Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«ҰСТАЗ МӘРТЕБЕСІ» Ең бірінші бастамалардың ең соңғы жобасы емес

18.03.2021, 10:30 1832

Осыдан тура 10 жыл бұрын Сыр елінің медиакеңістігіне «Ұстаз мәртебесі» атты ақпарат құралы келіп қосылды. Иә, екінің бірі газет өндірісіне бет бұрған уақытта ел-жұрттың не ойлағаны және не ойлайтыны белгілі. Ойлы оқырмандардың да өзіндік пікірі, көзқарасы болды. Міне, арада осынша жыл өтті. Көптің сенімі ақталды деп айта аламыз. Өйткені, басылымның атауының өзі сол уақыттағы педагогтердің басты мәселесін көтеріп тұр еді. «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылданғанына 1-2 жылдың көлемі енді болғанын ескерсек, редакция ұжымының осы іске теңізге тамған тамшыдай болсын үлес қосқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Мұнан бөлек, газеттің 10 жыл аралығында шыққан 346 нөміріне дейін мұғалім қауымының мұңын мұңдағаны тағы бар. Бұдан кейін де газеттің тікентілді тілшілері мәселені майшаммен қарауды жалғастыра беретіні, мамандыққа деген адалдығынан айнымайтыны анық.

Жалпы, республикалық қоғамдық-әлеуметтік, ғылыми-көпшілік «Ұстаз мәртебесі» газеті 2011 жылдың 18 наурызынан бастап жарық көрді. Газеттің бас редакторы – филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Нұрлан Нұрмаханов.

Газеттің алғашқы нөмірінде ақылдастар алқасының құрамында есімі елге белгілі азаматтар болса, «Ізденіс», «Қамқорлық», «Сайыс», «Имандылық дәрістері», «Мерей», «Өнеге», «Ұлағат», «Ұстаз  тәжірибесінен»,  «Мәртебелі ұстаз мінбері», т.б. айдарлар басылым бетінде ұйымдастырылды. Мұнымен қоса оқушылардың шығармашылы­ғына арналған «Шабыт» беті тұрақты шығып, әлі күнге дейін талай таланттардың  тұсауын  кесіп  келеді.

«Не нәрсені болса да, бастаған кезде қиыншылық та, қызық та болады. Осы газетті ашқанда қиындық туындаған жоқ па?» деген сұрағымызға:

– Мен бәрін біріншіден бастап жүрген адаммын. Мысалы, студент шақта  «Ақмешіт ақшамы» газетінің алғашқы жұмыстарына атсалысқанмын. Содан кейін «Халық» газетін бас редактордың орынбасары ретінде шығардық. Қызыл­ордада жарық көрген тұңғыш эколо­гиялық басылым «Таби­ғат тынысы» газе­ті­нің  де  бірінші бас редакторы болып, жұмыс бастағанмын. 2009 жылы Сыр елінде алғашқы рет «Әлімсақ» журналын жарыққа шығардым. 2011 жылы «Ұстаз мәртебесі» газеті менің басшылығыммен өз жұмысын бастағанда рухтас ағаларымның қолдауы болды. Сондықтан мен ең бірінші жұмыс бастауға, күресуге еш қорыққан жоқпын. Дегенмен ойлан­дырды. Себебі жаңа басылым ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты, қоғамды алға жылжытушы үлкен күштің тетігі саналатын мамандық – ұстаздықтың қыр-сырын терең игеру, осы салаға барлық ғұмырын арнаған мұғалімдердің мәртебесін биіктету, олардың қоғамдағы орнын айқындау  бағыты  үлкен  жүк  еді.

Қоғам өзгерісі байқалады. Оқырманның ақпаратқа сұранысы, қабылдауы басқаша реңк алып келеді. Сондықтан «Ұстаз мәртебесі» менің ең бірінші бас­тамаларымның ең соңғы жобасы емес екенін де айта кетейін, – деді Нұрлан Көбегенұлы.

Рас, «Ұстаз мәртебесі» газеті – мұғалімдердің тәжірибе алмасатын алаңы. Өйткені мұнда мұғалімдердің ашық сабағы, шеберлік сабағы, білім процесіндегі жаңалықтар, әдістемелік жаңашылдықтар, оқушыны ынталандыруға ықпал ететін түрлі әдіс-тәсілдер және осыған орай мұғалімдердің өз пікірлері үзбей жарияланып тұрады. Қазақтілді мұғалімдермен қоса орыс тілі пәнінің, ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері де бұл алаңды еркін пайдалана алады. Бұл – жас мұғалімдер үшін өте пайдалы дүние.

Шынын айту керек, оқырманнан жақсы  пікір  есту – шығармашылық  адамы үшін шыңға шыққанмен бірдей. «Ұстаз мәртебесі» газетінің тігінділерін парақтай отырып, әртүрлі мерейлі мереке­лерде жолданған оқырмандардың құттықтауы, газет жайлы оң пікіріне көп кезіктік. Бұл да – олжа, қуаныш. Осы орайда, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Әлима Әбдіхалықованың пікірін бергенді  жөн  санап  отырмыз.

«…Облыс ұстаздарының жаршысына айналып, «Ұстаз мәртебесі» деген атаумен жарық көріп келе жатқан басылым атына заты сай болып, әрдайым мұғалімдердің жүрегіндегі көкейтесті мәселелерді ортаға салып, әдістемелік тұрғыда жас мамандарға көмекші әрі ұрпақ тәрбиесі жолындағы үздік тәжірибелерді насихаттап, көпшілік оқырманға жеткізіп отыр. Осы уақыт ішінде «Ұстаз мәртебесі» Сыр өңірінде өзіндік орны бар, бағыт-бағдары айқын­далған, қалың оқырманы қалыптасқан беделді басылымдардың біріне  айналды».

– «Қай қоғамда да ұрпақ санасына білім нәрін құйып, халыққа бағыт көрсетуші бағдаршам саналатын – ұстаздар қауымы.  Әйткенмен  қоғамда сілкініс болып, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген тұста қордаланған мәселелердің ықпалынан мұғалім мәртебесі аяғын сылтып басатын халге душар болды. Міне, осы қысылтаяң кезеңде Қызылорда облысында ұстаздардың беделін биіктетіп, абыройын асқақтату үшін жаңа бағытта республикалық қоғамдық-әлеу­меттік, ғылыми-көпшілік «Ұстаз мәртебесі» газеті жарық көріп, барлық педагогтердің жанынан табылып, жөн сілтеушісіне айналды. Осылайша газет солғын тартқан саланың тамырына қан жүгірте бастады, – дейді газеттің бас редакторы.

Шығармашылық ұжым басшысы үшін шыңға шығатын шәкірт тәр­бие­леу – үлкен еңбекті қажет ететін жұмыс. «Ұстаз мәртебесі» газеті бұл жолда қадамын әлдеқашан нық басқан дей аламыз. Өйткені, шап-шағын редак­циядан түлеген  түлектер  бүгінде әртүрлі  БАҚ-та  жемісті  еңбек  етіп  жүр.

«Qazaqstan» ұлттық арнасының Қызыл­орда облысы бойынша меншікті тілшісі Әділбек Жақанов, «Qyzylorda» телеарнасының арнаулы тілшісі Асқар Тәжиев, «Сыр бойы» газетінің журналисі Дәулет Қырдан, «Халық» газетінің тілшісі Әйгерім Нажмадин, Қызыл­орда облысы әкімі баспасөз қызметінің маманы әрі облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Абай Тағыберген, «Mangystaumedia.kz» сайтының тілшісі Жұлдызай Қалиева, «Қазалы» газетінің тілшісі Абзал Жолтерек, облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығының БАҚ-пен жұмыс бөлімінің маманы Айдос Мырзалылар «Ұстаз мәртебесі» газетінде жұмыс істеп, тәжірибе жинақтағанын ұжым осы күні мақтанышпен  айтады.

Бүгінде басылымда бас редактор Нұрлан Көбегенұлы және жауапты хатшы болып Айдар Сайлауов қызмет атқарса, Елдос Асан, Шернияз Жал­ғасбекұлы секілді тілшілер газет жұмысының алға басуына аянбай еңбек етіп жүр.

Газеттің алғашқы жобасы – «Аламан» спорт бәйгесі. Жас ұрпақты спортқа баулу, саламатты өмір салтын насихаттау басылым назарынан тыс қалған емес. Бұдан соң ғылыми бағытта «Үздік жас ғалым» байқауы ұйымдастырылды. Бұл жоба да жастар үшін үлкен жаңалық болды. Ал, «Зерде» интеллектуалды сайысы газеттің 5 жылдығына орай ұйымдастырылды. Сайыс облыс бойынша БАҚ арасында бірінші рет онлайн өтуімен есте қалды. Ал, биыл онжылдыққа орай ұстаздар арасында конкурс ұйымдастырып, үздіктерді анықтап, марапаттау шарасын  жасады.

Қоғамдық пікір қалыптастыруда өз ойы, өзіндік көзқарасы бар «Ұстаз мәртебесі» газеті оқырман алдындағы өз миссиясын лайықты орындап келеді деп ойлаймыз. Қазіргі таңда ұстаздар ұстанымының айна­сына айналып, ойлы оқыр­манның басты олжасы саналып отыр. Ұйымшылдығы сүттей ұйыған ұжымды біз де өз тарапымыздан 10 жылдығымен құттықтап, шығармашылық табыс тілейміз!

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: