жобалардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!