Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Өлікпен» тілдескен…

19.10.2020, 9:05 559

Әзіл-шыны  аралас

HALYQLINE.KZ Менің Жандос деген досым бар. Кластасым, досым әрі жездем. Келіншегі – Құрманай руының қызы. Біздің шыққан тегіміз Құттық пен Құрманай бір-біріне туыс саналатындықтан, әйелі (кластағы ең жасы кішісі мен едім) менің бауырым болады. Жәкең – достыққа адал, сөзіне мығым, әсіресе, алыс сапарға бірге шығуға таптырмайтын мықты серік… Десе де, мына жайтты ескерте кетейін…

Досым қазақы қалжыңның түбін түсіреді. Ой, сабаз-ай! Көзіңе тура қарап тұрып, әңгімені соққанда бетінің бір талшық жүйке тамыры бүлк етпейді. Тек алданып, жұртқа күлкі болып жүрмеңіз. Өзге түгел, 40 жыл отасқан жұбайының өзі «шын айтып тұрсың ба, әлде әзілің бе ?» деп қайта-қайта қиылып, сұрап алады. Ал Жәкең болса… қою қара мұртын (қазір ақ бурыл тартқан) бір бүлк еткізіп, жымиып алып, әңгімесін жалғасыра береді…

Шаруашылық алаңында (хоздвор) қойма меңгерушісі болып жұмыс істеп жүргенімде Жандос бізге көршілес ПМК мекемесінде өзі аударатын ЗИЛ маркалы (самосвал) жүк көлігін жүргізді. Хоздворға түрлі заттар, әсіресе құрама жем вагонмен үсті-үстіне келіп жатады. ПМК басшыларымен аралас-құраластығымды пайдаланып, Жандосты машинасымен жиі-жиі сұрап аламын. Адаммен тез тіл табысатын досым біздің шағын ұжымның да өз мүшесіндей болып кетті. Сол тұста менің қызметтік жүк көлігімді жүргізетін Талғат бізбен құрдас болса, жүк тиеуге арналған трактордың (погрузчик) жүргізушісі Саматтың жасы сәл үлкендеу еді. Ауылда өскен Самат ағамыз бауырмал, сөзге иланғыш адам. Бірнеше жылдан кейін Талғат жеке кәсіппен айналысып, өз арызымен жұмыстан шықты. Алайда сыйластығымыз әлі күнге жалғасып келеді.

Сонымен… Жұмыс арасындағы үзілісте өткен-кеткенді айтып, шүйіркелесіп тұрғанбыз. Сөз арасында Самат Жандостан Талғаттың қайда екенін, нендей кәсіппен шұғылданып жүргенін сұрады. Жәкең болса, Талғаттың Байқоңырға қыдырып барғанда жүрегі қысылып, қайтыс болғанын, дәрігерлердің ажалға араша түсе алмағанын мұңды үнмен жеткізіп, бетін сипады.

Дауысы тым аянышты естілді. Самат бастап, қалғандарымыз қоштап дегендей… бәріміз де алақанымызды жайдық. Ақкөңіл Сәкең өксігін зорға тежеп, көзі жасаурап, жұтына береді.

Арада біршама ай өтті. Бір күні қабағын түйіп алған Самат Жандостың жанына жетіп келіп, ұлы айғайға бассын. Не болғанын түсінбеген біздер аң-таң қалдық… Жандос мұртының астынан жымия қарап, сасар емес. Досымның мінезіне қанық мен әлдеқандай қызық жайттың болғанын түсіне қойдым. Сәкең қашанғы бұрқылдасын, сәлден соң сабасына түсті.

Бақсақ… Самат өрістен қайтқан малын күтіп алмақ ниетпен есігінің алдына шығады. Күн қызарып, ұясына батып бара жатқан мезіл екен. Ауылда өскендіктен бар зейіні көшедегі малға ауып тұрған Сәкең өзін әлдекімнің иығынан түрткенін сезіп, артына бұрылады. Әй, сол қарамағаны да дұрыс еді. Астапыралла! Дәл жанында тура жерден шыққандай болып, Талғат тұр…

Біссімілла! Біссімілла! Біссімілла!

Үн-түнсіз, ыржия күлген Талғат қос қолын ұсынып, сәлемдескісі келген сыңай танытады. Шошынып, бір қадам артқа секіріп түскен Самат білген дұғасын шұбырта жөнеледі. Осы кезде өлікке тіл бітіп, қолын алмағынына ренішін білдіреді. Саматтың онан сайын зәресі ұшады. Қашқақтаған қалпы, жерден талдың сынған бұтағын алып, алдында тұрған беймәлім денені түртіп байқайды.

Енді Талғат ашуға мінеді… Біршама уақыт жұмыстас болған ағасының өзін жылдам ұмытқанына кейістік білдіріпті. Әй, тәуекел! Самат Талғаттың жанына бір-екі басып, жақындап барып, қолын, білегін ұстап көреді. Аруаққа емес, адамға ұқсайтын сияқты ма, қалай?! Бірақ… өлген адам неге мұны іздеп келген?! Ақыры екеуі зорға түсініседі. Оқиғаның анық-қанығын естігенде Талғат Жандос құрдасын әдемілеп тұрып, бір сыбайды. Саматтың ашуының сыры осы екен…

Досымның мұнан өзге де қызықтары бар. Аманшылық болса, тағы да айтып берермін. Алла күлкіден айырмасын!

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: