Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жағымпаздық жарға жығады

08.07.2021, 12:30 1515

Еліміз бойынша қала, көше, білім ордалары тағы осы сынды «нұрланған» біраз орындар бар. Халықтың әлеуметтік жағдайы қазір анау айтқандай мәз емес. Азық-түліктің бағасы айтпаса да түсінікті. Кәдімгі картоп алуға шамасы жетпей жүргендер бар. Егін мен малдың шаруасы шатқаяқтап, қуаңшылық қуантып отырған жоқ. Бірақ біздікілер миллионның өмірі үшін емес, біреудің көңілі үшін жан алып, жан берісіп жүр. Бір емес екі бірдей қалада Елбасының ескерткіші  бой  көтерді.  Парадокс!

Бір уақытта Елбасының өзі «Маған мұндай нәрселер керек емес. Мен бұл туралы үнемі ашық айтып жүрмін» деп, «Ескерткіш соғу арқылы келешек ұрпақ сені есіне алады екен деп ойлама» деген Марк Аврелийдің сөзін мысалға келтірген еді. Бірақ, қарсылық қабылданған жоқ. Нәтижесінде Нұр-сұлтан, Түркістан қалаларынан ескерткіштер бірінен соң бірі бой көтерді.

Біздегі билік жүйесінің «шыңы» көрінді. Жалпақ жұрттың жағдайынан көрі төрде отырғандарды алаңдататын маңызды шаруаның жайы шешілді. Енді ол да, олар да риза шығар.

Елордадағы ескерткіштің ашылу салтанатына  Қ.Тоқаев қатысып, мерейлі жылда мұндай сәулет туындысының бой көтеруі заңды құбылыс екендігін айтты.

– Елбасы көптеген халықаралық бастама көтеріп, мемлекетімізді жаһандық саясаттың төріне шығарды. Оны бүкіл әлем ұлы саясаткер, тарихи тұлға ретінде біледі. Қасиетті Отанымыз – Қазақстанның бүгінгі және ертеңгі ұрпағы осындай ұлт перзентіне қарап, бой түзейді. Халықты ауқымды өзгерістерге талмай жетелеген Тұңғыш Президент аса жауапты өзгерістердің, ауқымды реформалардың нақты іске асырушысына және Тәуелсіздігіміздің символына айналды. Елбасының стратегиялық бағыты – елімізді одан әрі жаңғыртуға негізделген саясатымыздың берік негізі. Құбылмалы әлемде реформаларды табысты жүзеге асыру үшін бізге айқын идеологиялық бағдар, орнықты әрі құнды негіз қажет, – деді Президент Қ.Тоқаев.

Айтпақшы, ескерткіш Елордада Әлихан Бөкейхан мен Керей, Жәнібек хандар көшелерінің қиылысындағы жуырда ашылған саябақтың аумағында орналасқан. Ал Түркістандағы ескерткішке белгілі кәсіпкер «DALA-FRUIT» компаниясының басшысы Болатбек Әлиев қаржылай қолдау көрсеткен. Және оның бой көтеруіне өзі тікелей мұрындық болыпты. Қай-қайсысына да аз қаржы жұмсалмағыны белгілі. Есіл ақшаның желге есіліп жатқанын көріп отырған ел еріксіз ашынады, ашу мен ызаға булығады. Шаруашылығы шатқаяқтап, қымбатшылықтың қақпанынан шыға алмай отырған халық біздегі саяси жүйенің жүгенсіз кеткеніне налиды.

Әлеуметтік желіде Серік Абасовтың:

– Ұят қалмады бізде. Намыс та жоқ. Бойымызда құлдық психологиядан өзге ештеңе қалмаған. Ұлт ретінде болашағымыз барына күмәндана бастадым. Қазақты жойып жіберу үшін қару қажет емес. Біздің ашкөздігіміз бен дарақылығымыз өзімізді жеп тынды. Біздің жалтақтығымыз бен жағымпаздығымыз түбімізге жетеді, – деген жазбасы бар.

Бұдан кейін тақырыпқа түйін керек емес. Күлесің бе, жылайсың ба, білмейсің. Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі күйі осындай. 

К.БОТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: