Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ақын Биболат Сәтжанның жыр жинағы жарық көрді

27.10.2020, 12:30 1061

HALYQLINE.KZ Қазақ өлеңінің ақ отауына айтары бар тағы бір талант келіп қосылды. Ол – жерлесіміз Биболат Сәтжан.

Жақында жас ақынның «Жолқараған» деп аталатын тұңғыш жыр жинағы жарық көрді.

Биболат өлеңдерінен албырттық пен шалқыған шабыттың шырайы көзге ұрады. Алайда жалаң сезім, сырғақ сөз емес, жатық ой, жалынды қуат бар. Таным талғамы ерен, позияға тән парасаттылық пен пайымды тең ұстайды. Бабадан қалған мирас – ұлт тілінің құнарын бойға жиған.

Мін іздесең

Табу оңай, мінсіз кім?!

Мән іздесең, мәнсіз күнім – жырсыз күн.

Сен айтарың жоқ болған соң көпірдің,

Мен айтарым көп болған соң үнсізбін.

***

Тамып түскен шық түстес таң нұрынан,

Жол қараған жанарым талды мына.

Еріп кетер секілді бұл жүрегім,

Келер күздің майбүркек жаңбырында!..

***

Алыс шамға

жарық емес, қараңғы

Шақырады!

Тез кірлесе жағаңның

Бар жазығы – ақ болғаны.

Дегенмен,

Ақтығыңнан ағармайды көлеңкең.

Төрт аяғын тең басып найқалатын осындай шумақтар тылсымына тартып, бигіне көз талдыртып қаратады.

Өткен жылдың күз айында аңыз ақын Әділ Ботпановтың шығармашылығына арналып өткізілген республикалық мүшәйрада Биболат Сәтжан бас бәйге иеленген еді. Осы шараның өтуіне бас болған руханият жанашыры Аманжол Сақыпұлы сол кезде өз есебінен Биболаттың кітабын баспадан шығарып беремін деген болатын. Араға пандемия түсіп, сәл кешіккен кітап бүгін жырсүйер жұртшылыққа жетіп отыр.

Ал, ағайын, елдің үнін, ердің мұңын жоқтаймын деп жол қарап жүрген дарынды жерлесімізге данадай өрлік, даладай кеңдік тілейік.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: