Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

8 жыл: «Атамекен» кәсіпкерлердің қара шаңырағына айналды

09.09.2021, 15:43 567

HALYQLINE.KZ

Биыл «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылғанына 8 жыл толды. Дәстүрлі мерекеге орай Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрайымы Гүлзағира Әбдірайымовамен сұхбаттасып, аймақтағы кәсіпкерлердің қызметіне қатысты қандай өзгерістер мен жоспар барын сұрадық.

Кәсіпкерлер палатасының дирекциясында мемлекеттік органдар, үкіметтік емес, қоғамдық және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауға, басқару органдары қабылдаған бағдарламалық құжаттарды іске асыруға жәрдемдесу мақсатында 2013 жылы Өңірлік кеңес құрылды.

Гүлзағира Оралбайқызы, кәсіпкерлер палатасының осы уақытқа дейін атқарған елеулі жұмыстарына тоқталсаңыз.

Кәсіпкерлер палатасы құрылған сәттен бері артылған жүк жеңіл емес. Дегенмен, бүгінде жергілікті атқарушы органдар салаға қатысты қабылдайтын нормативтік-құқықтық актілерді Палатаның келісімінсіз қабылдай алмайды. Сегіз жылда Палата заңгерлері түскен 2232 өтініштің 934-ін оң шешіп, 3,5 мың кәсіпкердің құқығын қорғаған. Нәтижесінде кәсіпкерлер өздерінің 8,8 млрд теңгесін сақтап қалды. Сандарды одан әрі сөйлетсем, кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті азаматтарға 60540 кеңес берген. 1833 бизнес-жоспар әзірлеп, оның жалпы құны 3 млрд 450 млн теңге тұратын 690-ы қаржыландырылған. «Бизнес-мектеп» компоненті аясында 7083 адамды, «Бастау Бизнес» жобасы аясында 11670 азаматты оқытқан. 22 мың оқушыға кәсіби бағдар берген. Бұл – үлкен әрі жүйелі істелген жұмыстың нәтижесі. Жалпы, «Атамекен» осы жылдар ішінде кәсіпкерлердің қара шаңырағына айналды. Салаға қатысты мәселелердің мемлекеттік деңгейде шешілуіне үлес қосып отырған ұйым.

– Жаңа басшы ретінде Өңірлік кеңестің бұрынғы атқарған жұмысы жайлы баяндап берсеңіз.

Әрине, салаға қатысты жаңалықтардан, әріптестерімнің жұмыстарынан хабардармын. Өңірлік кеңесте бізге дейін де беделді, білікті, кәсіпкерліктің дамуында айтарлықтай орны бар азаматтар мүшелік етті. Осы азаматтардың жергілікті атқарушы органмен бірлесе атқарған жұмысының нәтижесінде аймақтағы азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қаржыландыруға арналған «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы құрылды. Бұдан басқа индустриалдық аймақты дамыту тұжырымдамасы, «2020 жылға дейінгі облыстың агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың жол картасы» бекітілді. «Бизнестің жол картасы», «Еңбек» және өзге де мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу тиімділігіне тұрақты түрде мониторинг жасалды. Басқа да көзге көрінбейтін, алайда саладағы жұмыстарды ұйымдастыруда қабылданған шешімдер жеткілікті.

Жалпы, Өңірлік кеңестің шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудағы рөлі қандай?

Ұйымдастыру жұмыстарындағы сала үшін нәтижелі қабылданатын шешімдер туралы айттым. Мысалы, біздің Өңірлік кеңес мүшелерінің бәрі жергілікті атқарушы орган жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың құрамына енген. Бұл комиссия, кеңестерде кәсіпкерлердің нақты мәселелері көтеріледі. Біз осы шараларда кәсіпкерлер үшін оң, тиімді шешім қабылдануына мүдделіміз және осы бағытта жұмыс істейміз. Сондай-ақ, аудандағы бизнес өкілдерінің өзекті мәселелерін анықтап, шешу үшін аудандық кәсіпкерлер кеңесі құрылған. Бұл кеңестерде де біздің Өңірлік кеңестің мүшелері төрағалық етеді. Яғни мәселелер жергілікті жерде шешілмесе немесе жүйелі шешуді қажет еткен жағдайда біздің Өңірлік кеңесте қаралып, әрі қарай облыс әкімдігіне немесе «Атамекеннің» орталық аппараты арқылы Үкіметке ұсынылады. Сондай-ақ, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығының бақылау кеңесіне және мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде кәсіпкерлік мақсатқа берілетін гранттық комиссия құрамына да Өңірлік кеңес мүшелері енгізілген. Бұл шаралар жобаларды қаржыландыруда ашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні сөзсіз. Ал өзім, «Атамекен» ҰКП Төралқасы жанындағы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы комитетінің мүшесі ретінде осы саладағы нормативтік-құқықтық құжаттарға енгізілетін өзгерістерге қатысты ұдайы ұсыныстар беріп келемін.

Өңірлік кеңестің алдағы жоспары қандай?

Биыл Қызылорда қаласында шағын индустриалды аймақ құрып көргіміз келеді. Бұл жөнінде Кәсіпкерлер палатасы тиісті мемлекеттік органдармен жұмыс атқарып жатыр. Нәтижесін уақытында көреміз. Сонымен бірге, Жаңақорған ауданында сол жақтағы әріптестеріміздің ұсынысы негізінде бір пилоттық жобаны бастап көргіміз келіп отыр. Жергілікті кәсіпкерлер азық-түлік бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін еккен көкөністерін халыққа нарық бағасынан төмен сатуға әзір. Тек оларды жалға алынатын орынның қымбат болғаны толғандырып отыр. Сол үшін біз аудан әкімдігімен бірге арнайы орын әзірлеп, бұл бастаманың қалай жүзеге асырылатынын көргіміз келеді. Бастама сәтті болса, өзге аудандарға да енгізуді ұсынамыз.

Гүлзағира Оралбайқызы, сұхбатыңызға рақмет!

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: