Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Озат аудандағы» оңды істер

09.11.2020, 14:20 800

HALYQLINE.KZ

Әкіммен  әңгіме

Өткен аптада Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев жергілікті және облыстық БАҚ өкілдерімен кездесті. Жүздесуге қатысқан қалам ұстаған қауым өкілдері аудан басшысына көпшілік көкейіндегі сан сауалдарды қойып, нақты жауабын күткен еді. Ел арасында «сөздің емес, істің адамы» аталып кеткен Мұрат Нәлхожаұлы да іркілген жоқ.

Журналистер тарапынан қозғалған ауылдық округ тұрғындарын мазалаған жайылымдық жерлердің ахуалы, қала мен кент аралығы қосылған жағдайда мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктердің жайы, Сырдария өзеніндегі су тапшылығы, елді мекендерді газдандыру бағыты, көшелерді түнгі жарықпен қамту, жол мәселесі басқа да сұрақтарға аудан әкімі толыққанды жауап қайтарды. Кездесуге қатысушылар Ергешбаевтың қолдан келетін шаруаны қиындатпай, түйіні табылуы күрделі жұмысқа сырғытпа жауап қайтармағанына ризашылық білдірді.

Әкім айтар сөзін шартарапты дүрбелеңге салған пандемияның салқынынан бастады. Сонымен…

– Ағымдағы жылы көптен бері шешімін таппай келе жатқан Әйтеке би кентіндегі емхана құрылысын қаржыландыруға қол жеткізілді. Соның нәтижесінде ауысымына 250 келушіге арналған емхана құрылысы басталды. Ол үшін облыстық бюджеттен 505 млн теңге бөлінді. «Жол картасы» бағдарламасы аясында аудандық емхана мен аудандық ауруханаға қарасты жұқпалы аурулар бөлімінің ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған қоса, 6 дәрігерлік амбулатория, 7 медициналық пунктке ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалуда.

Әлемді дүрліктірген жұқпалы инфекция біздің жерлестерімізге де залалын тигізді. Осындай сындарлы сәтте дәрігерлер күндіз-түні науқастардың жанынан табылды. Аянбай еңбек етті. Қиын кезде барлық медициналық көмекті көрсетті. Ауданда пневмония диагнозы бойынша жалпы 499 адам есепке алынған. Оның 443-і ауруынан жазылып шықты. Біз азаматтардың өмірін және денсаулығын қорғау үшін бар күш-жігерімізді біріктірдік. Коронавирус инфекцияның алдын алу, емдеу мақсатында жұқпалы аурулар бөлімінен 35 провизорлық, 20 инфекциялық төсек орны жасақталған. Эпидемиологиялық ахуал кезінде бұрынғы туберкулезге қарсы диспансер ғимаратынан 150 инфекциялық төсек орын бейімделді. Аудандық бюджет есебінен және демеушілік жолмен емдеу мекемелеріне барлығы 32 оттегі концентраторы алынып берілді. Әлі де болса, бізге 10 дана ИВЛ аппараты мен қажетті қорғаныс құралдары жетіспейді. Соған орай, облыстық бюджеттен 797,9 мың теңге бөлу жөнінде ұсыныс берілді, – дейді Мұрат Нәлхожаұлы.

Осы ретте пандемия кезінде ел ағалары бастап, қалың көпшілік қоштап, сырқат жандарға қолұшын созғанын да атап өтсек. Елдің елдігі сынақта білінді. Мұндай игі істен мекеме, ұжымдар, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдар мен жекелеген азаматтар да қалыс қалмады.

Мұрат Ергешбаевтың «Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету де күн тәртібінен түскен емес. Аудандағы барлық ауылға таза ауызсу жеткізілген. Дегенмен, 3 ауылда сервистік желі тартылмаған болатын. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Бекарыстан би ауылында жалпы құны 845,8 мың теңгені құрайтын 17 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде ауылға сервистік ауызсу желісін тарту, мектеп ғимаратына күрделі жөндеу, 7 көшеге орташа жөндеу, 8 көшені жарықтандыру жұмыстары қаралған. Қараша айы туысымен Жанқожа батыр және Майдакөл ауылдарында құрылыс жұмыстары басталып кетті. Байқожа локалды су құбырын қайта жаңғырту үшін облыстық бюджеттен 35,8 млн теңге бөлініп, жоба-сметалық құжаттары әзірленуде» деген лебізіне елең ете түстік.

Аудан әкімі қозғаған 3 ауылды сервистік желіге қосу дала перзенттерінің көкейін 2013 жылдан бері күпті қылып жүрген мәселе болатын. Сонан бері қаншама уақыт өтіп, бірнеше әкім қызметін жаңартты. Тіпті, дайындалған жоба-сметалық құжаттары мерзімі өтуіне байланысты бір мәрте қайта жасалыпты. Бұл туралы БАҚ беттерінде дабыл қаққан мақала да жарияланды. Ақыры айтыла-айтыла жауыр болған мәселе шешімін табуға бет бұрса, неге қуанбасқа?!

«Газ келді дегенше, жаз келді десейші». Осы сөздің қазалылықтардың санасына сіңгелі біршама жыл болды. Оңтүстік өңірлерге қарағанда аталмыш ауданның өзіндік табиғи ерекшелігі бар. Қысы қытымыр әрі шұбалыңқы келеді. Облыстың солтүстік беткейінде орналасқан, екі күннің бірінде қарлы дауылы көз аштырмайтын Арал, Қазалы аудандарында жылудың маңызы өте ерекше. Сақылдаған сары аязда үйіңді қолдан от жағу тәсілімен жылыту да оңайға соқпайды. Ал газдың өзіндік орны бар.

Қазалы ауданында бұл төңіректе толымды тірліктер тындырылған сынды. Мұрат Ергешбаевтың сөзінен білгеніміз, Әйтеке би кентіндегі тұрғын үйлердің 85 пайызы табиғи газ желісіне қосылған. Оны айтасыз, «көгілдір отынның» таралу аймағын аудан көлемінде ұлғайтуға нақты қадамдар жасалуда.

– Биыл «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасымен Ғ.Мұратбаев ауылына газ апаруға 239,5 млн теңге қаралды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ал Қазалы қаласын газдандыру жұмыстарын бастауға аудандық бюджеттен 3,7 млн теңге бөлініп, сатып алу процедуралары жүруде.

Сонымен қатар, Жалаңтөс батыр мен Қашақбай Пірімов ауылдарын газдандыру үшін жоба жасауға 16,0 млн теңге бөліп, жеңімпаз мекеме анықталып, жобасы әзірленуде, – дейді аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы.

Қазалы ауданы – ауыл шаруашылығы саласына бейімделген өңір. Қырында төрт түлік төлдетіп, Сыр беткейінде жайқалтып бақша, егіс еккен ауданның жұртшылығы өзге де кәсіптің қыр-сырына қанық. Десе де, кейінгі жылдары аяқсудың тапшылығы қазалылықтарды алаңдатып отырғанын жеткізе кетсек.

– Ауызсуды қыстау басындағы құдықтан аламын. Ал иелігімдегі төрт түлікке суды сол маңайдағы ойпатқа күз мезгілінде су жығып, қыста суат есебінде пайдаланмын. Биылғы аяқсудың тапшылығы шаруашылыққа салмақ түсірді. Соның кесірінен малға қажетті шөп көлемі жылдағыға қарағанда аздау әзірленді, – дейді өзім тілдескен шаруа қожалығының жетекшісі.

Алайда аяқсу тапшылығы дала перзенттерінің талабына тұсау болған жоқ. Тағы да дерекке жүгінсек.

«Қазалы ауданында 9 айда салаға тартылған негізгі инвестиция көлемі 906,3 млн теңгені құрады. Есепті кезеңде 10 млрд 948,9 млн теңге көлемінде өнім өндіріліп, 718,6 млн теңге субсидия төленді.

Биыл 17 675 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Бұл ретте әртараптандыру бағытындағы дақылдарға ерекше мән беріліп, нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда аталған дақылдар көлемі 452 гектарға артты.

Мал басында да өсім бар. Мал басының басым бөлігі, яғни 68,3 пайызы – жеке тұлғаларда. Ал, 29 пайызы ауылшаруашылық кәсіпорындарының, 2,7 пайызы шаруа қожалықтарының үлесінде. Ауданда 34457 бас жылқы, 10981 бас түйе, 40598 бас мүйізді ірі қара, 17 255 бас уақ мал (оның ішінде қой 65716, ешкі 48710) бар. «Агробизнес 2020» бағдарламасы аясында 9 айда 297 млн теңге несиеге 2026 бас мал алынды» дейді біздегі мәліметте.

Сондай-ақ, жыл қорытындысымен Қазалы ауданы облыста өңдеу саласы бойынша «Озат аудан» атанды. Міне, ұйымдастырушылық шеберлік, кәсіби біліктілік, ерен еңбек, берекелі тірліктің жемісі.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: