Осы сауал жиі мазалап жүр. Мазаламай ше?! Байқайсыз ба, бізде бірлік азайып бара жатқандай. Бір-бірімізді беттен қағып, жағамызға жармасып, жүндеп, күндеп күнелтіп жүрміз. Желіні ашсаң да, теледидар қосып, газет парақтасаң да, тұнған дау. Анау жақсы, мынау жаман. Біреуді қостау, біреуге біреуді айтақтау. Қарғау, даттау, қаралау. Аласапыран жүріп жатыр әйтеуір. Бір философтың айтқаны бар еді: «Өзіңді және тірлігіңді ақ етіп көрсету үшін өзге біреудің тірлігі мен жеке басын қарала» деген.
Бұрын біз сыр қазағы, қыр қазағы, дала қазағы мен қала қазағы деп бөлінуші ек. Оған южан-северян, шала қазақ, қара қазақ боп бөлінуді қосыңыз. Рушылдықты қойып, жершілдікке кетіп едік бытырап, қазір тіптен кеттік бе деймін бөлініп. Олай деуге де негіз бар. Желіні ашыңыз, зер салыңыз. Бұрын біреу жазба қалдырып, жөнді пікір мен лүпіл жинап отырушы еді, қазір жақтастар мен жауластар жинайды. Баз біреу жазба салады, біреулер оны ұшпаққа шығарады, біреулер жерден көрге тығады. Қоғам сондай ма, адам сондай ма? Әншілерді шегірткелер тобына, биліктегілерді нұрботтардың сапына жатқыздық. Дін ұстанғандарды ақ па, қара ма қарамай салафиттерге, қарғысшыларға, уағызшыларға, ұстаздарға, дүмше молдаларға тағы бөлдік. Желіде сын жазғандарды «диван батырлар», жиында ұйықтаған депутаттарды «ұйқыбас батырлар» деп жібереміз әйтеуір. Қазір қоғам жік-жік емес, жілік-жілік бөлшек. Не жетпейді бізге осы? «Біздің (қазақтың) оңалуымыз оңай болмады және болмайды. Оның себебі бар. Ұлтты күнбағыс деп алайық. Басындағы тұқымдық гүлі – қазақтың оқыған-тоқығаны, халық – сабағы. Оқығандар күн қайда, сонда мойын бұрып, күн нәрін сабаққа беріп отырады. Сабақ гүл арқылы қорек табады. Тамыры – баба тарих. Тамырдан рух алады. Содан собеттік билік халықты аздыру үшін гүлді (Алаш зиялыларын) қиып тастады. Құр сабақ күнге мойын созғанмен нәр алу мүмкіндігі жоқ. Жаңа гүл шығар, ол күнге мойын созып, нәр аламын дегенше біршама уақыт кетер. Сондай-ақ жаңа гүл анда бір, мында бір мойын созады. Күнді табуға да біршама уақыт кетеді» – дегенді бір жерден оқып едім. Сол болып тұр. Әр күнбағыстың гүлі әрқайда тартады. Қашан бірігер екенбіз? Күнбағыстың бар гүлі қашан бір бағытқа қарар екен? Күнбағыс біткен мойын бұрып, бір бағытқа қаратар Күн-Көшбасшы қашан келеді, ол тудырған идея қашан біріктіреді? Идея болды, болмады емес, бірақ идея ұранға айналмады. Қолдан ұран жасап көрдік, ол да біріктірмеді. Бес саусақты біріктірер білек болса, идея – білек. Ал ешкім ренжімесін, тәуелсіздік алғалы туған идеялар білек болмады. Хош, Әлиханнан кейін тұтас тудың астына жиған, ұранды идеямен жүргізген Д.Қонаев еді. Содан бері тұтас ұлтты ұйыстырар көшбасшы таппай келеміз… «Оқыған» («қараңғы» десем талай қандас өкпелейді) қазақ көгіне, өрмелеп шығар күн керек». Әйтпесе, біздікі таза адасу. Мойындайықшы бір…
Дастанбек САДЫҚ,
тәуелсіз журналист
Көрнекі сурет
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!