Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Күйе

14.10.2020, 9:10 2121

HALYQLINE.KZ

 (мысал)

Ошақ үстіндегі қара қазанда сиырдың сүті бабымен пісіп жатыр. Майлы сүттен дәмесі бар сары мысық пештің түбінде мияулап шоқиып отыр.

Сүт:

– Сүттен артық не бар? Барлық тағамдар менен жасалады, – деп, қуанышын жария етті.

Мысық:

– Мияу, айран, қаймақ, құрт, ірімшік бәрі сенен жасалады. Айтпақшы, уызды айтсайшы, мияу…

Сүт:

– Бір өзімнен осыншама тағам әзірленеді екен, – деп, сүт таңданып қояды.

Сүттің мына сөзін қазанның қара күйесі естіп, оған да тіл бітті. Иә, кәдімгі қара күйе.

Күйе:

– Ойпырмай, Сүтеке, біз де қазір сұранысқа иеміз. Күйе деген атымыздан ел үркеді.

– Мияу, қара күйе кімге керек? – деді мысық

– Керек болғанда қандай, біз дефицит бола бастадық. Қазір қоғамда ақ адамға қара күйе жағу мода болып тұр.

Бұл әңгімеге оттың үстінде тұрған Қазан қосылды.

– Мен болмасам күйе қайдан пайда болады? – деп, Қазан қайнай бастады.

– Күйе менен шығады, – деді, От қызуын күшейтіп.

Сөйтіп, бұлар сөзге таласап жатқанда қазандағы сүт тасып, жерге төгілді. Мысық тегін сүтке ұмтыла бергенде қара Күйе бұрқ ете қалды. Сары мысық қара мысыққа айналды. Тап осы сәтте күйген сүттің иісін сезіп үй иесі жүгіріп келді.

– Оңбаған арам мысық, сен қазандағы сүтті төгіп тастадың, – деп, таяқтың астына алып үйден қуып шықты. Жазығы жоқ мысық жазаланды.

– Міне, менің қоғамдағы қызметім осы, – деп, мақтанды қара Күйе

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

сатирик,

Ақтөбе  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: