Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Провизорлық стационарлар кезекпен жабылуда

03.08.2020, 18:10 459

HALYQLINE.KZ

Қызылордада эпидемиологиялық ахуалға байланысты Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің №5 жатақханасынан ашылған 360 төсек орынға арналған провизорлық стационары жабылды. Одан бөлек 60 төсек орынға арналған облыстық тері-венерология диспансері мен 40 төсек орынға арналған Қызылорда теміржол ауруханасының провизорлық стационары 1 тамыздан бастап өз жұмысын токтатып, 3 тамыздан бастап қалыпты жұмыстарына көшті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Бексейітұлы мәлімдеді.

 – Бүгінгі ахуалға тоқталар болсақ, аймағымызда коронавирус инфекциясымен тіркелген науқастар саны – 3026. Оның ішінде 1789-ы – Қызылорда қаласынан, 103-і – Арал ауданынан, 99-ы – Қазалы ауданынан, 126-сы – Қармақшы ауданынан, 109-ы – Жалағаш ауданынан, 174-і – Сырдария ауданынан, 277-і – Шиелі ауданынан және 349-ы Жаңақорған ауданынан тіркеліп отыр. 2 тамыз бойынша коронавирус инфекциясымен 7 жағдай тіркелді. Жалпы емделіп шыққандар саны – 2118, бұл жазылғандар қатарының 70 пайызын құрайды, – деді аймақтың бас дәрігері.

Сонымен қатар, бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдары, яғни емханалар жоспарлы жұмыстарын бастады. Яғни, бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету деңгейінде уақытша тоқтатылған:

 – Скринингтік тексерулер (скринингтік тексерулердің барлық түрі);

 – Профилактикалық тексерулер науқастардың профилактикалық мақсатта емханаға келуі (жұмысқа және оқуға баратындардан басқалары);

 – Жоспарлы стоматологиялық қызмет (жоспарлы стоматологиялық қызметтердің барлық түрі);

 – Оқушылардың денсаулығын қорғау қызметтері (мектеп медицинасы), медициналық оңалту ІІІ сатысы (амбулаторлы жағдайда көрсетілетін реабилитация);

 – Салауатты өмір салтын ұстану бойынша шаралар (СӨСҚ кабинеттерінің жұмысы;

 – Денсаулық мектептерінің жұмысы) және психологиялық көмек көрсету қызметтері өз жұмыстарын жалғастыратын болады.

5 тамыздан бастап облыстық фтизиопульмонология орталығының 120 төсек орынға арналған инфекциялық стационары жабылып, 100 орынға арналған провизорлық стационар болып қайта бейіндендірілетін болады. Ал 10 тамыздан бастап көпбейінді қалалық аурухананың 210 орынға арналған провизорлық стационары жабылып, залалсыздандыру жұмыстары жүргізілгеннен кейін шұғыл және жоспарлы емдеу жұмыстарын бұрынғы қалпында жалғастыратын болады. Өңірімізде бүгінде инфекциялық стационарда 163 науқас, провизорлық стационарда 403 азамат ем алуда. Қазіргі таңдағы жүктеме инфекциялық стационарда 25,2 пайызды және провизорлық стационарда 22,9 пайызды құрайды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: