Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ футболына тазаратын күн келді

31.01.2021, 12:00 536

HALYQLINE.KZ Биыл ҚПЛ клубтарына бөлінетін қаржы екі есе азайғанын байқадық.

Қазақ футболына бөлінетін қаржы тым көп, соның салдарынан футболымыз дамымай жатыр деп безек қаққанымыз өтірік емес. Себебі, қаржы көп жерде жемқорлық пен сыбайластық көп орын алады. Жылына 8-9 миллиард теңгені игеріп тастайтын клубтарымыздың көрсетіп жатқан нәтижесі де, даму бағдарламалары да сол күйі жылжымай тұр. Бір орыннан мызғымайтын, алға жылжымайтын, бюджеттік қаржыны сүліктей сорған клубтар бізге керек пе? Әлбетте мен спорт журналисі ретінде бұл мәселені талай жерлерде жаздым, айттым. Клубтарға бөлінетін қаржыны 2 есе азайтсақ та футболымыздың деңгейі одан қатты зардап шекпейтінін дәлелдермен келтірдім. Міне, сол жазғандарымыздың жартысы болса да іске аса бастағандай. Әлбетте, оның барлығы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан кейін. «Кәсіпқой клубтарға бөлінетін қаржыны азайту» туралы бір ауыз сөз айтқан президет тапсырмасы жерде қалмауы тиіс.

Батыс Қазақстан облысының намысын қорғайтын «Ақжайық» клубы 650 миллион теңге көлемінде бюджет алған. «Шахтер» Қарағанды 800 миллион, «Тараз» 1,5 млрд, «Ордабасы» 3,5 млрд бюджетпен өнер көрсетеді. Қалған клубтар жылдық бюджеттерін енді естіп жатыр. Қыруар қаржыны игеріп үйренісіп қалған клубтар енді аз сомамен қаншалықты өнер көрсетер екен? Әзірге командалар әдет бойынша Түркияны бетке алып, оқу-жаттығу жиындарын бастады. Жаңадан легионерлер алып, футболшылар трансферін тіркеп, ештеңе де өзгермеген күйі бәз-баяғы қалпында жұмыс істеп жатыр. Кімнің нәтижесі қалай боларын уақыт көрсетеді. Бірақ бір анығы аяқдоп өнері ақшаға келіп тірелмейді. «Егер футболды қаржы шешетін болса онда арабтар қайта-қайта Әлем чемпионы болар еді» деп Казжимеж Горский мырза айтпақшы Қазақстанда да көп нәрсені ақша шешпейді. Әлбетте ақшамен төрешілерді сатып алу, келісілген матчтар өткізу деген бірлі-жарым оқиғалар болатыны анық. Ол тек біріншіліктің соңында ғана.

Қаржысы көп клубтар «Ордабасы» мен «Астана» өткен жылы «Шахтерден» бір бас жоғары болды деп айта алмаймыз. Турнирлік кесте де соның дәлелі бола алады. «Шахтер» өткен маусымда 4-орыннан көрінді. Биыл да сол межені мақсат тұтып отыр. Тағы бір ұнағаны «Тараз» клубы 1,5 млрд бюджет алып, легионерлерге шектеу қойыпты. Яғни, 5 легионерден аспауы тиіс. Негізгі күш жамбылдық жастарға түспек. Таланттармен танылған өлке өз түлектерімен-ақ біршама жерге жете алады. Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев сондай тапсырма берді. Соның арқасында алаңға шыға алмай жүрген жергілікті жастар биыл мүмкіндік алмақшы. Жалпы, өзге командаларымыз да сапасыз сырттандарды кетіріп, қазақстандық футболшыларға иек артпақшы. Карантиннің, дағдарыстың ел футболына осылайша пайдасы тигелі отыр. Футболда ақша үшін жүрген «атқамінерлер» орындарын босатып, қызметке нағыз жанашырлар келіп жатыр. Қазақ футболы тазаратын кез келген секілді.

Ермұхамед МӘУЛЕН,

Коментатор, спорт журналисі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: