Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Маған сеніп төбелеспе…»

19.07.2021, 9:00 468

HALYQLINE.KZ

Көп жыл бұрынғы оқиға еді. Бәлкім, «менен басқа мықты жоқ» деп кеудесін керетіндерге сабақ болар деп ортаға салып отырмын

Шілде айы. Шаруашылықтың атынан екі адам Ақтөбе қаласындағы элеватордан мал азығы үшін жем алуға бардық. Жолымыз болды. Ат басын тіреген мекемедегі ортасына өте беделді бір апайдың Қазалының жиені екенін естіп, кездесіп, сапарымыздың мәнісін айттық. Азаматқа бергісіз жан екен. Тілге келмеді. Басшыларына бізді жолықтырып, шаруамызды әп-сәтте бітіріп берді. Анау-мынау емес, 22 вагон жем алуға келісімшарт жасастық. Әні-міне дегенше тиеуді бастап та кетті.

Қалтамыздағы совхоз кассасынан алған қыруар ақшның мұрты бұзылмай тұр. Ұрынуға қара таппай жүрген албырт шақ. Ойға алған жоспарымыз тез әрі артығымен орындалды. Пұл жетеді. Не істеу керек?!

Бірнеше күн қалада қыдыруды жөн санадық. Кәуап, сыра, т.б. номерге алдырып, тойлауды бастап кеттік. Қонақүйдегі кезекші қыздарға мол қылып «парт» беріп қойғандықтан біздің ерсілеу жүріс-тұрысымыз елене бермейді.

Түн ортасы. Әріптес ағам «көшеге қыдырайық» деген соң сыртқа шықтық. Көшеде адам қарасы мол екен. Жүріп келеміз. Алдымыздан үш жігіт пен бір қыз жолықты. «Шығасыға иесі басшы». Күтпеген жерден жанымдағы серігім жаңағы бейтаныстармен ілінісе кетті. Қып-қызыл жанжал басталды. Басу айтқанмын, тыңдамады. Мен жалынған сайын досым күшейе түсті. Тіпті өзімен керіскендердің бірін ауыр сөзбен сыбап жіберсін. Кез келген арақ ішкен адамға анасын кім боқтатып қойсын?! Төбелес тұтанды. Серігімді бүркітше бүріп жатқанда шыдай алмадым. «Қай бір көрмей жүрген төбелес» деп білекті сыбанып кірісіп кеттім.

Мәссаған! Бар жанжалға себепші болған досым «әй, маған сеніп төбелеспе» деп бір шеттен қызықтап тұр. Кімнің таяқ жегісі келеді дейсіз? Жанталасып қорғанып жүрмін. Ақыры таяқ жеп қалдым. Досым да құр қалмады. Сүмірейіп қонақүйге оралдық. Іскен, көгерген жерлерімізге кезекші қыздар ем жасаған болды.

Досыма «жөнімен жүргендерге тиісіп нең бар еді?» деп күйіп-пісіп жатырмын. Ол гарамат болса «бұйырған таяқ шығар, ренжіме!» дейді шодырайып ісіп кеткен көзін ұстап, ыңырсып…

«Өзіңнен мықты шықса, екі көзің сонда шығар» деген ғой…

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Көрнекі сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: