Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Гүлшара Әбдіқалықова: «Qyzylorda» – жаңа тенденцияларды өндіріске батыл енгізген арна»

30.04.2021, 11:00 418

Қадірлі жерлестер!

Тәуелсіздікке қадам басқан жылдың шуақты көктемінде, 1991 жылдың 30 сәуірінде Сыр өңірінде телевизия дәуірі басталып, қызылордалықтар көгілдір экраннан туған өлке жаңалықтарымен таныса бастады.

Ең алғаш 30 минуттық хабармен эфирге шыққан телеарна келесі күні қаланың орталық алаңындағы мерекелік демонстрациядан 45 минуттық тікелей репортаж ұсынды.

Жаңа ұжымның шығармашылық құрамы облыстық радио қызметкерлерінен жасақталды. Сол кездегі қиындықтарға қарамастан облыстық телеарна ұжымы хабар таратуды жыл сайын ұлғайта отырып, 2009 жылдың 28 тамызынан бастап республикада алғашқылардың бірі болып облыс аумағына 14 сағат көлемінде хабар таратуға көшті.

Бүгінде «Қызылорда” телеарнасы – материалдық-техникалық базасы жетілген, шығармашылық әлеуеті артқан, заманауи технологиялармен толық жабдықталған, бәсекеге қабілетті, төл туындылары 76,3 пайызды, ал тәуліктік хабар таратудың көлемі 100 пайызды құрайтын, журналистикадағы жаңа тенденцияларды өндіріске батыл енгізген, «Қазақстан» РТРК» АҚ аймақтық филиалдары арасында жетекші арналардың бірі.

Тәуелсіздігімізбен құрдас облыс айнасы аймақтың кез-келген нүктесінен жедел хабар, шынайы ақпарат тарату, тікелей эфирдегі ток шоу, өзіндік музыкалық контент, телекөпір жасау, оперативтілік, шыншылдық тұрғысынан масс-медиадағы өз орнын қалыптастырды. Бүгінгі күні тәулігіне 15 сағат хабар таратып, түрлі тақырыптағы, алуан форматтағы 40-қа жуық хабарды көрермен назарына ұсынуда. «Өзекжарды», «Үштаған», «Ақиқат алаңы», «Өмірдің өзі…» хабарлары телеарнаның төлқұжаты іспеттес. «Туған өлке», «Сыр елінің тұлғалары» хабарлары арқылы ұлттың рухани жаңғыруына бағыт-бағдарына айналды. Біркездері Жақсылық Бекқожаев, Есенкелді Шілдебаев, Баян Исламбаева, Айткүл Шалғынбаева, Айгүл Оразовалар, т.б. негізін қалаған телеарна көшін бүгінгі күні білікті мамандар Бақытжан Шүкенов, Айсұлу Қасымова, Айнұр Тұңғышбаева, Алтынай Молжанова. Бақыт Қалдыбаева, Мөлдір Құлмырзаева, Нұрлыбек Шахметов, т.б алға бастап, Бекзат Есқалиев, Толқын Қабылша, Шолпан Исабекова, т.б. секілді жастар жалғастырып келеді. Жағыппар Аманжолұлы бастаған «Қызылорда» облыстық телеарнасының ұжымын 30 жылдық мерейлі мерекесімен Сыр жұртшылығы атынан шын жүректен құттықтай отырып, шығармашылық толайым табыс, зор денсаулық, отбастарына құт-береке тілеймін!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: