Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ауылды қолдауға жаңаша бағыт керек

22.10.2020, 9:00 576

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқае­в Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты жолдауын жариялап, елімізді одан әрі дамыту стратегиясымен таныстыр­ды. Жолдауда ауыл шаруашылығын дамыт­пай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігі айтылды. Мемлекет басшысы Үкіметке бизнес өкілдерімен бірлесіп агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа ұлттық жобасы­н әзірлеуді жүктеді. Агроөнеркәсіп кешен­ін дамыту жөніндегі қолданыстағы мемлеке­ттік бағдарлама келесі жылы аяқталады. Ауылдағы өзекті мәселелерді шешуге арналға­н «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыру жалғасын таба береді. Миллиондаған ауыл тұрғындарының жеке қосалқы шаруа­шылық әлеуетін пайдаланып, азық-түлік хабын құру стратегиялық маңызды мәселе екені осы  жолдауда  айтылды.

Жақында Парламент Сенатының депутаты А.Күрішбаев малдың 70 пайызы ауылдық елді мекеннің жеке қосалқы шаруашы­лығында,  елімізде  жайылымдық  жер – 180 миллион гектар, әлемде бесінші орында тұр деген пікір білдірді «Түркіс­тан» газетінде  (№35, 3.09.2020ж). Мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда 6500 ауылда 7 мил­лионға жуық, Қызылорда облысында 264 елді мекенде­ 400 мыңға тарта халық бар. Адамзат тамақ табу үшін егін, мал шаруашылығында еңбек етеді. «Біздің кім болуымыз не жегенімізге байланысты» депті Гиппократ. Ауыл халқы жеке малына, еккен егініне сүйеніп, үй шаруашылығымен айна­лысқан шамамен 70-80 пайыз адамдар тобын құрайды. Өзіміздің туған топырақтан өнді­рілген тамақ өнімі нәрлі, құнарлы сіңімді, дәруменге бай, әрі арзан болады. Осы тамақ өнімін  тұтынған  адамның ағзасы ауруға төзім­ді болып, ұзақ өмір сүреді дейді ғалымдар. Сырт елден импорт арқылы әкелінетін тамақ өнімі генетикалық, мутагендік ауытқу туғызатын технолог­иямен жасалуы мүмкін. Көрші  елдерден азық-түлік импортын азайтып, егін егіп, мал өсіру  қажеттігі  туындайды.

Қызылорда қаласы аумағында жиырма шақы­рым жердегі үш ауыл Қараөзек, Айнакөл, Қараөзек теміржол бекеті Қызылөзек ауылдық округіне қарайды. Ауыл халқы бақша, көкөніс егіп, төрт түлік мал өсіріп, өндірген өнімдерін тауар ретінде нарық жолымен қала халқына сатады.­ Ауылдық округ жерінен Сырдария, Қараөзек өзендері ағып өтеді. Екі өзенде суды бөгеп, бөліп, өлшеп беретін екі плотина салынға­н. Сауранбай, Кілемжайған, Көксу жармалары, Талдыкөл, Жаманкөл, Қарарын көлдер жүйесі бар. Елбасы үлкен қалалардың өз аймағында «Азық-түлік белдеуін» жасауды айтқан­ болатын. Бұл ауылдар – аталған  бел­деуге лайықты өз үлесін қосып, көш бастаушы-локомотив болуға орнықты, сұранып тұрған «оазисті» жер. Шағын және орта кәсіпкерлікті өрістетуге  болады. Келешекте  өзін-өзі асырайтын  орта  тап  өкілдері көбейеді.

Мысалы, Айнакөл ауылында 2015 жылдан бері Сақтап Ағыбаев тамшылатып суару әдісімен картоп егіп жүр. Диқан-кәсіпкер Ағыбаевқа жан-жақты қолдау, көмек берілсе, әр адам тамшылатып суару технологиясына қызығушы­лық танытса, меңгеріп, үйренсе дейміз. Сауранбай арнасының сағасы тазаланып, жұрт риза болды. Енді арнаның  аяқ  жағы  тазаланса, аяқсу мәселесі шешілер еді. Кілемжайған арнасы арқылы да су алуға болады­. Суды «ақылды» жолмен пайдалану ретін­де су  тоспалары (шлюз) жөнделіп, жаңа­дан­  салынғаны  жөн.

Қазақ – ауылға кіндігімен байланған халық. Ауылды түлету – ортақ игілік. Биылғы жол­даудан кейінгі айтылған ауылдың болашағына қызмет етпек болған ұсыныс, пікір-пайым ескеріл­се, іс-қимыл кезеңі қарқындап, басшылыққа  алынса  екен.

Машрап  БАЛПАНОВ,

зейнеткер-агроном,

Қызылорда қаласы,

Айнакөл ауылы

Н.Нұржаубай (сурет)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: