Латвияның Рига қаласында хоккейден әлем чемпионаты өтіп жатыр. Шыны керек, бұл жылғы әлем чемпионаты күтпеген сенсацияларға толы болып отыр. Белді командалар бірінен соң бірі жеңіліс тауып, ортаңқол құрамалардың айы оңынан тууда. Ондай құрамалардың қатарында біздің ұлттық құрама да бар. Екі ойын өткізіп, екеуін де буллит сериясы арқылы жеңген Қазақстан құрамасы енді әлем чемпионатын жеңіп алуды көздеп отыр. Жігіттердің өз мақсаттарына жетуі әбден мүмкін. Өйткені, оған коронавирус пандемиясы мүмкіндік беріп отыр.
Әлем чемпионаты басталмай тұрып-ақ, сенсациялар көп болатыны түсінікті еді. Оған түрлі факторлар себеп болды. Әлемдегі ең мықты хоккейшілер Ұлттық хоккей лигасында өнер көрсетіні ешкімге жасырын емес. Мұхиттың ар жағында өнер көрсетіп жүрген ойыншыларға осы жылғы карантиндік маусым ауыр соққы болып тиді. Санитарлық шектеулер хоккейшілерді әбден мезі етті десек те болады. Алдымен лига кеш басталып, соның салдарынан Стэнли кубогі әлі күнге дейін аяқталмады. Тиісінше, бұл турнирге қатысатын хоккейшілер әлем чемпионатында өз құрамаларына көмектесе алмайды. Ал Стэнли кубогінің жарыс жолынан шығып қалған хоккейшілер болса Латвияға барудан бас тартуда. Себебі, онда барған соң, үш күндік карантинде отыру қажет, содан соң тағы үш күн командадан тыс дайындық жүргізсе болады. Бұл онсызда шектеуден шаршаған ойыншыларға ұнамады. Дәл осы себеппен Ресей ұлттық құрамасының қапитаны Александр Овечкин Ригаға барудан бас тартты. Командалары негізінен ҰХЛ-дағы ойыншылардан тұратын Канада, АҚШ секілді құрамаларға қиын болып тұр. Олар әлем чемпионатының тарихында алғашқы рет мүлдем ҰХЛ-да өнер көрсетпеген ойыншыларды қатарына қосты. Одан бөлек, басқа да әлемдік алпауыттардың ойыншылары бұл сайысқа қатыспайтынын жеткізді.
Біздің құрамамыз негізінен КХЛ ойыншыларынан тұрады. Ал бұл лига баяғыда бітіп қойған. Одан бөлек, команда негізінен «Барыс» клубының айналасына жиналғандықтан құрам жасақтау көп қиындық тудырмады. Десе де, бізде күдік тудырған позициялар да болды. Мәселен, ұлттық құрама сапындағы үш қақпашының ешқайсысы КХЛ командаларында өнер көрсетпейді. Яғни, деңгейі одан да төмен лигаларда ойнап жүр. Бірақ, бұл күдік өзін ақтамады. Қақпаны қорғаған жас қақпашы Никита Бояркин барлығын таңғалдырып, чемпионаттың жарық жұлдызына айналып отыр.
Әлем чемпионатының алғашқы кезеңінде ұлттық құрамамыз чемпионат қожайындары Латвиямен бақ сынасатын болды. Алаң қожайындары осының алдында әлемдік гранд Канада құрамасын сенсация жасап, жеңіп кеткен болатын. Сол себепті, бұл матчта біздің жігіттерге ешкім сенбеді. Десе де, жігерлік танытқан жерлестеріміз негізгі уақытта 2:2 есебін сақтап қалып, буллит сериясында латвиялықтардың тас-талқанын шығарды. Жас қақпашы Никита Бояркин қарсыластың 5 бірдей буллитін қатарынан қайтарып, ойынның басты жұлдызына айналды. Бұл көптеген сарапшыларды таңғалдырғаны анық. Десе де, көпшілік ұлттық құрама алысқа ұзамайтынына сендіріп, келесі ойында сүрінетінін айтқан. Себебі, келесі ойында бізді әлем чемпиондары Финлияндия құрамасы күтіп тұр еді. Алғашқы кездесуде АҚШ құрамасын жеңген чемпиондар құрамындағы карантиндік қиындықтарға қарамастан қазақстандықтарды жеңуге міндетті еді. Әйтсе де, 22 жастағы отандасымыз Никита Бояркин тағы бір таңғалдырып, бір матчта 50 соққыны қайтарған. Никита күзеткен қақпаның саңылауын табу финлияндиялықтар үшін мүмкін болмады. Негізгі уақыт 1:1 есебімен аяқталып, ойын буллит сериясымен жалғасты. Десе де, қарсылас команда ол жерде де біздің жас қақпашымыздан айласын асыра алмады. Осылайша, Никита Латвиядағы әлем чемпионатының басты жұлдыздарының біріне айналып отыр. Ал ұлттық құрама ойыншылары чемпионатты жеңуге мүдделі.
– Турнирдегі мақсатымыз өзгермеді. Ширек финалға жолдама алғымыз келеді. Одан әрі де жетістіктерге неге жетпеске? Команда ойыншысы Дарен Диц «чемпион болсақ қалай болады?» дейді. Неге болмасқа? Бүкіл Қазақстан бізді қолдап отыр. Өткен Олимпиадада Германия құрамасының жұлдызы жанады деп ешкім ойламады. Біз де сондай сенсация жасауға дайынбыз. Жігіттер жеңіс үшін барын салады, – деді ұлттық құраманың бас бапкері Юрий Михайлис.
Кеше Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының үшінші турында хоккейдің отанына айналған АҚШ құрамасымен кездесті. Алғашқы екі ойында жеңіліс көрмеген отандастарымыздың бұл ойыны сәтсіз аяқталды. Негізгі уақытта есеп 3:0 есебімен тіркеліп, турнирдегі алғашқы жеңілісіне ұшырады. Дегенмен, жерлестеріміздің әлі де ширек финалға өтуге мүмкіндігі бар. Себебі, турнирлік кестеде ширек финалмен бар болғаны екі ұпай ғана бөліп тұр. Алда әлі бірнеше тур бар. Чемпионатқа қатысып жатқан 16 команданың бар болғаны екеуі ғана сүрінбей келе жатқанын ескерсек, бұл жеңіліс – заңдылық. Ұлттық құрама ойыншылары бастапқы қарқынын сақтап қалып, қалған ойындарда сәтті өнер көрсетсе, көздеген мақсаттарына жетуі әбден мүмкін. Қазіргі таңда Қазақстан ұлттық құрамасы турнирлік кестенің бел ортасына жайғасып отыр.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!