Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Хаддадия» идеологиясының қауіптілігі

08.09.2021, 12:00 581

Егемендік алып, тәуелсіз ел болғанымызға биыл отыз жыл болады. Осы уақыт ішінде көптеген іс-шаралар атқарылып, мемлекетіміздің дін саласындағы саясаты елдегі тұрақтылық пен тыныштықты қамтамасыз ету жолында айтарлықтай жетістіктерге жетті. Еліміздің Ата Заңы діндарларға өз діндерін ұстануға еркіндік берді. Алайда осындай кеңшілікті пайдаланып, кейбір мүдделі топтар дәстүрлі дінімізге қарама-қайшы, рухани құндылықтарымызға қарсы пікірлер мен көзқарастарды түрлі жолдар және әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы таратуға тырысуда. Сондай көзқарастардың бірі – хаддадия ағымының идеологиясы. Негіздінде «салафизмнен» бастау алған бұл идеология одан бөлініп, жеке діни ағымның ұстанымына айналып кеткен. Жалпы алғанда, хаддадия ағымы дәстүрлі діни көзқарасымызға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын псевдосалафизмнің, соның ішінде «мадхализмнің» «асқынған» түрі. Мәселен, сәлафисымақтар өздерінің ұстанымдарына сәйкес емес көзқарастар айтқан ғалымдарға сын айтумен шектелсе, хаддадилер бүкіл Ислам әлемі мойындаған дін ғұламаларының кейбірін адасқан, бидағатшы десе, кейбіріне «такфир» жасап, діннен шығарып жіберген. «Хаддади» деген атау Яхия әл-Хажуримен діни идеалогиялық пікірлері бір болып табылатын мысырлық Махмуд әл-Хаддад деген кісінің есімімен байланыстырылады.

Исламтанушылардың келтірген мәліметіне қарағанда, хаддадилердің саяси пікірлері мадхалиттермен бірдей болып келеді. Мадхалиттер сияқты хаддадилер де ДАИШ-ты және өзге «қарулы күресті» қолдайтын өзге террористік ұйымдарын сынайды. Сондай-ақ, хаддадилер сәләфи-ихуандарға өте қатты қарсылық танытады. Әрі табдиғ, яғни бидғатшыға шығаруда тым шектен шығады. Тіпті дәстүрлі діни бағыттың ғұламалары Имам Ибн Хажарды мысырлық Саид Қутуптан да қауіпті бидғатшы деп есептеген. Ибн Хажар мен әйгілі Имам ән-Нәуәидің де кітаптарын өртеу керек деп санайды. Хаддадия ағымы басшыларының бірі Яхия әл-Хажуридің пікірі бойынша, «сайлауда дауыс беру Алланың хақ шариғатын жоққа шығаратын демократиялық жүйе болып есептеледі». Бұны Рабиғ әл-Мадхали де айтқан. Демек мадхалиттер мен хаддадиттер кез келген сайлауға қатысуды шариғатқа қарсы амал деп біледі.

Сондай-ақ, Яхия әл-Хажури 2011 жылы Йеменнің Даммадж қалашығында оқып жатқан студенттерді шиит-хуситтерге қарсы жиһатқа шақырып, қарулы қақтығыстар ұйымдастырды деп айыпталды. Нәтижеде, қалашық бірнеше рет хуситтердің қоршауында болған. 2014 жылы әл-Хажури Дәммаждан кетуге мәжбүр болды. Ол Йеменнің астанасы Санаға қоныстанып, ол жерде әртүрлі жиындарда шииттерге қарсы тұруға шақыруын жалғастырды. әл-Хажури Йемендегі «отандық диалогты» сынап қарсы шықты. Себебі, бұл диалогқа Йемендегі еврейлер мен шиит-рафидиттер қатысады. Ал мұсылман адам ешқашанда бұлармен бір стол басына отыра алмайды. Отандық диалогке қарсы тұратын хаддадилердің діндер аралық диалогқа да қарсы болатындықтары айтпаса да түсінікті.

Хаддадилердің адасқан идеологиясына тоқталсақ, келесі мәселелерді атап өтуге болады:

1) Олар өздерінің көзқарастарына қосылмаған қазіргі заманның ғалымдарын жек көріп, оларға надан, адасқан деген айдар тағады, оларға түрлі жала жабады.

2) Хаддадилер дінге жаңалық еңгізушілерді бидағатшы деп біледі. Сондықтан, бүкіл сунниттер мойындаған Ибн Хажар әл-Асқаланиді олардың назарында аса қауіпті бидғатшы болып табылады.

3) Кімде-кім олар «бидғатшы» деп таныған тұлғаларды «бидғатшы» деп айтпаса адасушылар қатарына қосылады. Олар бір тұлғаға қатысты пікірі сәйкес келмеген кісілерді жау көріп, оны жек көреді., Нәтижесінде дәстүрлі сенім-наным мектебі болған матуридия ақидасының имамдары жөнінде жақсы сөз айтқандар бірден олардың дұшпанына айналып қалады. Соңғы екі мәселеде хаддадилер харижиттердің әдіс-тәсілдерін қайталайды. Сондықтан оларды қазіргі заманның харижиттері деп атасақ, қателеспейміз.

4) Олар өздері бидғатшы деп білгендерге дұға қылуды, оларға Алланың рақымын тілеуді тыйым салады. Сөйтіп, көптеген әһлі-сүннет имамдарын жәһмия, муғтазила және хауариждермен бірдей көреді.

5) Хаддадилер өздерінің қарсыластарымен жек көрумен ғана шектелмей, олардың рухани ұстаздары болған ұлы имамдарға тіл тигізеді. Олардың рухани мұрасын оқуға, пайдалануға болмайды, тіпті оны өртеу керек деп біледі.

6) Олар дінде шектен шығып, сүннет және мұстахап амалдарына шектен тыс көңіл бөледі. Сонымен бірге шариғатымыз құпталған амалдарды қалдырғандарды қатаң жазғырады.

7) Өздерінің көзқарастарын жақтау мақсатында, алғашқы ғалымдардың сөздеріне жүгініп, оны дәлел ретінде келтіргенімен, өз ұстанымдарына сәйкес келмейтін Пайғамбардың (с.ғ.с.) хадистерінен бас тартады.

Қорыта айтқанда, хаддадилер – ақырзаманда шығатын көптеген бүлікшіл ағымдардың бірі. Өкінішке орай, олардың жаңсақ көзқарастары кейбір жастарымыздың ішінен қолдау тапты. Сондықтан, осындай теріс адасқан ағымдардың ықпалынан сақтану үшін діндарлар Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) өсиеті бойынша мұсылмандардың көпшілігі ұстанған жолда болу керек. Өзін мазалаған діни сұрақтарға жауапты ғаламтордағы әлеуметтік желілерде кім көрінгеннен емес, шариғат білімдерін меңгерген білікті имамдар мен теолог-мамандардан алу қажет.

Серіжан АНДАРБАЕВ,

Қызылорда облысының дін істері басқармасының

дін мәселелерін зерттеу орталығының маманы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: