Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мәслихаттар мәртебесі мықты болсын десек…

19.11.2026, 7:00 22

Әміржан  ҚОСАН,

арнайы   «Халық»  газеті  үшін

Жер-жерде жергілікті мәслихаттар сайлауы  өтіп  жатыр.

Шынын айтсақ, алуан пікірлі қоғамда бұл науқанға көзқарас екі түрлі.

Бір қауым бұл сайлауға сенімсіздікпен қарайды, аузы күйген үріп ішеді демекші, олар – «жоғарыда барлық тізім бекітіліп қойған, билікке керек адамдар ғана сайланады, әкімдерге жақпағандар, соның ішінде, басқарушы органдарға сын айтып жүрген  белсенділер  өтпейді»  деушілер.

Екінші қауым бұл сайлауды өздерінің конституциялық құқын жүзеге асырудың бір мүмкіндігі деп санап, науқанға белсенді түрде  ат  салысып  жатыр.

Меніңше, ақиқат осы, бір-біріне кере­ғар екі пікірдің дәл ортасында.

Иә, өкініштісі сол, сайлау туралы заңнама таза демократиялық талаптарға әлі де толыққанды һәм толықмәнді сай емес  екені  рас.

Алайда уақыт өте қоғам да, билік те өзге­рер, заңнамадағы олқылықтар да түзе­ле жатар, өйткені президент То­қаев жария­лаған «еститін мемлекет», «алуан түрлі пікір – біртұтас ұлт» қағидаттары сөз жүзінде қалмауы тиіс. Ал мәслихаттар сайлауы – дәл осы ұстанымдарды өміршең етуге  тиіс  науқан.

Себебі дәл осы кезеңде қоғам нақ осы сайлау арқылы өз қатарынан ұлтшыл, мемлекетшіл, іскер, белсенді, креативті, мемлекеттік басқару ісіне жаңа идеялар әкеле алатын кадрларды өз арасынан шығара алады. Сол себепті бұл мүмкіндіктен айырылып  қалмауымыз  керек  деп  санаймын!

Бүгінгі сайлаушы – көкірегі ояу, көзі ашық қауым, олардың әділетсіздік пен бұрмалаушылыққа жаны қарсы. Сол себепті жергілікті жердегі шенділер осы сайлау барысында белден басып, қарақтық жасап жатса, оның арты саяси салдарға ұласып кетуі  әбден  мүмкін.

Оның үстіне, мәслихат сайлауының өзіндік «жанрлық» ерекшеліктері бар емес пе?

Яғни, бүкіл науқан елдің көз алдында өтеді, республикалық деңгейдегі сайлауларда сайлаушылар кандидаттарды көбіне телеэкраннан көріп жатса, мәслихат мандатынан үміткерлер сол өңірде өмір сүріп жатыр, сондағы ағайынның көз алдында, жұртпен етене араласып, күнделікті кездесіп жүрген тұлғалар емес пе? Олардың азаматтық ұстанымы, ел басқарудағы тәжірибесі мен әлеуеті, адамгершілік қасиеттері (немесе олардың аздығы не жоқтығы!) бұрыннан елге аян. Сол себепті сайлаушыларға дұрыс таңдау жасау да аса қиындық  туғызбайды.

Және де нақты округтерде сайлауалды жұмысты ұйымдастыру, сондағы белсенді азаматтардың басын қосып, дауыс беру мен оны санау үдерісіне (бүгінгі сайлаудың ең осал тұсы осы емес пе?!) қатаң бақылау жасау  үшін де  мүмкіндіктер  баршылық.

Әрине, сын, балама пікір айтқандар билік басындағыларға аса жаға бермейтіні тағы бар.

Олай болса, әңгіме түбі тереңде: бола­шақ мәслихат атқарушы биліктің айт­қанынан шыға алмайтын дәрменсіз орган, оның жұмсауындағы қолбала боп қала ма әлде шын мәнінде жергілікті халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізе алатын, пәрменді  күшке  айнала  ма?

Бұл жерде мен  атқарушы билік (әкім­діктер) мен өкілетті орган (мәслихаттарды) бір-біріне қарсы қоюдан аулақпын, бізге қолдан жасалған қарама-қарсылық қажет емес, оның үстіне, қазіргі дүдәмал шақта билік тармақтарының мемлекет, ұлт мүддесі­нің жолында бір-бірімен шынайы әріптес болып, қызмет атқарғаны ауадай керек.

Десек те, мәслихаттардың бақылау функциясын ешкім де жоққа шығармауы тиіс!

Меніңше, қалыптасқан жағдайда мәслихаттардың беделді күшке айналуына, ең алдымен, орталық органдар мүдделі болуы тиіс. Қарға қарғаның көзін шұқымайды, жоғары жақтағы шенділер аймақтағы шенділерге дұрыс бақылау жасай алмайды, олар тонның ішкі бауындай араласып, ымы-жымы бір болып, жемқорлыққа  салы­нып жатса, не істейміз? Оны болдыр­маудың жалғыз ғана жолы бар: ол – қоғамдық бақылау, оған дәл осы Парламент пен мәслихаттар,  тәуелсіз  БАҚ  кіреді!

Кешегі «Самұрық-Қазынадағы» сұмдық жемқорлықтың әшкереленуі жергі­лікті билік органдарына да сабақ болуы тиіс: ұлттық компанияның топ-менеджерлері­нің  қимыл-әрекеттеріне қоғам тарапы­нан  тиісті  бақылау  болмаған!

Мәслихаттар болса, жергілікті шенеу­ніктердің күнделікті қызметін жіті қадағалауға міндетті сайланбалы орган емес пе? Міне, атқарушы билікке қоғам тарапынан жүргізілуі тиіс бақылаудың тиімді, нәтижелі болуы не болмауы осы мәслихаттардың мәртебесіне, олардың құрамында шыншыл, қоғамға жанашыр, адал азаматтардың  болуы  не  болмауына  тікелей  байланысты  деп  санаймын.

Олай болса, іске сәт, халық мүддесін қорғауды  мақсат  еткен  кандидаттар!

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: