Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қ.ТОҚАЕВ: «Маңызды мәселеде ортақ ұстаным көрсету керек»

12.08.2021, 12:00 303

Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатқан кездесудің символдық мәні зор екенін атап өтті. Осы уақыт аралығында мемлекеттеріміз қалыптасып, әлеуметтік-экономикалық дамуда айтарлықтай табыстарға қол жеткізді және мәдени-рухани мұрамызды жаңғыртты, – деп  хабарлайды  Ақорданың баспасөз қызметі.

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылынан бастап біз иық тіресе бір-біріміздің табыстарым­ызға қуанып, қиын кезеңдерде өзара қолдау көрсетіп келеміз. Солай болуы – заңдылық. Бізді ғасырлар бойы қалыптасқан тарихымыз, рухани жақындығымыз, ортақ салт-дәстүрлеріміз байланыстырып келеді. Мемлекет басшылары Консультативтік кездесуінің форматы аймақтың ынтымақтастығына тың серпін береді. Нұр-Сұлтан мен Ташкентте өткен саммиттердің нәтижесінде байланы­сымыздың  тұрақты, дәстүрлі, ең бастысы, өзіндік сипаты қалыптасты. Аймақтағы ынтымақтастықты арттырудың негізі – жоғары деңгейдегі  сенімді  диалог, – деді президент  Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ел президенті мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыс­тардың нығая түскенін атап өтті. Бірлескен кәсіпорындар саны артып,  өнеркәсіп, энергетика, машина жасау, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы ірі жоба­лар іске асырылғанын  тілге  тиек  етті.

– Қазақстанның Орталық Азия мемлекеттерімен тауар айналымы соңғы бес жылдың ішінде бір жарым есе артып, 4,6 миллиард долларды құрады. Жүйелі диалог және үйле­сімді іс-әрекеттер – ортақ мәселелерді шешудің тиімді әрі баламасыз тетігі, – деді.

Қазір әлем елдері күрделі кезең­ді бастан өткеріп жатыр. Ауғанстандағы қазіргі жағдай ерекше алаңдатып отыр. Коронавирус індеті жағдайды одан сайын ушықтыруда. Бұл ретте Тоқаев Орталық Азияда тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін аймақ  елдері бірлесіп әрекет етуі тиіс деп  санайды.

– Елдер арасындағы тауар айналымын арттыру, оның құрылымын жақсарту және жеткізілетін тауар түрлерін кеңейту бойынша жұмыс­ты жандандыру қажет. Қазақстан Орталық Азия елдеріне экспорттық тасымалды 1 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғайта алады. Мұндай қор аймақтың басқа да елдерінде бар екеніне сенімдімін. Орталық Азия­ның көлік дәліздеріне интеграция­ланған тауар өткізудің бірыңғай желісін құруда күш жұмылдыруды ұсынамыз. Бұл көтерме-бөлу және агрологистикалық орталықтардан тұратын жаңа инфрақұрылым тауар­ларымызды Еуразия экономикалық одақтың, ТМД және үшінші мемлекеттердің нарығына шығаруға мүмкіндік береді. Маусымаралық кезеңде өз нарығымызды да ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуге жағдай жасайды, – деді президент.

Мемлекет басшысы табысты серіктестіктің үлгісі ретінде Қазақ­стан мен Өзбекстанның ортақ шекара­сында құрылған «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығын атап өтті. Сондай-ақ, президенттерді аймақтық экономиканың страте­гиялық маңызды салаларына инвести­ция тарту үшін күш-жігерді біріктіруге  шақырды.

Ұлттық экономиканы инно­вациялық-цифрлық платформаға ауыс­тыру – дамудың баламасыз жолы. Сондай-ақ, Қазақстанда өнеркәсіпті, энергетика, көлік және әлеуметтік салаларды цифрландыру, «ақылды»  қалаларды дамыту жобалары  белсенді жүзеге асырылып келе жатыр.

Бүгінде аймақ мемлекеттері Азия мен Еуропаны байланыстырушы көпір рөлін атқарып отыр. Бұл ретте Қазақстан Транскаспий халық­аралық көлік дәлізінің транзиттік әлеуетін біртіндеп дамытуда. Одан бөлек, «Қытай – Еуропа – Қытай» трансқұрлықтық бағдарының қазақ­стандық бөлігінің әлеуеті нығайып келеді.

– 2025 жылға дейін екінші жолдардың құрылысы аяқталып, «Дос­тық – Мойынты» теміржол учаскесі толықтай электрмен жабдықталады. Нәтижесінде  аталған бағыттың өт­кізу мүмкіндігі бес есе ұлғаяды.  Жоба­ға  2 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы салынады. «Қазақстан – Түркіменстан – Иран» теміржолы да үлкен мүмкіндіктер береді. Елдеріміз үшін Парсы шығанағы мемлекеттеріне шығудың қысқа жолы – осы. Жыл сайын аймақтағы жүк тасымалы артып келе жатқандықтан Трансазиялық теміржол магистралінің оңтүстік дәлізін дамыту қажеттігі туындап отыр. Мысалы, «Дарбаза – Мақта­арал»  теміржол  желісін іске қосу жүк тасымалы мерзімін 1,5 есе қысқар­тады. Оңтүстік Азия нарықтарына жол ашатын «Мазари – Шариф – Кабул – Пешавар» темір­жолы құрылысы жобасының келешегі бар деп есептейміз. Қазақ­стан және Түркіменстан айлақтары қуатының әлеуе­ті зор, – деп атап өтті ел  басшысы.

Соңғы үш жылдың ішінде Транс­каспий бағыты арқылы өтетін контейнерлердің легі 13 есеге артты. Қазақ­стан Ақтау айлағының базасында әлемнің озық операторларын тарта отырып, «контейнерлік хабты» ашуды жоспарлап отыр (Cosco, Maersk, CMA CGM және т.б.). Еліміз аймақ ішінде көлік коммуника­цияларын  дамыту  мақсатында  өзара тиімді ынтымақтастық жасасуға әзір.

– Өзбекстанмен арадағы жаңа жобалар белсенді түрде пысықталып жатыр. Ең алдымен, «Түркістан – Шымкент – Ташкент» жоғары жылдамдықтағы теміржол құрылысы туралы  айтып  отырмыз (жоба құны шамамен 70 миллион АҚШ доллары). Бұдан бұрын «Бейнеу – Ақжігіт» автожолының құрылысы аяқталған болатын.  Аталған  бағыт арқылы өзбек серіктестерімізге Құрық және Ақтау айлақтарына шығатын қысқа жол ашылды. «Түрікменбашы – Гара­боғаз – Қазақстанның шекара­сы» автомагистралінің әлеуеті зор. Осы бағдар Түркіменстанмен арадағы жолаушы және жүк тасымалын арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы, Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Орталық Азиядағы көлік коммуникацияларын дамыту барлық елдер­дің ішкі жалпы өнімін 15 пайызға арттыруға жағдай жасайды. Бұл – ауқымды қор. Осы ретте, күш-жіге­рімізді біріктіре отырып, аймақтың көлік байланысын арттырып, дәліз жағдайын жақсартуымыз қажет, – деді  Қазақстан  президенті.

Мемлекет басшысы су ресурстарымен қамтамасыз ету мен аймақтың био және экожүйесін сақтауды Орталық Азиядағы негізгі мәселенің бірі ретінде  қалыс  қалдырмады.

– Біз қазірдің өзінде климаттың жаһандық жылынуы салдарын судың азаюы мен құрғақшылық арқылы көріп отырмыз. Бұл, әсіресе, Сырдария бассейнінде ерекше сезіліп отыр. Кейінгі екі жылдағы вегетациял­ық кезеңде Шардара су қоймасына  жинала­тын  су  көлемі    40 пайызға, Кіші Арал теңізіне келе­тін су мөлшері 60 пайызға азайып кетті. Трансшекаралық өзендер ресур­старын тиімді басқару мен алдыңғы қатардағы технологиялық шешімдерді енгізу үшін бірлескен су саясатын енгізу маңызды. Біздің өзара іс-қимылымыз тараптардың мүддесін ескерген және өзара міндеттерді толықтай орындайтын, тең дәрежеде қолдану принципі негізінде жүзеге асуы тиіс. Су – Орталық Азия елдерінің арасын ашудың басы емес, керісінше, біріктіретін ресурс болуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Баяндамада коронавирус пандемиясы сынағы кезінде халқымыздың бірлігі мен бір-біріне деген көмегі тура­лы  айтылды.

– Қазақстан достық пен ынтымақтастық аясында бауырлас мемлекеттер мен халықтарға барынша көмек көрсетті және жәрдемдесе де береді. Ғылыми-зерттеу саласында жинақталған тәжірибемізбен бөлісуге де әзірміз. Түркіменстан президентінің вирусология және эпидемиология орталығын құру туралы ұсынысын қолдаймыз. Шын мәнінде, осы салада ғылыми ынтымақ­тастықты күшейту маңызды. Жақында қазақ вакцинасы Қырғызстанға жіберілді. Ресейлік «Спутник-V» вакцинасын өндіру де жолға қойылды, – деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев терроризм, діни экстремизм, есірткі тасымалы, трансұлттық қылмыс сияқты сынақтардың сақталып отырғанына тоқталды.

– Бірлігімізді бекемдеп, бір-бірі­мізбен  болмашы бәсекелестікке жол бермеуіміз  қажет. Бұл мәселеде ХХІ ғасыр Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көрші, ынтымақтастық жөніндегі Келісімге тез арада қол қоюдың маңызы артып  келеді. Тараптардың жуық арада осынау тарихи келісімге қол қоюға дайын болуын құптаймыз. Халық­аралық аса маңызды мәселелерде барынша ортақ ұстаным білдірсек, әлемдік  қауымдастыққа  келісім  тап­қан ортақ тәсілімізді көрсетер едік. Халықаралық алаңдардағы бәсекелестік ұлттық мүдделерімізге қайшы  келеді, – деп  атап  өтті  Қазақ­стан  президенті.

Алдағы уақытта бауырлас халықтар­ды жақындата түсуде мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл­дар маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысы туыстық байланысты сақтап, күшейту және мәдени-гуманитарлық күн тәртібін жаңа маз­мұнмен толықтыру жөніндегі пікірін айтты. Сондай-ақ, Қазақстан білім саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтуді  қолдайды.

– Көңіл бөлуді қажет ететін тағы бір сала – еліміздің жастары арасындағы байланысты дамыту. Тереңде жатқан тарихи қарым-қатынасымызды сақтап қалуда жастарымыз маңызды рөл атқарады. Студенттер алмасуды  кеңейтуді, олардың  жақсы білім алуға ұмтылысын жан-жақты қолдауды, Орталық Азия азаматта­рының Қазақстандағы алдыңғы қа­тарлы жоғары оқу орындарында білім алуына квота көбейтуді маңыз­ды  деп  есептейміз, – деді.

Барлық ұсыныстар аймақтағы мемлекеттер мен халықтың мүддесі жолында жан-жақты әрі өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдете түсуге деген шынайы ниеттен туындағаны айтылды.

– Біздің  басты  мақсатымыз Орта­лық Азияны тұрақты, экономикалық жағынан дамыған, өркендеген өңірге айналдыру. Достық, тату көрші әрі өзара сенім негізінде барша қиындықтарды еңсеріп, алға қойған игі мақсатымызға қол жеткізе ала­тынымызға сенемін, – деп сөзін қорыты­ндылады  мемлекет  басшысы.

Консультативтік кеңесте, сондай-ақ, Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Қыр­ғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, БҰҰ Бас хатшысының Орталық Азиядағы арнайы өкілі Наталья Герман сөз сөйледі.

Кездесу қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме қабылданды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: