HALYQLINE.KZ Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының тұрғыны Айнұр Алшынбай бала күтімінде отырып-ақ кәсіппен айналысуға болатынын дәлелдеп отыр. Ол 2 жылдан бері мыңнан аса тұрғыны бар Қармақшы ауылдық округі тұрғындарының нан өнімдеріне сұранысын қамтамасыз етіп келеді.
Айнұр Алшынбай қазір 24 жаста. Жас келіннің жолдасы мен балаларына әзірлеген нан өнімдері ауыл тұрғындарының да көңілінен шығып, көрші-көлемнің сұранысымен торт пен тоқаш пісіріп сата бастайды. Кейін кейіпкерімізге жолдасы «Бастау Бизнес» жобасына қатысып, қызығушылығын кәсіпке айналдыруды ұсынады.
Сөйтіп ол кәсіп негізін үйрену курсын 2019 жылы тамамдайды. Былтыр грант мақұлдайтын комиссия алдында бизнес-жоспарын сәтті қорғап, 550 мың теңгеге ауылында шағын наубайхана ашты.
«Күніне 40 шақты нан, 20-дан аса шелпек пісіремін. Бұдан басқа тұрғындардан тортқа, тоқаштың түр-түріне тапсырыс түседі. Шүкір, кәсібім жақсы жүріп тұр. Үй шаруасымен айналысып та, балаларыма қарап та үлгеремін. Хоббиімнің кәсіпке айналуына мүмкіндік берген «Бастау Бизнес» жобасына, бизнес-тренеріме алғысым шексіз. Ауыл әкімдігі де кәсібімнің ұлғаюына көмектесті», – дейді бастаулық түлек Айнұр Алшынбай.
Айта кетейік, Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен 5 жылда 11 243 азамат «Бастау Бизнес» жобасын оқыды. Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықовтың айтуынша, бүгінде 6732 жоба қаржыландырылған.
«Грант ала алмаған өзге бастаулықтарға қазір жақсы мүмкіндік бар. Олар биыл өңірде құрылған «Atameken Qyzylorda» микроқаржы ұйымы арқылы 6 пайызбен 5-7 жылға дейін жеңілдетілген несие ала алады», – деді Ғалымбек Жақсылықов.
«Atameken Qyzylorda» микроқаржы ұйымының мекенжайы:
Қызылорда қаласы Қорқыт ата көшесі, 123-үй
«Бизнеске арналған Үкімет» ғимараты, 3-қабат 316-кабинет.
Несиелендіруге қатысты сұрақ бойынша 8 /7242/ 40-09-81 байланыс нөміріне харласуға болады.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!