HALYQLINE.KZ Нарун «Барселонамен» болатын матчта да «Қайрат» қақпасын қорғайтын болады.
«Қайрат» футзал клубының президенті Қайрат Оразбеков YouTube-тағы Sport True арнасына берген сұхбатында Игита жалақысын 19 жасар қақпашы Нарун Серіковке беру керектігін айтты. Себебі, Нарун Чемпиондар Лигасының ширек финалында «Бенфикамен» болған матчта қызыл қағаз алған Игитаның орнын жоқтатпаған болатын.
«Мен Игитаға: «Жалақыңызды Нарунға беруіңізге тура келеді (күлімсіреді), өйткені ол бізді құтқарды. Сіз оған міндетті түрде бір бөтелке шырын алып беріңіз» дедім. Ертегідегідей, ол үшінші қақпашы ретінде келді, екінші қақпашымыз коронавирусқа байланысты матчқа қатыса алмады. Бұл- шындығын айтқанда, қорқынышты оқиға. Қосалқы құрамда біздің жас ойыншымыз тұр, жаттығуда оны ешкім аямайды және ол тәжірибелі ойыншылардан көп нәрсе үйренеді. Бірақ Нарунның ішкі мінезі өз жұмысын істеді», – деді Оразбеков.
Игита бұған былай жауап берді: «Біз Нарунға көп алғыс айтуымыз керек, ол жаттығудағыдай ойнады, ешқандай қысым көрген жоқ. Оған жалақымды толық бере алмаймын, бірақ 20 пайызын беремін, ол жас, оған көп нәрсе қажет емес (күледі)».
Еске салайық, Чемпиондар Лигасының жартылай финалында «Қайрат» испаниялық «Барселонамен» ойнайды. Ойын Задар қаласында (Хорватия) 1 мамыр күні өтеді. Матч Нұр-Сұлтан уақытымен 23:55-те басталады.
Aladop.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!