Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалыда қарқынды тірлік бар

29.03.2021, 9:55 728

HALYQLINE.KZ

Соңғы жылдар мұғдарында Қазалыда атқарылған тірліктер шынымен де, ауыз толтырып айтарлықтай. Мұны кент, қала, тіпті ауыл көшелерінде жасалған жұмыстар айғақтап тұр. Алысқа бармай-ақ, аудан орталығындағы Сырым батыр көшесін мысалға келтіруге болады. Бұған дейін қазақ халқының дарабоз перзенттерінің бірі, қол бастаған батыр, ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен әділ би атанған Сырым Датұлы бабамыздың есімін иеленген көшенің кейпіне көңілің құлазитын. Әсіресе, күзгі-көктемгі лайсаңда көлік түгіл, жаяу адам жүрудің өзі мұң еді. Қазіргі кейпі мүлде өзгеше. Сапалы салынған асфальт жол қиындықтан құтқарды. Жылдар бойы тізеден балшық кешіп, резеңке етікпен амалдаған көше тұрғындары мәз-мейрам. Енді көшенің түнгі жарығы шешімін тапса, тұрғындарға тиімді болар еді. 

– 2020 жылы бөлінген 2,8 млрд теңгеге аудандық маңызы бар 60 шақырым мен елді мекенішілік 70 көше жөнделді. Олардың ішінде Әйтеке би кентінің өзінде 30 көше, Қазалы қаласында – 4, Бекарыстан би ауылында – 10, Ғ.Мұратбаев ауылында 8 көше, Жанқожа батыр, Басықара, Жалаңтөс, Майдакөл, Абай, Ақсуат, Жанкент, Бозкөл, Кәукей ауылдары бар. Өткен жылдың желтоқсан айында қала мен кенттің екі аралығындағы жолды кеңейту жұмыстары басталды. Жолдарды жөндеу ағымдағы жылы да назарда болады. Ең бастысы, осыдан 3 жыл бұрын басталған Кәукей ауылына баратын автомобиль жолын аяқтаймыз. Шалғайдағы ауыл тұрғындары асфальт жолмен жүретін күн де алыс емес. Сонымен қатар, «Қарлаң» көпірінен Қожабақыға дейінгі, Қазалы қаласы мен «Әлсейіт» көпіріне дейінгі жолдарды да жөндеп бітіреміз.

Басықара мен Абай елді мекенінің аралығындағы 20 шақырым жолды жөндеу жұмыстарын жалғастыруға облыстық бюджеттен 306 млн теңге қаржы қаралды. Сондай-ақ, Отгон мен Тасарық, Әйтеке би кенті мен Басықара, Бекарыстан би – Майдакөл – Түктібаев және Бекарыстан би мен Жаңақұрылыс елді мекендерін байланыстарын 64 шақырым жолды жөндеу үшін 5 жоба дайындап, қаржыландыру үшін автомобиль жолдары комитетіне бюджеттік өтінім тапсырылды. Биылғы жылы Әйтеке би кентінен 6 көше, Қазалы қаласынан 10 көшені асфальттайтын боламыз. Ауылдық жерлердегі көшелер де жөндеуден өтеді, – дейді Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергешбаев.

Елден сүйінші хабар күтетін жанашыр ағайынға төмендегі деректі ұсынсақ. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Әйтеке би кентінен 18 көше, ауылдық елді мекендерде 31 көше жөндеу жоспарланған екен. Бұл тұрғыда тиісті облыстық басқармаларға ұсыныс беріліпті.

«Нәтижелі жұмыстардың арқасында аудандағы жолдардың сапасы жылдан-жылға жақсарып келеді. Мәселен, 2017 жылы аудан меншігіндегі автомобиль жолдарының 66,4 пайызы ғана жақсы және қанағаттанарлық жағдайда болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 75,6 пайызға жеткізілген. Ал, 2021 жылдың қорытындысымен жолдардың сапасы 85,2 пайызға жеткізіледі деп жоспарланған» дейді біздегі мәліметте.

Қазалыдағы жағымды жаңалықтар мұнымен шектелмейді. Аудан орталығы Әйтеке би кентіне табиғи газ жеткізілгеніне біршама уақыт өтті. Енді мұндай игілікті қадамның ауқымы ұлғая түсуде.

– Әйтеке би кентінен бөлек Қазалы қаласы мен елді мекендерді де газдандыру мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Соның нәтижесінде Ғани Мұратбаев ауылына «көгілдір отын» жеткізіліп, Қазалы қаласын газдандыру қолға алынуда. Енді аудан орталығына жақын елді мекендерді де газдандыруды жалғастырамыз. Атап айтқанда, Жалаңтөс батыр, Қашақбай Пірімов және Басықара ауылдарын газдандыру үшін 22,6 млн теңге бөліп, жобасын әзірлеп жатырмыз. Амандық болса, тиісті қаржылары бөлінсе, құрылыс жұмыстарын бастап кетеміз, – деген аудан басшысының лебізін естігенде кеудемді мақтаныш кернеді.

Олай болмағанда ше?! Кейбір аудан орталығы, тіпті ірі қалалардың шет аймағына газ құбыры енді-енді тартылып жатқанын БАҚ беттерінен оқып, біліп жүрміз. Ал Қазалыда табиғи газ ауылдарға да жеткізіле бастапты. Бәрекелді!

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: