Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Саналы отбасы – жауапты қоғамның негізі

19.11.2026, 15:55 56

HALYQLINE.KZ

Қызылордада жастарды отбасылық өмірге саналы түрде дайындауға бағытталған «Сенің болашағың» жобасы аясында серіктестік меморандумына қол қойылды.

Қоғамның дамуы оның әрбір мүшесінің жауапкершілігі мен азаматтық санасынан басталады. Ал жауапты азаматтың қалыптасуында отбасының орны ерекше. Себебі отбасында алған тәрбие, қалыптасқан қарым-қатынас мәдениеті мен жауапкершілік сезімі адамның қоғамдағы ұстанымына тікелей ықпал етеді.

Осы ұстанымды басшылыққа алған «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалы өңірде «Сенің болашағың» отбасын жоспарлау мектебі жобасын жүзеге асыруға кірісті. Жобаның серіктестерін біріктірген маңызды кездесу барысында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

Басқосуға «Сенімен Болашақ» РҚБ төрағасы Гүлшат Бақыткелдіқызы Серікбекова арнайы қатысып, бастаманың өңірде жүзеге асуына қолдау білдірді. Сонымен қатар серіктес ұйымдар атынан «Анаға тағзым» орталығы КММ басшысы Алтынай Молжанова, орталық директорының отбасы және креативті индустрия жөніндегі орынбасары Жасұлан Нұрланбекұлы және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыстық филиалы директорының орынбасары Жанар Ахетова қатысты.

Отбасы – азаматтық жауапкершіліктің алғашқы мектебі

«Сенімен Болашақ» РҚБ қызметінің негізгі миссиясы – азаматтық жауапкершілікті арттыру, азаматтық қоғам белсенділерінің бастамаларын қолдау, қоғамның болашақ ұрпақ тәрбиесіндегі ортақ жауапкершілігін күшейту, азаматтық сананы дамыту. Осы миссия аясында «Сенің болашағың» жобасы маңызды бағыттардың бірі саналады. Өйткені жауапкершілікті азамат болу ең алдымен адамның өз өміріне, отбасына, балаларына және қоғамға деген саналы көзқарасынан басталады.

Жобаның басты мақсаты – жастарға отбасы құрудың мәнін түсіндірумен қатар, оларды отбасылық өмірге психологиялық, әлеуметтік және тұлғалық тұрғыдан дайындау. Болашақ ерлі-зайыптылардың өзара түсіністік орнатуына, бір-бірінің пікірін құрметтеуіне, ортақ шешім қабылдауына және бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауына ықпал ету.

Жоба аясында жастар отбасылық қарым-қатынас мәдениеті, өзара сенім, эмоциялық сауаттылық, жауапты ата-ана болу және отбасындағы міндеттерді бөлісу секілді маңызды тақырыптар бойынша білім алып, мамандармен тәжірибе алмасады.

Бастаманың тағы бір ерекшелігі – мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың күшін ортақ мақсатқа жұмылдыруы. Мұндай серіктестік жастарға жан-жақты қолдау көрсетуге және отбасы институтын нығайту бағытындағы жұмысты жүйелі жүргізуге мүмкіндік береді.

Бүгінгі саналы таңдау – ертеңгі қоғамның келбеті

Отбасындағы жауапкершілік мәдениеті қоғамдағы жауапкершіліктің қалыптасуына негіз болады. Өз отбасындағы міндетін түсінетін, баласының тәрбиесіне бейжай қарамайтын, өзгенің құқығы мен пікірін құрметтейтін азамат – саналы қоғамның белсенді мүшесі.

Сондықтан «Сенің болашағың» жобасы тек отбасын жоспарлау немесе некеге дайындық мәселесімен шектелмейді. Бұл – жастардың өмірлік ұстанымын қалыптастыруға, азаматтық жауапкершілігін арттыруға және қоғамның болашағына бейжай қарамайтын саналы ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған бастама.

Өйткені саналы қоғам өздігінен қалыптаспайды. Ол әр адамның өзінен, отбасынан және күнделікті өмірдегі жауапты таңдауынан басталады.

Сенімен Болашақ – саналы ұрпақ пен жауапты қоғам қалыптастыру жолындағы ортақ қадам!

Сенімен Болашақ РҚБ Қызылорда облыстық филиалы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: